«Мақсат – экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру»
Елдің алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылаған Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы уақытта басымдық беретін 8 бағыт айқындалды. Оны нақтылап берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. Сөйтіп, қазіргідей күрделі әрі қиын кезеңде Президент және бір мәрте Үкіметтің бағытын белгіледі. Ең алдымен, жалғасқан пандемия кезіндегі дамуға тоқталды Мемлекет басшысы. «Басты мақсат – экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Екпе салуда науқаншылдыққа жол жоқ
– Бүгін біз бірінші жартыжылдықтың қорытындыларын талқылаймыз. Сондай-ақ, алдымызда тұрған негізгі міндеттерді айқындаймыз. Басты мақсат – экономиканы өркендету және халықтың әл-ауқатын арттыру. Індетке және шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл – қуантарлық жайт.
Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек, – деді Президент.
Бұдан соң маңызды мәселелер назарға ұсынылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы бір жарым жылдан бері індеттің жаһандық ілгерілеуді тежеп келе жатқанын, ал, коронавирустың жаңа штамдарының шығуы індеттің өмірімізде дендеп енуінің көрсеткіші екенін атады. Қоғамның бұған бейімделіп, мұндай жағдайларда өмір сүруді үйрену қажеттігі – уақыттың талабы. Індет таралған ірі ошақтарды азайту және денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсуіне жол бермеу – міндет.
– Күрделі жағдайлар мен өлімжітімді азайту, ауыр халдегі науқастарды емдеуге баса мән беру керек. Коронавирусқа қарсы күресте өзгеше әдістерді пайдалану тек медициналық аспектілерге ғана емес, бизнестегі шектеу шараларына да қатысты. Мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, Ashyq жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану қажет. Шағын және орта бизнес қызметкерлерін вакциналау мерзімін науқаншылыққа ұрындырмай, шынайы жүргізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент вакциналауға қатысты жалған құжаттар жасау деректеріне назар аударып, оның қоғам үшін өте қауіпті жағдай екенін ескертті. Құқық қорғау органдары осы мәселеге ден қоюы тиіс. Азаматтар өз және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек.
Дәстүрлі оқу форматы оралады
Мемлекет басшысы пандемияның білім сапасына кері әсерін тигізгенін де атады. Сондықтан, өткен оқу жылындағы жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек.
– Мұның бірден-бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай емес екенін түсінемін. Сол себепті, оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Азық-түлік бағасының қымбаттауы – өзекті проблема
Азық-түлік бағасының қымбаттауы аса өзекті проблемаға айналды. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді.
– Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азықтүлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын – өте әділ. Өндірістік шығындардан бөлек, маусымдық қымбатшылық пен делдалдық әрекеттердің ашық болмауы – баға белгілеуде негізгі факторлары. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек, оны реттеуге де болады деген сөз. Аталған мәселені шешудің жолы – келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылым қалыптастыру. Көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жөнінде бірнеше рет тапсырма берілді. Бірақ, жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің көптеген бағдарламаларымыздан қаржы бөліңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау және жаңа әрі тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды.
«Министр отставкаға кеткені дұрыс»
Мемлекет басшысы шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етуді тағы бір алаңдатып отырған мәселе ретінде атап өтті. Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде 3 мыңға жуық мал қырылып қалған.
– Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан, фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен, бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан, осы салаға бірденбір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін, – деді Президент.
Жиын барысында Үкімет пен әкімдерге «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Ауыл ахуалы – назарда
Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты әрі номиналды табысының өсімі азайып, табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейтінін айтты. Президент зейнетақы, жәрдемақы және стипендия сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып бара жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс.
– Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес – ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есеге артты, мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Akorda.kz сайтының дерегі бойынша дайындаған Қызғалдақ АЙТЖАН.