Бас тақырыпМәселе

Мәселе ашық айтылған жиын

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Өңірлік мерзімді басылымдар форумы аймақ басылымдары өкілдерінің басын Астанада қосты. Қаузалған ортақ тақырып оқырмандардың азаюы, газеттердің жекеменшікке өтуі, тіпті, жабылып қалуы, газет таратудағы қиындықтар, қаржыландыру және техникалық жаңарту, газеттегі жарнама және заманауи контентке көшіру сияқты мәселелер болды. Әрі осынша көкейкесті мәселелерді форумға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің алдында айту мүмкіндігі туды.

Суреттер: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

«Баспасөз бөлінбеуі қажет»

Форум модераторы Ақпараттық даму комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов бірінші пленарлық отырысты ашып, алғашқы сөз кезегін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің директоры Дихан Қамзабекұлына берді. Спикер ақпараттық саясаттағы өңірлік газеттердің роліне тоқталды.

– Баспасөз бөлінбеуі қажет. Орталық, жекеменшік, өңірлік деп. Ақпарат бәріне ортақ. Халық әлі баспасөзді қадірлейді. Алайда, қазіргі таңда олардың әлеуеті төмендеп барады. Қоғам мен билік арасында алшақтық бар. Осы бағытта өңірлік БАҚ-тың маңызын арттыру мақсатында министр тарапынан бірнеше міндеттемелер қойылды, – деген Дихан Қамзабекұлы газетті кімдер оқып жатыр деген сауалға үңілді.

– Газетті іздеп оқитын адамдар жетеді. Физикада «критическая масса» деген түсінік бар. 100-дің 10 пайызы. Қандай да бір идеяны не құбылысты ұстап тұратын адамдар үлесі. Газет сол 10 пайыз үшін қызмет ете беруі керек. Ол үшін сын мен бақылау болуы керек, – деді.

Бізше, бақылау жазылатын дүниеге емес, жарық көрген дүниеге жасалуы керек. Жазылған сынға тиісті тараптың уақытылы жауабы, былайша айтқанда, реакциясы қажет. Тіпті, міндет деуге болар. «Судың да сұрауы бар». Жауап арада кері байланысты орнатады, көтерілген мәселенің шешілетінін, я шешілмейтінін білдіреді. Бізде де «Облыс әкімінің назарына», «Дат», «Дабыл» сынды айдарлармен шығып жатады материалдар. Алайда, жауап келетіні сирек.

«Электронды БАҚ алдыңғы орынға шығуы тиіс»

Газеттердегі жарнама мен монетизация тақырыбын қаузаған «Айқын-Литер» директоры Ысқақ Егембердиев те газеттер мемлекеттік тапсырыс аясынан шығуы керек деп санайды.

– Электронды БАҚ алдыңғы орынға шығуы тиіс. Басылымдар жарнамамен жұмыс жасамайды. Газеттерді шығаратын қағаз қазір қымбаттаған. Бірақ, біз газетті қымбаттата алмаймыз. Себебі, оқырман саны азайып кетеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей берсек, жалақы өсіре алмаймыз. Сәйкесінше, жұмыс та тежеледі. Жарнамаға арнайы бет бөліп, өңірлік компаниялармен жұмыс жасасақ, үлкен табыс табуға болады. Қазан қайда қайнаса, сонда баруымыз керек, – деген ол өзі басшылық ететін басылым мен сайттың жарнама тарту жұмысына тоқталды. Тапқан табысын да жасырмады…

– Бүгінде басылымдардың жаңалық тартуда кейін қалғаны анық. Сондықтан, газеттер сараптамалық, талдамалық, танымдық бағытта жұмыс жасауы қажет деп ойлаймын, – деді.

Әлеуметтік желілерде белсенді емес редакцияларға шыққан мақалаларды желіде «рекомендацияға» шығару, трафик сату, лонгрид, кросс-медиа әдістерін пайдалануға кеңес берді.

Қалалық, аудандық газеттердің өкілдері өңірлерде жарнамамен табыс табу мүмкін еместігін айтты. Жарнама ірі мегаполистерде табыс әкелетін шығар. Алайда, барлық басылым бұл мүмкіндікті толығымен пайдалана алмайды. Олар не істейді? Спикерлер «кету керек» деп отырған мемлекеттік тапсырыстан айырыла алмайды. Тіпті, «газетке мәжбүрлеп жаздыру қажет» деген де пікір айтылды. Бірақ, қазіргі жаңа қоғамда ол тәсілден арылу керектігі де ескерілді.

National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақтың журналды әзірлеу, журналистік зерттеу, суреттер мен инфографика туралы ойлары жиынды жандандыра түсті.

«Алдымызда маңызды міндеттер тұр»

Төртінші билік өкілдерінің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсаты «Масс-медиа туралы» Заңға жүктеліп отыр. Жиынға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов аталған заңды қабылдау биылға жоспарланғанын жеткізді. Ол ақпараттық технологияның қарқынды дамып жатқан кезеңінде БАҚ-тың әлеуетін қалай көтеру керектігін, ақпараттық саясат пен азаматтық қоғам бағытын жеткізуде өңірлік мерзімді басылымдардың орнына тоқталды. Әсіресе, әлеуметтік желі, интернеттің өзге ресурстарында жалған ақпараттың көп кездесетінін, ал осы тұрғыда мерзімді басылымдар шынайы ақпараттарды жариялау қажеттігін баса айтты.

– Алдымызда маңызды міндеттер тұр. 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олардың саны 5 мыңнан асқан. Оның 70%-ға жуығы – баспа басылымдары. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен болашағының зор екендігіне тағы бір дәлел. Отандық медианың әлеуетін бұдан да арттыру үшін алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғам мен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы мәселелерді шешу бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Бүгінгі жиын мақсаты да – осы, – деді Алтай Көлгінов.

Бұл бағыттағы жұмыстар жайында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі баяндады.

– Цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатын күнге жеттік. Соның салдарынан көптеген басылымдар өз жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Таралымның азаюы, басылымдардың жабылуы бізді ғана емес, бүкіл әлемді мазалап отырған күрмеулі түйін. Мысалы, АҚШ-та 2005 жылдан бері 2 500-ден астам газет, ал Ұлыбританияда 265 газет жабылған. Көршілес Ресейде соңғы он жылда газеттер мен журналдардың саны 40 пайызға төмендеген, – деген министр бұл мәселелерді шешу үшін қолға алынған шараларға тоқталды.

Басылымдарды тарату төңірегінде түйткілді түйіндер бар. Министрлік пен «Қазпошта» АҚ арасында баспа басылымдарын уақытылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойылды. Бұл ретте жаңа заң аясында басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау мәселесінің қарастырылып жатқанын айтқан абзал.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назарда болуы керек. Сондықтан, елдің шекаралас аудандарында отандық радиохабарлармен қамтуды кеңейту жұмысы күшейтіледі.

Өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн.

«Ұрпақ сабақтастығы керек»

Шалғай аймақтардағы басылымдардың жас журналистерін үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасуға тиіс.

– Редакторлардың редакторы, баспасөздің баһадүрі атанған Шерхан Мұртаза «Бас редактор – қоғамның бас дәрігері» дегені баршаңызға белгілі. Ұрпақ сабақтастығы керек. Қазақстанның әр қиырында қажырлы қызмет етіп, «ауданды жұртымыз, алқалы еліміздің» өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып жүрген әріптестеріміздің еңбегі орасан. Олар ордалы отыз жыл ішінде заманның қыспағына қажымай, газетті сақтау үшін жанқиярлықпен қызмет етіп келеді. Бұл – кәсібіне адалдықтың айқын дәлелі, – деді Дархан Қыдырәлі.

Форумда қозғалған өзекті мәселелердің бірі – аймақтық басылымдардың сайттарын дамыту мәселесі. Өйткені, форумда айтылғандай, газеттердің 90 пайызы деуге тұрады, сайттарына мән бермей отыр. Кейбір редакциялар сайт ұстағанымен арнайы редакция құруды басы артық шығын көреді. Мәселен, кейбір басылымдар газетке шыққан материалды ғана берумен шектеледі. Немесе республикалық, аймақтық мекемелердің порталдарына шыққан жазбаны көшіріп басумен шектеледі. Сәйкесінше, баршаға мәлім ақпарат болғандықтан көрсетілім де көп жинамайды. «Қазконтент» өкілі Ұлан Әбішев сайттардың әлеуетіне қатысты тоқталғанда газеттер мемлекеттік тапсырысқа иек артпай-ақ электронды нұсқа күшімен күн көре алады. Яғни, бұларға жарнама орнату, тікелей жарнама тарту, қызықты мазмұн арқылы рейтингін көтеру, өзге агенттіктердің әріптестігімен жарнама әкелуге жол ашса, сайттар өзін-өзі қаржыландыратын әлеуетке толық ие. Жұмысты тиімді деңгейде жолға қойса, газетті асырауға қауқарлы.

Балаларға арналған контентті жандандыру мәселесі де осы форумда қозғалған өзекті тақырыптар қатарынан болды. Баяндама жасаған журналист Серікбол Хасанның айтуынша, қазіргі қоғамдағы басты проблема – дүкендерде қазақтілді қажеттілікті ашатын дүниені табу өте қиын. Сөрелерден іздесеңіз, орыс тіліндегі кітаптар, журналдар көп болғанымен, мемлекеттік тілдегі кітаптар қарасы шамалы. Ал, дәл сол уақытта қазақтілді газет-журналдар қиындық көріп отыр – таралымы құлдыраған. Бұл жерде айтылған ой – балаларды қызықтыратын тақырыптарды қозғау. Мәселен, басылымда, комикс жанрын дамыту, балаларды қызықтыратын тақырыптарға қарай ойысу. Балалар шығармашылығын өркендету арқылы басылымдардың өзектілігін көтеру туралы пікір айтылды.

Дәстүрлі форумға айналады

Екі күнге жалғасқан жиынды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі түйіндеді. Министр аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетілетінін тағы бір мәрте айтып өтті. Мемлекеттік сатып алу ережесін пысықтау, аймақтық басылымдардың мүмкіндігі мен әлеуетін ескере отырып ережені қайта жасақтап шығу, енді қабылданатын «Масс-медиа туралы» Заңның кейбір тұстарын қарау, бұл заңға қатысты көпшіліктің пікірін ескеру және алғаш рет ұйымдастырылған форумды алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп тұру керектігін мәлімдеді. Яғни, мұғалімдердің тамыз конференциясы сияқты ұйымдастыру қажеттігін айтты. Биылғы форумға мемлекет қазынасынан соқыр тиын жұмсалған жоқ. Келешекте де осы жолдан таймау қажеттігі хабарланды.

Тағы атап өтер тұс, ендігі форумдарды елорда төңірегінде емес, өңірлерде, шалғай жерлерде өткізуге күш салу керектігі жиындағы ұсыныстар тізбегінен болды. Мәселен, облыстарда құрылған медиахолдингтер бұл шаруаға ынталы екені айтылды. Сол арқылы аймақтардағы журналистер тәжірибе алмасып, жергілікті жердегі журналистиканың артықшылықтары мен кемшіліктерін түйсінуге кеңінен мүмкіндік туады. Бұл ұсынысқа Дархан Қыдырәлі қолдау білдіріп, бәлкім, келесі жылы форум Қызылордадағы «Сыр-медиа» ЖШС базасында өткізілсе деген ұсынысын ортаға салды. Әрине, алдағы уақытта талқылау жұмыстары орындалған соң, өтетін орын анықталады. Бір анығы, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының форумы дәстүрге айналады. Әлбетте, өңірлердегі қалам ұстаған қауымға мұндай кеңес керек.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button