Мемлекет басшысы өндірістегі ЖИ міндеттерін айқындаудың жаңа жүйесін әзірлеуді тапсырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ұлттық компаниялар және жеке бизнеспен бірлесіп, өнеркәсіптегі жасанды интеллектіге қатысты өзекті міндеттерді анықтап, оларды тұрақты түрде жаңартып отыратын жүйе әзірлеуді тапсырды.

– Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтағаны жөн. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өндірістегі цифрландыру жекелеген операцияларды автоматтандырумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорындар бүкіл өндірістік тізбекті қайта қарап, жасанды интеллект арқылы тиімділікті арттыруға болатын бағыттарды анықтауы қажет.
Сонымен қатар Президент қолданбалы ғылымды күшейтіп, Qazaq AI Research University мен басқа да ғылыми ұйымдардың зерттеулерін өндірістің нақты қажеттіліктерімен байланыстыруды тапсырды. Жасанды интеллект саласындағы міндеттерді өндірістің өзінде жұмыс істейтін инженерлер, технологтар мен операторлардың тәжірибесіне сүйене отырып анықтау қажеттігін айтты.

Президент өндірістік Deep-Tech жобаларды қолдап, технологиялық командалар мен стартаптарды нақты өндірістік міндеттерді шешуге тартудың маңызын атап өтті. Ол табысты пилоттық жобаларды қайта-қайта сынақтан өткізбей, оларды тез коммерцияландыру және тиімді шешімдерді басқа кәсіпорындарға кеңінен енгізу тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



