Мүмкіндікті мүлт жібермеу керек
Химия – күрделі пән екендігі бәрімізге аян. Оны жаттап алу мүмкін емес, түсіну керек. Бала жүрегіне жол тауып, білімге жетелеу үшін мұғалім әр түрлі заманауи цифрлық платформалар мен әдіс-тәсілдерді қолдануы тиіс.

«Ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкіртінің бәріне жемісті ықпал жасайтын болады» деп Д.Менделеев айтқандай, оқушының терең білімді болуының басты шарттарының бірі – мұғалімнен оқушыға берілетін білімнің сапалылығы.
Ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қазіргі ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманында бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру – мұғалімнің басты міндеті.
Жаңа заман талабына сай сапалы білім беру – өзекті мәселе. Шығармашылық қабілеті мол, жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеуде жаңа педагогикалық технология қажет. Жаңа технологияны игеріп қолдану мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Осындай технологиялардың бірін күнделікті химия және физика сабақтарында жиі қолданамын. Ақпараттық технологиялардың ішіндегі «wordwall» интерактивті тапсырма құру сервисін қолдану тиімді.
Мұндай технологияларды күнделікті сабақта тиімді қолдану оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырып өз бетімен ізденіп шығармашылық еңбек етуге жол салады. Әдіс-тәсілдерді сабағымызда тиімді пайдалансақ, оқытуда табысқа жетуге негіз әрі сабақтың тиімділігі мен сапасын барынша арттыруға мүмкіндік береді. Қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, тәрбиелеп отырған оқушыларымның қабілетін, сауаттылығын дамытуды парызым деп санаймын.
Перизат ҰЛДАХАН,
№24 мектеп-интернатының химия пәні мұғалімі.
Балқаш