Руханият

Мәңгілік Елдің тұғыры

Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері Қарағанды гуманитарлық колледжінде бас қосты. Студенттер эссе байқауына қатысса, оқытушылар облыстық ғылыми – танымдық конференцияда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы пікірлерін ортаға салды.

Шараға қырықтан астам облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары өтініш беріпті. Жалпы 100-ден астам оқытушылармен студенттер белсенді түрде қатысты. Жиын «Адами капиталды дамыту негізі ретінде қоғамдық сананы жаңғырту» VІ облыстық ғылыми-практикалық конференциясынан бастау алды. Мәңгілік Елдің тұғырына айналған жастар қазақ қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысының шығармашылық мұрасына және принциптік көзқарастарына кеңінен тоқталды. Тәуелсіздік мұраты жолындағы көшбасшылардың ұлттық құндылықтарға қатысты тұжырымдарын жаңа заманның талабына сай зерделеді.

Конференцияның пленарлық отырысында Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әміров баяндама жасады.

Жер бетінде ұлт болып ұйысып мемлекет құрған елдердің қай-қайсысы болса да өз елінің мәңгілік болуын аңсайтыны заңдылық. Соның бірі Күлтегін, Тоныкөк заманынан бізге жеткен тарихи жәдігерлер айғағы. Қаншама жаугершілік заманнан аман өтсек, ол ел басқарған азаматтардың арқасы. Солардың бірегейлері Мәңгілік Ел болып қалудың қамын осыдан ғасыр бұрын ойлаған Алаш көсемдері. Осы уақытқа дейін Алаш қайраткерлерінің ұстаған бағыты екіұдай түсіндіріліп, екіұшты бағаланып келді. «Алаш» идеясы бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде де өзекті. Мықты саяси ұлт ретінде мемлекетімізді Мәңгілік Елге айналдыру бағдарламасын жүзеге асыруда «Алаш» идеясы нәрлі тамыр қазметін атқаратыны кәміл, – деді Есжан Сарманқұлұлы.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Алтай Рахимберлин және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, облыстық білім басқармасының әдіскері Әтіргүл Еставлетова байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Жастар эссе байқауында шығармашылық-танымдық қабілетін көрсете білді. «Алаш» арыстарының мұрасын зерделей отырып, рухани жаңғыру тақырыбын өрбітті.

Сондай-ақ, «Алаш» ұлттық идеясының Мәңгілік Елмен тарихи сабақтастығына тоқталды. Ұлттық код және латын әліпбиіне көшудегі басты мүддені атады. Ұлттық рух пен тәуелсіз сана төңірегіндегі өзіндік ойларымен бөлісті.

Барлық қатысушыларға сертификат, Алғыс хат табысталды. Байқаудың жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Атап айтсақ, Жезқазған политехникалық колледжінің студенті Әдемау Сарқытбек І орын жеңімпазы атанды. Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Сәния Ибраева ІІ орын, Инновациялық технологиялық колледж студенті Аружан Бастами ІІ орын иеленді. Екі үшінші орын Қарағанды жоғары мейіргерлік колледжінің студенті Ақмарал Сәрсенбайға және Қарағанды агротехникалық колледжінің студенті Виталий Шуйкинге бұйырды.

Сайыстардан жастардың «ұлттық рух», «ұлттық мүдде», «ұлттық зиялылық» ұғымдарының мәнін толық түсінгендігі байқалды. Ойларын ашық жеткізе білді. Адам болмысының рухани ерекшеліктерін зерделеуде тарихи тәжірибе мен ғылым көзіне айналған деректерді алға тартты.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button