Баған

Мәдидің белгісі

Сөз жоқ, ұлт қорғаны. Жарықтық Абай заманында туды, он тоғызыншы ғасырдың көсемдері Исатай-Махамбеттің ауыр жолын кешті, жалғыз, саяқ, Кенесары ақ туына деген аңсарын, сағынышын жасыра алмаған Имапжүсіптен ерте қаза болды.

Өр еді – биігінде ажал құшты. Алдынан келе алмаған жау сытылып ту сыртынан шықты, сұсты жүзінен қаймығып, жалған сөзінен жаңылған, көзінен қорқып, аяр үні өшкен дұшпан есебін тапты, нақақтан ұстады, қапыда мерт етті, жырынды жаудың опасыздығы да тосын, қастандығы да қалт жерде.

Рух қалды.

Әнінде, сөзінде, әрекетінде. Шаңкөздің құз-шатқалдарындай, Жетіқарақшы шыңдарындай, Бұғылы басындай, Тағылы тасындай… Қаратоқа жолбарысындай.

Өрт еді. Қасым боп келді, дауылпаз, жарқ еткен найзағайдың жылдам сөнген сілеміндей, Нұркендей көкті биледі, Әлихан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермековтердей елді басқарды, жерге ие болды, жүзін ғарышкер Тоқтардай космостан көрді.

Елім деп еңіреген ердің жұрт қамын жеп, халқына қалтқысыз қызмет ету Қарқаралы перзент- терінің анты болатын.

Дәстүрі. Бұл – Мәдиден келе жатқан ата дәстүр. Өзгермейтін салт. Ескі низам, сара жол. Көптің жоқшысы, елдің бары. Өлмейтін, өшпейтін өнеге, ұмытылмайтын үлгі, кіршік шалмайтын көңіл, ниеті қабыл тіленіш.

Өр кеуделер омырауында жарқыратып тағып жүретін төсбелгі (Мәди атындағы сыйлық) керек. Қазақтың інжу-маржаны – Қарқаралы өлкесін насихатына қосқан тұлға, Мәди мұрасына еңбегі сіңген ғалым, ұлтым деп ұрандаған шығармашылық қайраткерлерге берілетін атақ болсын.

Ұлы бабамыз Мәди Бәпиұлының қайтпас қайраты, мұқалмас жігері, асқақ рухы бәрімізге жұғысты болғай!

Маған салса, төсбелгімен бірінші Тоқтар ағамды марапаттар едім, екіншісін Ерлан Төлеутайдың омырауына қадарымды айтпасам да білетін шығарсыздар.

Жарқыным бар екен-ау, қайран Жарқын Шәкәрім марқұм.

Көп. Бұл – маңызы ұзақ күттірмейтін шара. Парыз. Мәди Бәпиұлына деген тағзым, қазаққа деген құрмет…

Қарқаралыға лайық мәртебе.

Дидар АМАНТАЙ,

жазушы, философ, киногер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button