Баған

Мұғалім тұлға болуы керек

«Абайдың айналдырған бір-ақ том өлеңі бар. Соның ішінен бір өлеңін болсын, әбден түсініп, жүректен шығара алсақ…» деп бастап бергенім сол еді, дәл қарақұсымнан бір дыбыс саңқ еткенде, еріксіз қайырылдым. Сөзімді бөлген әлгі дауыстың өткір әрі сенімділігі соншалық, қылышпен қиғандай қаққа айырып, тоқтатып қойды мені. «Абайдың 215 өлеңі бар!» деген жалғыз ауыз сөзі сондағысы. Облыстық «Абай оқуларында» қазылықта болғандағы оқиға ғой. Түрі таныс әлгі мұғалім баулыған оқушылар Абай, Махамбет оқуларынан алдыңғы орын әкеп жүргенін де білетінмін, үндемей қоя қойдым.

Жастайымнан жаттап, оқып өссем де санап көрмеппін. Абай әлемін зерттеуші, тіпті, екі томдығын биыл жаңаша үлгіде қайта құрастырып, соны нұсқа ұсынушы Асан Омаров «бұрынғы-соңғы басылымдарда өлеңдер саны 173 төңірегінде болса, бұл көрсеткіш 195-ке жетті. Абайдың төл өлеңдері толықтай қамтылды. Бұл жұмыс атқарылмаған жағдайда Абайдың әлемдік деңгейін паш ету мүмкін емес» деген болатын. Соныкі ғана дұрыс деп Асан Омаровты әулие көріп отырған мен жоқ. Қарағандылық мұғалім бе, ол ма, қайсы қателесіп отырғанында жұмысым тағы жоқ. Асан ағамыздың Абайды бір адам емес, бір институт құрлы танып-білгеніне таласу қиын, бірақ. Еңбегін оқығанға. Анық Абайға жақындау үшін ол да жеткіліксіз! Оқушы тұрмақ, одан зор доктор, профессорлардың өздері түсіне бермейді хакімді. Қазіргі кейбір ақынжазушыларымыздың өзі түсініп, танып жүргенге күмәнім бар. Қазақ Абай әлеміне ептеп жақындай алған болса, бүйтіп атаққұмар, мансапқор, мақтаншақ, өтірікші, екіжүзді, арам, аяр, қу, «пысық», даңғой… тағысын тағы болмас еді. Әлеуметтік, қоғамдық сана әлдеқайда жоғары деңгейде тұрар еді. Бұлар болмаған соң, ұлттық, мемлекеттік сана туралы әңгіме айтудың өзі ұят. Атама! «Қайрат пен ақыл жол табар, Қашқанға да, қуғанға. Әділет, шапқат кімде бар, Сол жарасар туғанға. Бастапқы екеу – соңғысыз, Біте қалса қазаққа, Алдың – жалын, артың – мұз, Барар едің қай жаққа?!» деді Абай. Ал, түсініп көр?! Абайдың өмір бойы түсіндіріп өткен тақырыптарының бірі һәм бірегейі – осы! Махаббатсыз, мейірімсіз әділет, шапқатсыз тек қана ақша табуға, атаққа жетуге жұмсалған ақыл мен қайрат зұлымдыққа соқтырмай ма? Ендеше, тығырыққа тірелген, жеткен жеріміз – осы екен.

ХХ ғасырда қазақ даласында төңкеріс жасаған жалғыз тұлға – Абай! Санаға, рухқа төңкеріс жасаған Абайдың нағыз шәкірттері кімдер? Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Сәкен мен Мағжан, Сұлтанмахмұт… болып кете береді. Өкініштісі, олардың бәрін тұқым-тұяғымен құртып жіберген соң біз ұлттық тамырымыздан ажырап, далада қалдық. Абай қайда, Алаш қайда? Кім көрінгенді өнеге тұттық. ХХ ғасыр барысындағы ұстаз-мұғалімдерді қараңыздар, шетінен – тұлға. Мұғалім тұлға болу керек, сондықтан. Ұлт сонда ғана тамыр жаяды. Тұлға болғанда, қазіргі кейбір эстрада жұлдыздары, болмаса, жеңілтек әзілкеш немесе дүмше діншілдер сияқты емес! Дүниетанымы кең, ұлттық рухтың уызына қанған, әлемдік өркениеттен хабардар, өзіндік көзқарасы бар тұлға. Онсыз бүгінге де, болашаққа да өкпелейтін қақыңыз жоқ!

Хакім айтпақшы, «әдеті жеңіп күңгірттер» бола береді!

Жәнібек ӘЛИМАН,
газеттің
мәдениет, руханият, әдебиет
және жастар саясаты бөлімінің
меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button