Лу Чэнь: Індетпен күрес тәсілі — дұрыс

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си ЦЗИНЬПИН мырзаның коронавирус инфекциясына қарсы күресте өзара қолдау көрсету жөніндегі уағдаластығы аясында елімізге келген қытайлық дәрігерлер делегациясы Қарағанды облысында 18 сәуірге дейін болады. Құрамында инфекционистер, пульмонологтар, нефрологтар, қарқынды терапия дәрігерлері және бас медбике бар 10 адам өздерінің COVID-19 дертімен күресу тәжірибелерімен бөліседі. Көрші елден келген мамандар алғашқы күні Қарағанды медицина университетінде облыс дәрігерлерімен бейнебайланыс арқылы конференция өткізді. Олар билік пен қарағандылық дәрігерлердің індетпен күресу тәсілдерінің дұрыс екенін атап өтті.

– Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес, дәрігерлер бірқатар жағдайда бетперде мен залалсыздандыру құралдарын пайдаланбайды, арнайы киім кию талаптары да сақтала қоймайтыны байқалады, – дейді нефролог-дәрігер Лу Чень. Оның айтуынша, емханаларда пациенттерді бір дәліз емес, екі дәліз жүйесімен қабылдаған жөн. Бұл өз кезегінде дәрігер үшін де, пациент үшін де қолайлы әрі қауіпсіз болмақ.

Қытайлық дәрігер атап өткендей, бастапқы кезде оларда да осындай кемшіліктер орын алып, ауру жұқтыру саны арта түскен. Кейін бұл олқылық жойылған. «Жұқпалы аурумен күресте оны емдеуден гөрі, алдын алу – маңызды. Тұрғындар төтенше жағдай мен карантин режиміне құлақ асып, талаптарды сақтаған жағдайда ғана індетті жеңуге болады» – дейді ол.

Қарағанды медицина университетінің клиникалық жұмыс жөніндегі профессоры Бақыт Көшерова қытайлық әріптестері қарағандылық дәрігерлердің жұмысы халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін атап өтіп, коронавирус инфекциясымен күрес тәсілдерін дұрыс деп бағалағанын айтады.

– Қытайда күдіктілерді диагностикадан өткізу арқылы, науқастарды ерте анықтау қолға алынды. Одан сырқат жандар оқшауланып, жедел емдеу шаралары жүргізілді. Сол арқылы ресурстар тиімді әрі ұтымды пайдаланылды, – дейді Бақыт Көшерова.

 Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев болса, коронавируспен күресте жұмыс алгоритмі мен логистика сақталғанын айтады. СОVID-19 жұқтырғандармен қарым-қатынаста болатын медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Провизорлық стационарлар жеке ғимараттарда болуы санитариялықэпидемияға қарсы қатаң бақылауды күшейтеді. Қайта жабдықталған ауруханалар да қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, блоктарға бөлінген.

– Облыстағы бірқатар ауруханаларды провизорлық госпитальдарға қайта бейімдедік. Бір аурухана инфекциялық стационар функцияларына сәйкес қайта жабдықталып, науқастарды қабылдауға дайын тұр, – дейді Ержан Шәкірұлы.

 Одан бөлек, коронавирусқа күдікті науқастарға ғана шығатын жедел жәрдем бригадалары жұмыс істейді. Осы арқылы өзге сырқаттарға баратын бригада жұмысының іркіліссіз қызметі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілген.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Қанат Асқаровтың күзде коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін деген болжамын қытайлық дәрігерлер де жоққа шығармайды. Сондықтан, вируспен күрестің міндеттері мен мүмкіндіктерін, медицина ұйымдары мен халықтың қазіргі режим талаптарын қабылдауға дайындығын анықтау – маңызды.

 – Індет бізге сырттан келді. Сондықтан, сыртқы және ішкі көші-қон қатаң шектелді. Инфекция анықталған ошақтар – қатаң бақылауда. Пневмония диагнозы қойылған адамдар да дәрігерлердің жіті қадағалауына алынған. Алдағы күндері облыс орталығында коронавирус пен оған иммунитетті анықтау мен диагностика сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа зертхана, сондай-ақ, 120 орынға арналған жаңа инфекциялық стационар жұмысын бастайды, – дейді Қанат Асқаров.

Қарағанды мемлекеттік университетінің мамандары да індетпен күрестен сыртқары қалмаған. Олар клиникалық хаттамалар, диагностика және емдеу бойынша ұсыныстар әзірлеп, оқу орнының екі клиникасы провизорлық госпитальдарға қайта жабдықталған. Одан бөлек, аталмыш оқу орнының ректоры Раушан Досмағамбетова коронавирустың даму механизмдері мен ауруға қарсы иммунитетті қалыптастыруға арналған ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында бірегей молекулалық-генетикалық зертхананы іске қосу да жоспарда екенін айтты.

 Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, 17 сәуірде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3 жаңа жағдайы тіркелді. Оның біреуі – бұған дейін ата-анасы провизорлық ауруханада болған 6 айлық сәби. Екіншісі – 41 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны. Үшіншісі – 19 жастағы Теміртау тұрғыны. Екеуі де бұрын індет жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болғандар.

Салтанат ІЛИЯШ