Бас тақырып

Ұлттық ойын ұлықталған күн

Қарағандыда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдауға және Мәслихаттардың 30 жылдығына арналған тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесіне» арналған облыстық іріктеу турнирі өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, облыстың қала мен аудандарынан келген масс-медиа өкілдері, блогерлер қатысты. Турнирдің ашылу салтанатына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев пен облыстық мәлихатының депутаты, әлеуметтік мәдени даму бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова қатысты.

Суреттерді түсірген автор.

Өңірде тоғызқұмалақ қарқынды дамуда. Түрлі байқаулар жиі ұйымдастырылып, жастарды спортқа баулу, насихаттау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Темірхан Серікбайұлы турнирге қатысушыларға лебізін білдіріп, тоғызқұмалаққа қолдау барын баса айтты. Әрі күні кеше ғана Чехияда өткен әлем кубогында топ жарған жерлесіміз Аңсаған Қожанәсіпті Алғыс хатпен мараппаттады.

– Тоғызқұмалақ тарихы біздің қазақ халқының өмір салтымен тығыз байланысты. Біз ұлттық спортқа қолдау білдіруіміз қажет. Бүгінде дамыту мақсатындағы жұмыстарда нәтиже де жоқ емес. Сондай көпке үлгілі жастардың бірі – Аңсаған Қожанәсіп. Әлі де талай додада топ жарады деген сенімдеміз, – деді басқарма басшысы.  

Аңсаған Азаматқызы – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қатысушысы. Бұған дейін іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, ел намысын байрақты бәсекеде қорғау мүмкіндігіне ие болған. Жерлесіміз осы жолдаманы Бурабайда өткен іріктеу турнирінен жеңіп алыпты. Өзі әлі де түрлі турнирлерде өнер көрсетіп жүргеніне қарамастан шәкірт тәрбиелеуде. Шәкірттерінің алды қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі турнирдің жүлдесін қанжығалап үлгерген.

– Іріктеу турнирі оңай болған жоқ. Ол турнир өзара екі іріктеу кезеңінен тұрды. Қос кезеңнен топ жарған төрт қатысушы Бурабайда өткен іріктеу кезеңінде өзара тағы кездесті. Қарсыластарымның осалы жоқ. Дегенмен, тыңғылықты дайындық пен жаттықтырушының нұсқаулығының арқасында жеңіске жетіп, жолдама иелендім. Қазір байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындықты бастап кеттік, – деді тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Аңсаған Қожанәсіп.

Аталған турнирде масс-медиа қызметкерлері – өзара, мәслихат депутаттары – өзара күш сынасты. Ер қатысушылар мен әйелдер қауымы да бөлек бақ сынады. Мәселен, мәслихат депутаттары адам санына қарай щвецариялық жүйемен ойнайды. Яғни, бірінші топтағы жеңген қатысушы кесте бойынша екінші топтың жеңімпазымен кездеседі. Ал, әйелдер қауымы қатысушы санына қарай бәрі бір-бірімен күш сынасты. Әр спортшыға – 10 минуттан уақыт берілген. Өз тобында жеңіске жеткен қатысушы тамыз айының 15-інде өтетін республикалық турнирге жолдама иеленеді.

–  Мәслихаттың 30 жылдығына орай жыл басынан бері өңірде түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – осы тоғызқұмалақ. Ұлттық ойындарымызды насихаттау, әрі мәслихат депутаттары бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында ұйымдасытырылуда. Өзім де осы турнирге қатысамын. Бұрын-соңды ойнап көрмесем де, жарысқа дейін барымды салып үйрендім. Ережелерімен танысып, арнайы дайындалдым, – деді Қарағанды қалалық мәслихат депутаты Марат Түсіпов.

Жарыс қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары (ерлер) арасында  өткізілген турнирде Нұра аудандық мәслихатының депутаты Есенжол Егембаев І орын иеленді. Ал, әйелдер арасында өткізілген кезеңде Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Сәуле Дүйсембаева үздік атанды. Ал, масс-медиа қызметкерлері арасында өткен турнирдің жеңімпазы Бұқар жыраулық блогер Болат Дінмұхаммед атанса, әйелдер қауымы арасында өткен бәсекеде Қарағанды телеарнасының қызметкері Зарина Мукашева топ жарды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button