Ұлттық құндылық ұлықталды
Қарағандыдағы №2 Оқушылар сарайында облыстың сынып жетекшілерінің алғашқы құрылтайы өтті. Ұстаздар өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулып, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды насихаттады. Заманауи білімді меңгерген, саламатты ұрпақ тәрбиелеп жүрген білім саласының қызметкерлері ана тілін қадірлеуге үйретті.
Педагогтар тәжірибе алмасып, «Үздік сынып жетекшісі» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары Алғыс хаттар, дипломдар және сертификаттармен марапатталды.
Құрылтайда ұстаздар қауымы адамгершілік қасиеттер, патриотизм, парасаттылық пен адалдықты дамыту арқылы бала тұлғасын қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасты. Сынып жетекшілерімен қатар ауқымды кездесуге мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары да жиналды.
– Құрылтай рухани-адамгершілік қасиеттерді, азаматтық жауапкершілік пен патриотизмді, парасаттылық пен адалдықты дамытуды көздейді. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық мәдени құндылықтарды оқушының бойына үйлесімді сіңіру – күн тәртібіндегі мәселе. Ұлттың ұлт болып қалыптасуы қашан да оның тілі мен ділінің, салт-дәстүрінің бекемдігіне байланысты. Оның негізі – отбасылық тәрбие, – деді облыстағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова.
Облыстық құрылтайда көрме, сынып сағаттары мен сыныптан тыс жұмыстар көрсетілді. Сондай-ақ, пікірталас және мәдени бағдарламаларға ұласты.
Құрылтай жұмысының бірінші блогында көпшіліктің назарына «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут», «Үнемді тұтынуды» қалыптастырып, «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» көрмелері ұсынылды.
Ал, екінші блоктың жұмысы сынып сағаттары мен сыныптан тыс іс-шараларға бағытталды. Сыныптан тыс іс-шаралар «Даналық мектебі» жобасын іске асыру арқылы ата-аналармен бірлескен жұмысты көрсетті.
Пленарлық отырыста облыста білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Әбдікерова сынып жетекшілер қызметінің қазіргі жағдайдағы стратегиялық бағыттарына, кәсіби даму мүмкіндіктеріне тоқталды. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Күліш Төлеуханқызы мен «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабек сынып жетекшілерінің қызметін әдістемелік сүйемелдеудегі ойларымен бөлісті.
Құрылтай көрмелері қазақы дәстүрге негізделді. Жалпы бағдарлама аясында ел, туған жер жайлы асқақ әндер шырқалып, өнердің сан түрі сахнаның шырайын келтірді.
«Үздік сынып жетекші» республикалық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, белсенді қатысушыларға Алғыс хаттар берілді.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өткен құрылтай мектеп оқушыларының, ата-аналардың рухани-адамгершілік қасиеттерін, парасаттылық пен адалдықты насихаттады. Құрылтайға 400-ден астам сынып жетекшілері қатысты.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz