Ұлт мақтанышы – ұрпақ жадында
«Сарыарқа дарыны» АҒПО және Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының ұйымдастыруымен «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов – ұлт мақтанышы» тақырыбындағы Х дәстүрлі ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияда ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасын, қазақ халқының әдебиеті мен тарихына қатысты ғылыми еңбектерін зерделеу көзделді. Мұғалімдер қауымы Алаш арыстарының атқарған игі істерін зерттей отырып, ұлт мақтанышының елдік қызметін жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етті.
Ғылыми-практикалық конференцияда бағыттар бойынша ұлы тұлғаның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан құнды мұралары, Мұхтар Әуезов және Абайтану ғылымы, ұлт мүддесі жолындағы саяси-әлеуметтік, педагогикалық, қоғамдық қызмет бағытындағы еңбектері айтылды. Х дәстүрлі «Тарих және тағылым» атты ғылыми-практикалық конференцияда Қарқаралы, Ақтоғай, Шет, Осакаров, Нұра ауданы, Жезқазған, Балқаш қалалары және облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттары мен қала мектептерінен елу бес оқушы бақ сынады. Тарих және әдебиет пәні бойынша бөлінген үш секцияның әр бөліміде 20 оқушы жұмыстарын қорғады.
Бұл күні ғылыми тұрғыдан зерттелген, өзіндік жаңалығымен ерекшеленген жұмыстар аз болған жоқ. Ғылыми жұмысы бағаланып, жүлделі орын алған оқушыларға I, II, III дәрежелі дипломдар мен грамоталар табыс етілді. I орын алған қатысушылардың жетекшілеріне Алғыс хаттар табысталды.
Бақыт БАЙМҰХАТОВА,
Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті және қоғамдық пәндер кафедрасының жетекшісі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.