Ұлтқа қызмет өлшемі – қарекет
Қарағанды қаласындағы №95 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Біржан Балтабайұлының осы бір игі ісіне көпшілік сүйсінуде.
Қарапайым мұғалім балаларға арналған «Жеті қазына» атты шағын кітапшаны жарыққа шығарған. Онда жеті қазына атауларының мәнін ашатын шағын мәтін мен сурет бар. Бүлдіршін әлгі суретті бояу арқылы шығармашылыққа бойын үйретіп, танымын кеңейте алады. Алматыдағы «Алгорифм» атты баспадан 1000 данамен жарыққа шығыпты. Әлеуметтік желідегі жарнама арқылы жартысын саудалаған.
«Алғашқы шағын бояу журналын шығардық. Енді, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Зарина патшайым», «Томирис патшайым» секілді дайын тұрған кітапшаларымыз бар. Ертегі негізінде әзірледік. Мәтінін құруға анам Алтын Төлепбергенқызы атсалысты. Анам – қазақ тілінің маманы. Қазір зейнетте. Жобаны жұбайым Еркежан Қуандықовамен бірлесіп, пысықтадық. Әйелім – IT саланың маманы. Жылдам саудаланып кеткеніне қарап, өтімді екенін, сұранысқа ие екенін түсіндік. Балаларын ұлттық тәрбиеге баулитын ата-ана барын білдік. Жобамыз қолдау тапса, әрмен қарай жетілдіре бермекпіз», – дейді Біржан Балтабайұлы.
Жаңа журналдары енді үш тілде жарыққа шықпақ. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде. Қазақы оюлар топтастырылған жинақтары да жоспарлары да бар. Бояу журналдарының суретін салған – Гүлнұр Ерланқызы мен Виларом Бақытжанқызы.
Міне, қарағандылық жас мұғалім информатика сабағын ғана өткізіп қоймай, ұлт болашағына осылай қызмет етіп жүр.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz