Руханият

Лондон жұрты риза болды

«Қазақ киносы бүгінде ой салатын емес, арзан күлкі сыйлайтын комедия түсіріп әлек» деп налып жүргеніміз рас. Бірақ, қазақстандықтарды ғана емес, әр картинадан терең ой, тағылым, мораль іздеген талғамы биік, режиссер ойымен сана биігінде табыса алатын жаһан көрермендерін, сыншыларын мойындатқан туындыларымыз бар екен. Белгілі режиссер Азиз Заировтің «Анашым, мен тірімін!» деген көркем фильмі осы қатарда. Міне, кино әлемінің небір жоғарғы марапаттарын алған сол картинаның премьерасы Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында өтті.

«Анашым, мен тірімін!» фильмі 2022 жылы өткен Канн фестивалінде лауреат атанған. Сонымен қатар, дәл сол фестивальде «Жібек жолының» бойында тоғысқан елдер арасында Гран-при алған. Биыл Тува республикасының Қызыл қаласында өткен халықаралық фестивальде де бас жүлдені қанжығалады. Лондондағы «Радуга» деп аталатын жаһандық фестивальде де «Адамзатқа арналған үздік фильм!» аталымында жүлдегер болды. Дәл осы Лондонның көрермені премьерадан кейін біздің шығармашылық ұжымға тік тұрып қошемет білдірген деседі.

«Анашым, мен тірімін!» фильмі – перзенті үшін жүрегін отқа да, суға да салған аналардың ерлігін, қайсарлығын жеткізген мадақ жыры! Көркем туынды баласы қатерлі ісікке шалдыққан Сәуле есімді балалар полицейінің тағдырын баяндайды. Қайран ана жетімдер үйіндегі балаларға да бар жылуын арнап, оларды небір озбырлардан, тіпті, әділетсіздік жайлаған қоғамнан қорғап қалу үшін тыраштанады.

Қанша талпынса да өзінің қан ауруына шалдыққан қызын ажалдан аман алып қала алмайды. Режиссер кейіпкердің сол кездегі ішкі күйзелісін, өкініш һәм қайғысын жеткізгісі келеді. Ана шіркіннің қарс айрылған жүрегін көрерменге ашып береді. Қазіргі біздің қоғамның ащы шындығы да назардан тыс қалмаған. Анығырақ айтсақ, жетімдер үйінде болып жатқан сұмдықтарды, былықтарды жария етеді.

Фильмді екі режиссер түсірген: Мұхамед Мамырбеков пен Азиз Заиров. Азиз Заировтің өзі жетімдер үйінде өскен екен. Мүгедектігі де бар. Қиын тағдыр иесі. Жетімдер үйінен шыққаннан кейін туған қарындасы қайтыс болып, ащы суға салынып кетіпті. Өмірден баз кешеді. Күндердің бір күні қарындасының моласында есін жияды. Өз-өзіне үңілсе, о дүние мен бұ дүниенің шекарасында тайғанақтап тұр екен. «Содан, өз өзіме қарап, «не осы беті өл, не аяғыңнан тік тұрып, өміріңді жалғастыр» деп айттым» дейді Азиз Заиров. Іштегі бір құдіретті дауыстың жетегімен аяғынан тұрып, өмірді жаңа парақтан бастайды. Бойдағы күш-жігерін жинап, Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының кино факультетіне оқуға түсіпті. Ол кезде отыз жаста екен. Міне, сондай тауқыметтен кейін осындай дәрежеге жетіп отыр. Бүгінде Азиз Заировті жаһан жұрты біледі.

– Менің тағдырымды өзгелердің басына бермесін! Мен көп арпалыстым. Сүрінген, құлаған кездерім болды. Бірақ, өмір бір-ақ рет берілетінін ұмытпаңыздаршы. Ешқашан кеш болмайды. Қысқа ғұмырда өзіңе артылған міндетті атқаруың тиіс. Мен көңілімнің түбіндегі арманға жете алдым, – деді Азиз Заиров.

«Сарыжайлау» кинотеатры әлемдік деңгейдегі өрелі көрерменге арналған небір фильмдердің премьераларын өткізіп келеді. Өкініштісі мынау – біздің жұрт комедияға құмар. Ал, «Анашым, мен тірімін!» фильмінің деңгейіндегі картинаға колледждерден, университеттерден студенттерді жетектеп әкелетініміз жасырын емес. Қазақта жаһан жұртына ұялмай көрсете алатын туындылар баршылық!

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button