Басты тақырыпЖаңалықтарОблыс әкімі

Логистикалық орталық қадасы қағылды

    Қарағандыда тағы бір үр жаңа заманауи нысан бой көтереді. Ол – азық-түліктің көтерме-үлестіру логистикалық орталығы. Аумағы 20 гектар жерді қамтитын орталық жобасының инвесторы – кәсіпкер Анвар ОСИН. «Альфарух» ЖШС жобаны іске асыруды 2017-2019 жылдарға жоспарлаған. Екі кезеңнен тұратын жобаның құны – 10,5 млрд.теңге. Құрылысқа кәсіпкердің жеке инвестициясы мен несиеге алынған қаражат құйылады. Ал, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы теміржол тармағы, инфрақұрылым тартылады. Бейсенбі күні Қарағанды қаласындағы ескі әуежай аймағында бой көтеретін осы орталық құрылысының қадасы қағылды.

Құрылыстың қадасын қаққан облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл орталықтың аймақ экономикасына зор ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге, азық-түлік бағасын тұрақтандыруда да орталықтың үлес салмағы зор болмақ. Мемлекет басшысының агроөнеркәсіпке ерекше ден қойып, жергілікті атқарушы ұйымдарға соған орай берген тапсырмасын орындауға жасалған қадам дейді аймақ басшысы.

Ерлан ҚОШАНОВ, облыс әкімі:

Елбасының аграрлық секторды экономиканы дамытудың жаңа драйвері ету туралы тапсырмасы бар. Бүгінгі таңда біз көтерме-үлестіру логистикалық орталығының құрылысын бастадық. Бұл біздің облысымызға өте маңызды және қажет нысан. Ең бастысы – бұл барлық халық үшін азық-түлік бағасын төмендетуге көмектеседі.

Компанияның басшылығы орталық арқылы аймақты азық-түлікпен қамтуға мүмкіндік берілетіндігін айтады. Оған қоса, мұнда делдалдық жойылады. Яғни, өнім өндірушілер өнімдерін тікелей делдалсыз саудаға шығармақ. Орталықта талапқа сай бірнеше қойма, қажетті алаңдар орналаспақ.

Тамир ДАУТОВ, «Альфарух» ЖШС қаржылық директоры:

Көтерме-үлестіру логистикалық орталығы аймағымызды және елімізді азық-түлікпен қамту мақсатында салынбақ. Келешекте көршілес елдерге де шығарылады. Мұнда жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретіндер өз өнімдерін делдалсыз өткізе алады. Оларға 2500 сауда орындары беріледі. Көтерме саудамен қатар демалыс күндері бөлшек сауда да ұйымдастырылады.

Тамир Даутовтың айтуынша, экспортқа шығаратын елдерде анықталған. Үлес салмағына келсек, 70 пайызы елдің ішкі нарығын қамтамасыз етсе, 30 пайыз сыртқа шығаруды көздейді. Жобаның қуаттылығы жылына 350 мың тоннадан асады. Орталық іске қосылғанда 300 жұмыс орны қамтамасыз етіледі. Облысымызда өсірілген көкөністерді және ауыл шаруашылық кооперативтерінен келген мал өнімдерін сақтау қарастырылады. Ол үшін барлық жағдай жасалмақ. Ал, орталық 2018 жылы іске қосылады деп болжануда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button