Әлихан Бөкейханның лидер-қызметшілік үлгісі

 

Абайдың «Отыз тоғызыншы» сөзінде «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу қылып, екі тізгін бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шынымен де жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» дегенін Әлихан Бөкейхан мен ізбасарлары іске асырған.

Ә.Бөкейханның ғұмырбаяндық, саяси қайраткерлік деректерінен біз оның жай ғана ұлт басшысы, әуелі лидер емес, ең алдымен лидер-қызметші, яғни, ұлтына қызмет көрсетуші тұлға болғанын көреміз.

Бүгінгі күні лидерліктің лидер-басшылық сипаты емес, ең алдымен лидер-қызметшілік сипаты алға шығып, ХХI ғасырда қоғамдық институттар дамуының басқару парадигмасы ретінде танылуда. Ал, Алаш жетекшілері, әсіресе, Ә.Бөкейхан осы парадигманың озық үлгісін ХХ ғасырдың басында жасап кетті десек артық айтқандық емес.

Лидер-қызметші идеясы Герман Гессенің «Шығыс еліне қажылық» («Поломничество в страну Востока») романында көрініс беріп, Роберт Гринлиф содан алған әсерін жүйелейді. «Лидер-қызметші» ең алдымен қызметші. Қызмет ету – оның ішкі қозғамы, ниеті.

Қызмет етуші лидерлік, немесе лидерлік-қызмет етудің тиімді болуы үшін қажетті шарттардың қатарында лидердің қызмет етуге деген терең ішкі қозғамдама (ішкі түрткі, «ішкі даусы», «ішкі пайғамбарлық»); күнделікті әділетсіздікке қаймықпай қарсы тұру; қоғамдық құрылымды адам мен тұлғаның мүддесі үшін өзгертуге дайындық; таңдауының саналылығы; басқа адамдардың өмірлік сұраныстарына қамқорлық; зор арманға ұмтылатын үлкен тұлғалық кемелдік; қол жетуі қиын да алыс биік мақсат-мұраттар қоя білу; мақсат-мұратына жетудің нақты жолын жігерлі іздеу мен жетілдіру; басқару қатынастарына қатысты қоғамда қалыптасқан басым құндылықтар мен дәстүрлі немесе жалпыға танымал көзқарастарды еңсере білу; жүрер жолын айқын да озық көре білер көрегендік және соған бастай білер жетекшілік; өзіне өзінің мықты сенімі; ізбасарларының оған деген сенімі; халықтың сенімі; күшті зерде, кең ақыл – даналық; түйсігінің мықтылығы және тағы басқа қасиеттерін тізуге болады.

Шынайы лидер өткенді, бүгін мен келешекті органикалық тұтастықта көре біледі. Кешегіні тәрк етпеу, бүгін қапы қалмау, келешектен ешқашан көз жазбау, міне – осы үштік лидер тұлғасының да тұтастығын көрсетеді. Сондықтан да, лидер өз өмірінің әр күні бір мезгілде тарихшы да, талдаушы да, пайғамбар да бола алуы тиіс. Тарихты түйсіну, білу, меңгеру, бүгінгі ақпараттар ағыны мен оқиғалар сапырылысынан ең бастысын тани алу, таңдай алу, талдау жасау, келешектің көркем кескінін көз алдына келтіре алу тұлғаға тән болса, бұл оның лидерлігінің мықты бір қыры болмақ.

Лидер-қызметші өз басының қамын ойлаушы емес, ол ең алдымен ұлтына, халқына қызмет етуші. Оның өз басының пайдасы, қауіпсіздігі, беделі кейінге ысырылады.

Лидер-қызметшінің моральдық жауапкершілігі айрықша. Ә.Бөкейханның «Біз таңдаған жолдан, айтқан сөзімізден бас тарта алмаймыз, халықты алдауға, оның сеніміне қиянат жасауға болмайды, ал жастар амал табыңдар» деп М.Әуезов пен Қ.Мұхамедхановты аман алып қалуы ғажап емес пе!

Қазақтың өз көсемдері болған, бар және бола да бермек. Бұл бұрыннан бар үрдіс. Арғы замандарға бармай-ақ, беріден тартып, сонау түрік қағанаттарынан бастасақ, Күлтегін, Білге, Тоныкөк, Қорқыт, Асан Қайғы, Тәуке, Әбілхайыр, Абылай, Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Сырым, Кейкі мерген, Оспан батыр деп тізе беруге болады. Бұлар сол өздері өмір сүрген заманда мүмкін болмаса да, алыс-жақын келешекте әйтеуір бір жетер үлкен арманды армандай білген үлкен тұлға ретінде тарих шыңына шықты. Олар өз өмірлерін өткінші қызыққа шырмалтпай, ұлттың ұлы арманына қызмет етуге арнады.

Осы үрдісті үзбей жалғастырған тұлғалар галереясы ауқымды. Лидер-қызметшілік Ә.Бөкейханның және басқа да қазақ қайраткерлеріне тән болғаны даусыз. Бұл олардың қоғамдық, мемлекеттік және жеке өмірлерінен де көрінеді. Олардың өмір жолы саяси-қоғамдық табандылықтың, сүйген жарға, досқа деген адалдықтың үлгісі.

Ә.Бөкейхан бас қамын ойласа, оның ақыл-көрегендігі, амал-айласы аман қалуға, биік мансапқа жетуге, отбасын аман сақтап қалуға, ұрпағын өзіне қолайлы ортада өсіруге артығымен жетер еді. Қазақтың қазағы болған Ә.Бөкейхан ұрпағының өзінің ұлттық тамырынан ажырап, өзге ұлтқа сіңіп кетуі, бүгінде жат мәдениет аясында танылуы – жеке бастың ғана емес, тұтас қазақтың да қасіреті. Тарих та, тағдыр да солай қалыптасты. Өкінішті! Бәлкім Ә.Бөкейхан ұрпағының ішкі сезім-түйсігі, жігер-қайраты, ақыл-даналығы бір кездері өз қазығына оралуға алып келер. Бұл бір қияли мақсат емес, ұлттың өркендеуінің, атап айтқанда, қазақтың жаңғыруының көрінісі болар еді.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Ә.Бөкейхан осыны өз ғұмырының бұлжымас мұраты қылды. Алыс-жақында жүрсе де халқының айқын да көмескі арман-аңсарларына, мұқтаждықтарына қызмет етуді, оның ыстық-суығына көнуді өз жолының биік шыңы деп білді. 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыста жұрттың құр бекерге қырылмауын және қазақ жігіттерінің әскери іске көзі мен бойы үйрене беруін, мұның келешекте керек іс екенін, оларды майданның қара жұмысына жіберуге үндеп, соңынан өзі уәде еткендей майданның алғы шебіне барып, оларға қызмет етуі, нақты қамқорлық жасауы неге тұрады?

Елден жырақта үй қамақта отырғанда да ол қазаққа қызмет етудің тиімді жолдарын тауып, соның жемісін халқының пайдасына жұмсады. Оның барша еңбегі, өмірлік үлгісі бүгінгінің іргетасы іспеттес. Ол өзі ғана лидер-қызметші болып қойған жоқ, талай тұлғаны сол дәрежеге жеткізе алды. Зерттеушілер Ә.Бөкейхан ғұмырнамасынан осындай деректердің талайын табарына күмән жоқ. Мәселе, сол оқиғаларды тізбектеуде емес, олардың ішкі мәніне үңілуге, ішкі қозғамын ашып көрсетуге саяды.

Саясаткер С.Құттықадам өз ұлтына қызмет етуімен әлемге танылған мемлекеттік жетекші-реформаторлардың үздік ондығына Мұстафа Кемал-паша Ататүрік, Франклин Рузвельт, Людвиг Эрхард, Дэн Сяопин, Рональд Уилсон Рейган, Нельсон Ролихлахла Мандела, Ли Куан Ю, Махатхир бин Мохамад, Маргарет Тэтчер, Лех Валенсаны енгізеді. Осынау тұлғалар лидер-қызметшілік қасиеттерімен ерекшеленеді.

Алаш қайраткерлерінің лидер-қызметшілік қасиеттерінің көріністері, олардың мұралары өзгеге де үлгі болған. Міржақып Дулаттың «Оян қазақ!» үндеуі Ататүріктің күндіз айнасына, түнде жастығына айналыпты.

Бауыржан Момышұлының қайраткерлік, жетекшілік, қызмет етушілік қасиеттері екінші дүниежүзілік соғыс барысында айқындалды. Ол тек әскери гений ғана емес, ұлт болашағын ойлаушы рухани көреген, адам психологиясын терең білуші, қызмет-міндетіне адал, өз басын қатерге тігуші, қажыған да қалжыраған, әлсіреген жұртты қатерлі де қауіпті міндеттерді орындауға жұмылдыра алушы, зор сенімге ие, кез келген мәселенің мәніне терең үңілуші, талдаушы, тарихты толғаушы және тағы басқа қасиеттерге ие қайраткер-тін. Оның әскери даналығын әлемнің біраз елі өз пайдасына асырғаны туралы деректер жетерлік. Израиль мемлекеті енді құрылып жатқан 1946 жылы жас мемлекеттің әрбір офицеріне қарумен бірге А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы (иврит тілінде) бір данадан тапсырылып отырған. Кітап әр офицердің оқу құралы ғана емес, әрекетке тікелей басшылық нұсқауы болған. Сол кезде рота командирі болған Мота Гур майдан шебін тастай қашқан әскерлеріне кітаптың бір тарауындағы батальон командирі Б.Момышұлының «Сен әскери позицияны жауға тастадым деп ойлайсың ба? Жоқ сен Москваны жауға тастадың!» деген сөздерін оқып береді де бұрылып кетеді. Бұл сөздер сарбаздарды ерекше сілкінтеді.

Міне, Баукеңнің кітаптағы сөзінің өзі ғаламат күшке ие болған! Оның әскери кемел ойының әскери жарғы түзеуде, әскери стратегия мен тактика құрауда, сарбаз дайындауда әлемнің түрлі елдерінде қолданысқа енгені туралы ақпараттың көбін біз біле де бермейміз. Қазақ лидерлерінің ХХ ғасырда саяси, интеллектуалдық, білім, ғылым, экономика және т.б. салалардағы жанқиярлық қайраткерлігінен үлгі алғандар бұдан әлдеқайда көп екені анық.

ХХ ғасыр басында көнеден келе жатқан қазақ мемлекеттілігінің Ресейдің отарлық саясаты салдарынан үзіліп, енді жоғалуға бет алған дәстүрі жаңғырып, Қоқанда Түркістан мұхтариятын, Орынборда Алаш автономиясын жариялауға қол жетті. Міне, осы жанқиярлық әрекеттер қазаққа кейін автономия, одан соң одақтық республика мәртебесін алуды мүмкін етті. ХХ ғасырдың бел ортасында Оспан батырдың Шығыс Түркістанда құрған мемлекетін де жадымыздан шығаруға болмас. Бір заманда уақыт шіркін оның да орнын белгілеп берер… Одан соң «Жас тұлпар», «ЕСЕП», «Желтоқсан» керме керді. Аламанда атойлатты. Бүгінгі Ұлы Тәуелсіздікке осылардың арқасында ғана қол жеткіздік!

ХХ ғасырдың алғашқы үштігінде қазақы ой тағдыр тәлкегімен ақ-қызыл баррикаданың екі жағына жарылды. Дегенмен, екі жақтың да жетекшілері халықпен бірге болу, ұлтқа қызмет ету миссиясын санада ұстады. Жалпы интеллигенция алдында осынау екіұдай жармақ заманда екі жақты болған қазақ лидерлеріне ортақ мүдде ұлтқа қызмет ету болғанын дәйекті, дәлелді, негізді түрде жас ұрпақтың санасына сіңіре беру міндеті тұр. Олардың ұлы мұраттарының бірлігі ұсақ та жайсыз әңгімелер мен тірліктің келеңсіз де кездейсоқ көріністерінің тасасында қалмауы керек. Кездейсоқ көріністер көркем келешекке деген ортақ ұмтылысты көлегейлемеуі тиіс.

Осы тұрғыдан келгенде мемлекеттік қызметшілердің жаңа буындарын алыс-жақын өткендегі қазақ лидерлерінің үздік үлгісі аясында, лидер-қызметшілік парадигмасы аясында дайындауды негізге алу өзекті.

«Ұлық болсаң, кішік бол!» деген қазақ даналығы баршаға мәлім. Мемлекеттік қызметшілердің лексиконында «мен ел басқардым» деген сөзді «мен шамам жеткенше елге қызмет еттім» деген сөз алмастырса жөн.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының

кандидаты,

доцент,

Қазтұтынуодағы Қарағанды

экономикалық университеті.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.