«Әлемнің мәні – әйелде»

      Шуақты көктемнің шырайлы мерекесі – Аналардың халықаралық мейрамын теміртаулықтар да айтарлықтай дәрежеде атап өтті. Қала әкімі Ғалым ӘШІМОВ шаһардағы көп балалы аналар мен әр салада еңбек етіп, үлгілі отбасында бала өсіріп, қоғамдық қызметтерде белсенділік танытып жүрген әйелдер қауымын төл мейрамдарымен құттықтап, өнерпаздар оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Теміртау қаласының орталық паркіндегі Қысқы саябақта өткен салтанатты жиында үздік отбасын құрып, іскерлігімен танылып жүрген аналар құрметіне әннен шашу шашылды. Аналарға алғыс сипатында құттықтау сөз ұштаған қала әкімі Ғалым Әшімов:

Құрметті аналар, ардақты ардагерлер! Бүгін өте маңызды мереке, мәртебелі мейрам, ол – сіздердің құрметтеріңізге. Әр адамның тууынан бастап, өсіп-жетіліп, тұлға болып қалыптасуы – анаға байланысты. Сондықтан, еліміздің, мемлекетіміздің жарқын болашағын құруда аналардың алатын орны орасан зор. Ананың жүрегі – әлемнің тірегі деп те жатамыз. Әлемдегі әйелдер қызметін айтып тауысу мүмкін емес. Ол – отбасының ұйытқысы, отанасы, жұбайының жары ғана емес, балаларының тәрбиешісі. Оған сырттағы кәсіби жұмыстарыңыз қосылады. Осының бәрін көтеріп жүру үшін үлкен қажыр-қайрат пен асқан табандылық керек. «Әлемнің мәні әйелде» екенін ескерсек, адамзат баласы аналарға қарыздар. Аналарға борыштар. Сіздердің амандықтарыңыз – біздің амандығымыз, Отанымыздың тыныштығы. Мерекелеріңіз құтты болсын, қызық-қуанышқа кенеле берулеріңізге тілектеспін, – деді.

Ақ қар, көк мұзда іші көкораймен құлпырып тұрған Қысқы саябақтағы салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты. Қадірменді аналар жайылған шағын дастарқан басына жайғасып, концерт тамашалады. Әр мекемеден келген әйелдердің әрқайсына бір-бірден гүл тарту етілді. Дәл осы күні мұнда батыр ана, көп балалы ана, іскер әйелі бар – барлығы 24 әйел арнайы шақыртылыпты. Солардың арасындағы сегіз анаға үлкен дәрежелі алқа тағылса, оның екеуі – Алтын алқа, қалған алтауы – Күміс алқа. Қалғандарына қала әкімінің алғысқа толы құттықтау хаты мен сыйлыққа бір-бір қолшатырдан ұсынылды.

Жалпы Теміртау қаласында барлығы 1131 көп балалы ана бар екен. Солардың бірі – осы салтанатты шара барысында әкім Алтын алқа таққан алтын құрсақты ана Ажар Қолдасбаева қуанышымен бөлісті:

Мен бүгін ерекше қуаныш үстінде толқып тұрмын. Мереке қарсаңында әкім құттықтап, құрмет көрсетіп жатыр. Алғысым шексіз! Алтын алқа иегері атану – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Әуелі Алла, одан кейін Елбасының арқасы деп білем осының бәрі. Жеті бала тәрбиелеп, өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып жатсақ, ол да Отанымыздағы, еліміздегі берекелі бейбітшіліктің белгісі. Өсірген ұл-қыздарымыз аман болсын, біз солардың қызық-қуанышына кенеле берейік. Қазақстандағы барша аналар қауымын төл мерекелерімен құттықтаймын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.