Әлем кубогінен – алтын жүлде

Қарағандылық балуан Бағлан ИБРАГИМ Мәскеуде самбодан өткен «Харлампиев мемориалы» Әлем кубогінде алтын медальды жеңіп алды.

Айтулы додада ерлер мен әйелдер арасында және әскери самбодан 27 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Қазақстан құрамасынан 52 келі салмақта сынға түскен 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Бағлан Ибрагим қарсыластарының бәрінен басым түсті. Жерлесіміз алғашқы үш кездесуде жеңіске жетіп, финалда ресейлік самбошы Алексей Клюкинді ұтты.

Бағландай балуанды баптаған бапкері Саят Серіков шәкіртінің талай додаларда топ жарып, ел мерейін үстем етеріне сенімді.

Айта кетейік, бұған дейін де балуан Ресей астанасы Мәскеуде ұйымдастырылған самбодан Әлем кубогінде күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.

Нұрдос КӘРІМ.