Руханият

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – уақыт талабы

   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылы өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген ел соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген пікірі, 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деген мәлімдемесі, әсіресе, зиялы қауым ортасында үлкен резонанс тудырды. Елбасы биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл мәселені тағы бір мәрте нақтылады.

«2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек», — деген Елбасының сөздері латын әліпбиіне көшу туралы дау-дамайға нүкте қойғандай болды.

Сонымен, әліпбиімізді латын жазуына ауыстыру бізге не береді, неден ұтамыз, неден ұтыламыз? Тарқатып көрейік:

  1. Тілдері ұқсас, діні бір, түп негізі ортақ түркі тектес елдер осы күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып келеді, латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бірізге түсірілмей келеді, барлығына ортақ әліпби құрастыру (жазу) түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келер еді;
  2. Өткен ғасырларда түрлі тарихи, саяси жағдайларға байланысты дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен қазақ баласының басын қосушы фактордың біріне айналар еді. Өйткені, бәріміз бір тілде сөйлегенімізбен, әртүрлі әліпбиді пайдаланамыз, мәселен, Ресейде, Моңғолияда өмір сүретін қандастарымыз – кириллицаны, Қытай, Ауғанстан, Пәкістанда тұратын бауырларымыз – төте жазуды (араб жазуын), ал Түркия мен Еуропа мемлекеттерін мекендейтін Алаш перзенті – латиницаны қолданады. Бұл, әрине, өзара хат-хабар алмасуды күрделендіріп, жазу арқылы тілдесуді қиындатады. Мұны шетелдің жоғары оқу орындарыаралық келісім-шарт негізінде білім алып жатқан Қытай мемлекетінен келген қандас студенттерімізді оқыту барысында көріп жүрміз. Яғни, латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани бірлігінің негізі.
  3. Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік. Мәселен, Алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып, жарияланған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес.
  4. ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.

Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткіземіз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни, ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда.

  1. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді.
  2. Латын әліпбиіне ауысу – біздің ұлттық санамыздың отарсыздануының бір жолы. Бір ғана мысал, еліміздің латын әрпіндегі транскрипциясын «Kazakhstan» деп емес, «Qazaqstan» деп жазған болар едік.

Қазақстанның кириллицаны тастап латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстарынан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ол мәселенің көрші елдермен қатынастарға қатысы жоқ. Ресей мен Қазақстанның достық негіздегі байланысы екі ел үшін де пайдалы екені анық. Сондықтан Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі Ресеймен достық байланыстарды жалғастыруға еш кедергі келтірмейді.

  1. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуіне де өз әсерін тигізер еді. Мәселен, бұған дейін кириллицамен жазылып келген қазақ тіліндегі сөздерді латын әрпімен таңбалайтын болсақ, тіл үйренушілер ол сөздерді басқаша қабылдайды, олардың ойында басқа ассоциация пайда болады: Қазақстан – Qazaqstan, өнер – öner, өзен – özen, өмір – ömir, тағысын тағы.

Қазір қолданылып келе жатқан көзіміз де, құлағымыз да әбден үйреніскен кирилл жазуы аса жетілген, кемел еместігін қазақ сөздерінің орфографиясына, орфоэпиясына келгенде анық байқадық. Жазуда қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағынбайтын жат тіркестер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тілі заңдылықтары негізінде жазылуы, басы артық ь, ъ таңбалары, в, ф, ц, щ, ю, я әріптері, тағы басқа қиындықтар кездесуде.

Бүгінгі ұрпақ дыбыстардың тіркесім заңдылығына, дыбыс үндестігіне мән бермей, жазудың жетегінде, әріптің негізінде сөйлеп (дыбыстап), тіліміздің ең басты ерекшелігі болып табылатын, мыңдаған жыл бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан үндестік заңдылығын бұзып, артикуляциялық базамызды бүлдіруде. Мысалы, Құнанбай – Құнамбай, көкөніс дүкені – көгөнүс түкөнү, күн күркіреді – күң гүркүрөдү, таза ауа – тазауа болып, тіл және ерін үндесіміне бағынып барып дыбысталуы тиіс.

Сөйтіп, орыс жазуына негізделген 42 әріптен тұратын әлемдегі әрпі көп жазуымыздың арқасында әріппен сөйлейтін ұрпақ қалыптаса бастады. Тіл мамандарының таңба басқа, дыбыс басқа болады деген пікірі ескерілмеді. Орыс жазуына негізделген қазақ жазуы дыбыстық жүйеге мынадай өрескел қателіктер әкелді:

– қазақ тілінің фонетикасы қате теориялық түсінік бойынша оқытылды;

и, у дыбыстары біресе дауысты, біресе дауыссыз деген қате тұжырым пайда болды;

– кірме сөздер мен терминдер тіліміздің басты заңы – сингармонизмге бағындырылмады, таза орыс тілінің дыбыстық заңы бойынша айтылды;

– қазақы акцент жоғала бастады;

– жуан және жіңішкелік белгі бойынша сөйлеу қалыптаса бастады, мәселен, Асель, халің қалай? (Әсел, қалың қалай?)

– сөзде екі дауысты дыбыс қатар жазылатын орфограмма енгізілді, мысалы, киім, киік, тиын, қиын, жиын, суық, буын т.б.;

– ерін үндестігі есепке алынбады, мектеп бағдарламасына енгізілмеді;

– қазақ тілінде дыбыс «сингема» емес, «фонема» деген тұжырым енгізілді;

– орфографиялық сөздікте фонетикалық ұстаным басты болмады, орфографияда ала-құлалықтар пайда болды;

– сөйлеуде орфоэпиялық норма басты болмай, орфографиялық норма басты болды;

– емле саласында күрделі қиындықтар пайда болды.

Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керектігін қазіргі фонетист-ғалымдардың бірі Ә.Жүнісбек тынбай айтып келеді. Ғалымның: «Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ереже – бәрін бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады», – деген пікірі көңілге қонымды айтылған (Әліпби мәселесі // Abai.kz).

Қазақ тілінің төл дыбыстарын түгендеп, соған лайықтап таңба санын ықшамдау – қазіргі күннің талабы. Ұлы А.Байтұрсынұлы бастап белгілеп берген қазақ тілінің төл дыбыстарының саны 28 (а, ә, б, ғ, г, д, е, ж, з, й, қ, к, л, м, н, ң, о, ө, п, р, с, т, у, ұ, ү, ш, ы, і) десек, осы дыбыстардан бөлек қазақ тілінің дыбыстарын іздеп әуре болмау керек, өзге дыбыс жоқ. Осы жердегі бәрімізді шатастырып жүрген й, у таңбаларының дыбыс мәні, тілімізде өте жиі кездесетін езулік, еріндік, үнді [y, w] дауыссыз дыбыстарға жатады: ми [mɪy], қи [qɪy], ти [tіy], ауа [awa], әуе [äwe], су [suw], суы [suwu], у [uw], уық [uwuq], уіл [üwül], күлу [külüw], аю [ayuw], үю [üyüw], тағысын тағы. Мұндай дауыссыз дыбыс орыс тілінде жоқ,  ағылшын тілі мен қазақ тілінде  бар.

Яғни латын таңбасына негізделген қазақ әліпбиін жасауда тілдің дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстары мен орыс тілінен кірме дыбыстар жеке-жеке қарастырылып, әрқайсының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Бұл істі кез келген адам атқара алмайды, арнайы фонолог мамандар мен компьютер технологиясын жетік меңгерген программистердің әліпби мәселесіне ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп, оны әбден пысықтап барып, жүзеге асыруына тура келеді.

Тура осы жерде Елбасымыздың жоғарыда келтірген «Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» деген пікірін қайталап айтқымыз келіп отыр. Себебі, бұл – ұлт тағдыры мен болашағын кемелдендіруге бастайтын мемлекеттік мәселе. Оны негіздеу мен насихаттау  жұмыстарымен лингвист-тілші, филолог мамандар ғана айналысуға тиісті. Қолынан келсін-келмесін, латыншаға көшудің жай-жапсарын түсінсін-түсінбесін,  қазақ тілінің жанашырымын деп атақ шығару мен сыйлық алу үшін жанталасатындардың пайдасынан зияны басым болатынын ескерткіміз келеді. Шымшық екеш торғай да «Кім сойса да қасапшы сойса екен» деп тілейді ғой.

Мұны Ә.Марғұлан айтқандай «бірдеңе білеміз, білгеннен соң айтамыз» дегеніндей мақсатта жазып отырмыз. Өйткені латын әліпбиіне көшудің ұлттық деңгейдегі мән-маңызын пендешілік пиғылмен дұрыс ұғына қоймай жүргендер оны науқаншылдыққа айналдырмау қажет. Керек десеңіз, осы латын жазуына көшуді құрып кеткен латын тілін оқыту деп түсініп жүргендердің кездесіп қалатыны жалған емес. Мысалы, осыны пайдаланып қалғысы келетін шет тілдері кафедралары сағат толтыру мақсатында әліпби ғана қалып, өзі құрып кеткен латын тілін оқытуды оқу бағдарламаларына кіргізіп жатқанынан да хабардармыз. Оларға «айналайындар-ау, пайдаңды тигізбесең тигізбе, зиян жасай көрме» дегіміз келеді.

Біз, Қазақ Елі, уақыт көшіне ілесіп, әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу үшін жалпы ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, көп кешікпей, әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы.

Жандос СМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

Бектұрсын ҚАЛИЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button