Ұлағатты ұстаз – ұлт мерейі
Ұстаз! Осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы жарқын. Тек, ұлтым деген ұстаздар ғана «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болып» (С.Торайғыров), қазақ баласының санасына білім мен тәрбиенің нәрін құйса ғана келешегіміз кемел. Иә, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы тәрбиелесе, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты.
Мен ұстаз көрдім. Бір қолына әлемнің барлық ілімі мен білімін, бір қолына оқушының санасы мен жүрегін ұстаған ұлағатты ұстаз. «Александрия шамшырағы» тәрізді «түсірген ой сәулесін шартарапқа» (Қасым), ұстаз деген ұлы мамандықтың туын жықпаған, 45 жылдан астам еңбек өтілін мектеп қабырғасында өткізген ұстаздардың ұстазы – Күліш Төлеуханова.
«Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп, хәкім Абай айтпақшы, Күліш Төлеуханқызы ақ шашын күн сүйіп самайласа да, 70 жасқа жақындаса да, бір сәтке өзінің мамандығынан, Тәңір дарытқан ұстаздық болмысынан ажыраған емес. 1949 жылы Қарағанды облысының ең биік нүктесі Ақсораң шыңының етегіндегі Қызыларай ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, майданнан кейін 50 жыл педагог болған Төлеухан Әлімхановтың отбасында дүниеге келген. Майдангер-ұстаздың барлық баласы әке жолын қуып, мұғалімдікке бет бұрады. Күліш Төлеуханқызы оқушы кезінен-ақ білім мен өнерді қос қанатындай қатар алып жүріп, «Тоқырауын толқыны» ансамблінің, «Ақтоғай халық театрының» құрамында бірнеше концерттік бағдарламалар жасап, 10-нан астам сахналық пьесаларда басты рөлдерді сомдаған. Ұстаз болып қалыптасуы Жезқазған қаласында басталған. Жезқазған педагогикалық училищесінде «Қазақ тілі», «Балалар әдебиеті», «Мәнерлеп оқу» пәндері арқылы өскелең ұрпақтың санасында ұлттық әдебиет пен өнердің қалыптасуына, өзінің әдістемелік жолы мен қолтаңбасы байқалуына ұлтжанды жүрегі мен ерен еңбегі зор ықпал етті. Ұзақ жылдар бойы Жезқазған облыстық білім жетілдіру институтының қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарды. Сол жылдар Күліш Төлеуханқызы үшін әдістемелік жағынан нағыз шыңдалу мектебі болды. Облыс, республика көлемінде бірнеше рет ашық сабақтар өткізіп, ерекше көзге түсті және республикалық сайыстарда жүлделі орындар иеленді, семинар, конференцияларда баяндамалар жасады. Күліш Төлеуханқызы руханият жанашыры ретінде ұлағатты ұстаз, парасатты педагог, майталман маман атануы – Тәңірінің маңдайына жазған ең ұлы сыйы. Әсіресе, балаларды сөз құдіреті арқылы тәрбиелеп, ақындықтың қасиетін сездіру, мәнерлеп оқуға, көркем сөйлеуге талпындыру – ұстаз алдындағы ұлы мұрат. Мұратына қағаз бен қалам арқылы емес, тәрбиелеген шәкірттерінің жеңістері мен жетістіктері арқылы жеткен ұстаздың Алаш руханиятының алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Оған дәлел ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, ҚР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, облыс әкімінің және білім департаментінің ең жоғарғы номинацияларымен марапатталуы.
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі қарапайым педагог қана болған күні оқушының қиялын қараңғылық, санасын түнек басады. Олай дейтініміз, сөз өнерін қазіргі таңдағы батыстан үлгі ретінде алынған, түрлі дистанциялық, оқушымен алшақ қатынаста берілетін сабақ жүйесі арқылы жеткізу, баланың бойына сіңіру мүмкін емес. Күліш Төлеуханқызының ерекшелігі – өзі ұстаз, өзі актриса, өзі режиссер-драматург тәрізді, сабақ беру тәсілін меңгеріп, әр сабақтың тақырыбын терең түсініп, әдебиет кейіпкерлерінің образын сомдап, ақын жырларын автордың өзі оқығандай жеткізе білуінде. Бұл орайда, осынша талант иесінің кезінде Серке Қожамқұлов атындағы қазақ сазды-драма театрында директор болғандығының өзі сөзімізге дәлел. Режиссер сынды әр сабақты спектакль қойғандай жоспарлауы, әр кейіпкерді актрисадай сомдауы, әр сюжетті сахнадан сынып тақтасына әкеліп сыйдырған ұстаз театр директоры болмағанда, кім болады?! Бірақ, ұстаз сахнаны емес, мектепті, ересек көрерменді емес, оқушы-балаларды таңдады. Өйткені, ұлт болашағы балалардың тәрбиесінен басталады емес пе?! Мәдениет театрдан бастау алса, әдебиет мектеп қабырғасынан басталады. Алаш өсіп мемлекет болуы үшін Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деді. Күліш Төлеуханқызы: «Ағаш өсіп мәуелі бәйтерек болуы үшін тамырынан бастау алып, топырағы құнарлы, нөсермен сіңген нәрі мол болуы керек» дейді. Бала – тал, топырақ – мектеп, жаңбырдың тамшы-нәрі – білім тәрізді. Ұстаз – осы үшеуінің ортасындағы дәнекер.
Тәуелсіздік жылдарында жас мемлекетіміздің қанат жайып өркендеуіне барынша ат салысты. Орыс балабақшаларында, орыс мектептерінде, мекемелерде қазақ тілін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін қолдану жөнінде әдістемелік нұсқаулар әзірлеп, аудитория алдында дәрістер оқыды.
«Республикалық іскер әйелдер ассоциациясының», «Республикалық мұсылман әйелдері лигасының» мүшесі ретінде әйеланалардың қоғамдағы ролін күшейтуге үлес қосты.
Күліш Төлеуханқызы жайында рухани досы, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген мұғалім «Қазақтың Қанипасы» (Бітібаева) былай дейді: «Өз ісіне берілген, ұйымдастырушылық қабілеті, адамгершілігі өте жоғары Күлекеңе қатты разы болдым. Әдебиетті, өнерді сүйген адам Күлекеңдей-ақ болар. Даусы қандай?! Жас сәбидей жүрегі, ақ көңілін айтсаңызшы?!». Расымен де, Күліш Төлеуханқызымен сырлассаңыз, бірде Абай болып көрініп, бірде Мұхтардай өріліп, бірде Мағжандай төгіліп тұрады. Тұла бойындағы қуаты мен әлемі әдебиетке айналып, сүйегіне өнер сіңіп кеткен саф болмысты нағыз ұстаз!
Сабақ беру жүйесіне театрды, мәдениетті, әншілікті, көркемдікті әкелген ұстазымыз «Қазақтың ұясы – бесікте», «Ұлттың ұяты – қызда», «Ауылда тұрғым келеді», «Жан жылуын арнайық жәудір көзге», «Қарттардың көңіліне қаяу түсірме» сынды пьеса-сабақтар, лекция-концерттер, панорамалық ашық сабақтар өткізген сан қырлы талант иесі. Ұстаз еңбегі шәкіртімен бағалы. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын оқушылар арасындағы мәнерлеп оқу, мүшәйра, көркем сөз байқауларына шәкірт дайындаудың хас шебері соңғы 5 жылдың ішінде 50 лауреатты жеңіс тұғырына шығарған. Өткен 2017-2018 оқу жылының өзінде халықаралық және республикалық 6 байқауға қатысқан 6 оқушысы да Бас жүлде иеленген! Бүгінгі таңда ұстазымыз Қуаныш Абдолла (1-сынып), Шұғыла Әбдімәлік (1-сынып), Аманбек Мухаммет (3-сынып), Болат Елхан (3-сынып), Мәжит Бекжан (4-сынып), Фатима Қабижан (5-сынып), Аяла Аманжол (5-сынып), Тұмар Алмасбек (6-сынып), Диана Саятқызы (7-сынып), Айткей Ұлықбек (7-сынып), Динислам Айдана, Ерлан Байжұманов, Нұрлан (9-сыныптар) сынды шәкірттерін тәрбиелеуде. Астанада өткен «Ақ көгершін» халықаралық фестивалінде ұстазымыздың өзі де «Үздік педагог» атағын иеленіп, мұғалім мен оқушы бірлесе С.Сейфулиннің «Аққудың айырылуы» поэмасын сахналау арқылы «Ақжелең» халықаралық байқауында «Мұғалім мен шәкірт» номинациясы бойынша І орынды жеңіп алды.
Зейнеткерлікте жүрсе де асыл жүректі ұстазымыз қоғам өміріне де белсене ат салысуда. Облысымыздың зиялы қауымының атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясына қатысып, Елбасымыздың «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек, олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» деген сөздерін өмір қағидасына айналдырған. Қазіргі таңда облыс әкімі жанындағы «Аналар кеңесінің» белді мүшесі. Елі мен жеріне, қазақ руханиятына кірпік қақпай қызмет етіп келе жатқан Күліш Төлеуханқызының әдістемелік жаңалықтары мен еңбектері туралы, жуырда «Рухани жаңғыру» аясында облыстағы ЖОО-ның бірінде өткен халықаралық құрылтайда ұстазымыздың ілім мен білімі хақында жоба да қорғалды.
Иә, Сократша сөз өнерін меңгерген, Абайша толғанған, тіл маржанын Мұхтарша терген, қазақ тілі мен әдебиетін, Алаш руханиятын қызғыш құстай қорыған Күліш Төлеуханқызы тумысынан ұстаз болып жаралған. Ерге жүк, елге сын болған заманда, нәзік жүрегімен ұстаз деген ұлы есімді арқалаған жанның ең жоғарғы алғыс пен марапатқа, мойындауға лайық екені рас.
Төгіліп көмекейден шыққан сөзі,
Абай да өзі, Мағжан мен Мұхтар да өзі.
Ұстазы өлеңді пір тұтқан кезі –
Алаштың ұлы Абайды ұққан кезі!
Сөзінен тарих, дәстүр, ғұрып көктей,
Білімнің аспанына Ұлықбектей
Жол салған, Алашымның болашағы –
Ұстаздың қолында тұр құрып кетпей!
Соны ойлап күйген Абай, күйген Қасым,
Қазақтың әр баласын, сүйген жасын,
Күліштей ұстаздардың алдына кеп,
Халық пен патшалар да иген басын.
Иесі боп қалу үшін мәңгі жердің,
Киесі құт болса деп алғыр ердің,
Ұл-қызына парасат нұрын құйған,
Ұстаздарға аманат тағдыры елдің!
Қуаныш МЕДЕУБАЕВ.