Жаңалықтар

Кооператив – кемел келешек кепілі

     Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы ерекше серпін тудыруда. Мұнда аграрлық сектор экономиканың жаңа анықтаушысына айналып, еліміздегі агроөнеркәсіп кешенінің болашағына басты үлес болатындығы көрсетілген.

Бұл мақсат үшін кейінгі бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беріп, жағдай жоспарланумен бірге жерді тиімді пайдалану, өнімнің өңдеу сапасын жақсарту, еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс шығындарын төмендету сияқты шараларды жетілдіру көзделген. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандырып, алда тұрған бесжылдықта азық-түлік тауарлары көбейеді деген мәселе.

Жолдаудың осындай міндеті нұсқаулары ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» 2015 жылғы 29 қазандағы Заңында белгіленген шараларды жетілдіре қолданысқа енгізуді айқындаған бірден-бір ресми құжат. Аталған Заң ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтық жағдайын, құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының (одақтастарының) құқықтық жағдайын, олардың құрылуы, қызметі, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тәртібін айқындаған болатын. Ендігі мәселе Заңмен реттелетін қатынастар, онда пайдаланылатын негізгі ұйымдар, ауыл шаруашылығы кооперативінің құқықтық жағдайы, қызметі мен өнім өндіруі, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстары мен жабдықталу анықталып отыруы міндеттелген. Ең бастысы – ауыл шаруашылық кооперациясын дамыту саласындағы мемлекеттік реттеу болып табылады.

Заңда ауыл шаруашылығы кооперативін құру, кооперативтің мүлкі ондағы мүшелік, кооперативті басқару, кооперативті қайта ұйымдастыру және тарату процестері толық қамтылған болатын. Сонымен бірге, селолық тұтыну коопертивтері, су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативтері, ауыл шаруашылығы серіктестері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қайта ұйымдастыру немесе тарату рәсімдерінен өтуге міндетті. Мұндай іске асуға міндетті шаралар жергілікті жағдайларды ескере отырып, мәселенің мәні мен маңызын, келешегін көпшілікке анық түсіндіре жүргізілсе рухани және психологиялық тұтастық сақталып тиімді болатыны даусыз. Ресми көрсеткіштерге сүйенсек облысымызда биыл 37 ауыл шаруашылығы кооперативі іске қосылмақ. Көктемнің алғашқы айында 15-і құрылып, жыл соңына дейін тағы 22-сі тиісті жұмыстарына кіріседі екен. Тіптен бұл мақсатқа мемлекет тарапынан 3,5 млрд теңге де бөлінген. Бұл жағдайда ұсақ шаруашылықтар біріге келе, мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Сөйтіп, кооперативтерге тиімді жағдай туады. Сонымен қатар, базарлардағы ортада жүрген алыпсатарлардың мүмкіндігі азайып, өнім бағасын арзандауы пайда болады.

Осындай мемлекет деңгейдегі ел экономикасын жетілдіруге бағытталған міндеттер оқу орындары, ғылыми мекемелер мен зерттеу институттары тарапынан да үлкен қолдау табуы тиіс. Міндеттердің қажеттілік маңызы жалпы көпшілікке, болашақ маман жастарға толық сенімді әрі негізді жетуі тиіс. Бұған ғалымдар мен оқытушылар қауымы мұрындық болуы заңды талап десе болады. Бұл жағдайда Қазақстандағы Қарағанды экономикалық университеті профессор-оқытушылар құрамы тиісті үлесін жұмсауда. Оқу орнының ерекшелігіне байланысты «Кооперативтік қозғалыстың тарихы мен теориясы» курсы бойынша жүйелі дәрістер мен семинарлар өткізіліп, студенттер арнайы тақырыптық тапсырмамен өз бетінше жұмыстар жүргізеді. Әрине ғылыми-теориялық және практикалық конференциялар, ғылыми мақалалар, жинақ материалдары да айтылған міндеттерді айқындап, көпшілік түсінігін тиянақтайды. Оған қоса, кооператив тұрғысындағы теория мен тәжірибесінің жақындаса түсуіне ықпал етеді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында мәлімденген міндеттердің тиімділігіне көз жеткізе отырып, «Қазақстан – 2050» стратегиясының алға қойған агро­өнеркәсіп кешенінің дамып, әрі жетіле беруіндегі әлеуметтік-экономикалық мәні зор кооператив құбылысының жаңару проблемаларына асқан сеніммен қолдау көрсетеміз.

С.АДАМБЕКОВА,

Қарағанды экономикалық университетінің доценті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button