Үкімет басшысы жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендетуді тапсырды

Премьер-министр негізгі мақсат жыл соңына дейін инфляцияны 2 есе төмендету екенін атап өтті. Осыған байланысты мемлекеттік органның әрбір жауапты басшысына кешенді жоспардың іс-шараларын сапалы орындауға бар күш-жігерін салуды талап етті, деп хабарлайды Ortalyq.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сурет: taulik.kz

– Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен, азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр, – деді Әлихан Смайылов.

Ол өткен аптада (11-18 сәуір аралығында) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға өскенін атап өтті. Бұл ретте Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада – 0,2%-тен жоғары болды.

– Өңір әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуі қажет. Әсіресе, үстеме бағалардың тиісті 15%-дық мөлшерден асып кетпеуін қадағалау керек. Әкімдіктерде бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар, –  деді Премьер-министр.

Ол ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін ұлғайтуға күш салу, тауарларды сақтау және тасымалдау ісіне қолдау көрсету қажет екенін айтты.

– Халық қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көруі керек, –  деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар өңірлерде форвардтық сатып алу, тұрақтандыру қорлары, айналым схемасын қолдану, монополияға қарсы және саудадағы реттеу шараларының іске асырылуын ерекше бақылауда ұстау маңызды.

– Жергілікті жерлерде бизнеске азық-түлік тауарларының өндірісін ұлғайтуға, сақтау көлемін кеңейтуге, логистикаға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыруға барынша қолдау көрсету қажет, – деп атап өтті ол. 

Сөз соңында Премьер-министр кешенді іс-шаралардың орындалу барысын үйлестіруді қамтамасыз ету, сондай-ақ ай сайын жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп оның іске асырылу барысын қарастыру және тиісті шешімдер қабылдау қажет екенін айтты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.