Жаңалықтар

Кептерлер трагедиясы

Ақ көгершін, көгершін,

Қолғанат құс сен едің.

Бар, кезіп қайт ел ішін,

Кең дүниенің көлемін.

Әділеттің құсы деп,

Көз алмастан жолыңнан.

Бақыт құсы қоншы деп,

Ұшырамын қолымнан.

Ел тілегін алып ұш,

Адамзаттың бағына.

Қара бұлтты жарып ұш,

Мұхиттың арғы жағына.

Бұрынғы заманда кептерлер бұлтты жарып, шалғайларға ұшады десетін. Ал, қазіргі таңда оларға үйдің төбесіне ұшып шығу қиынға соғатын секілді. Неге? Кептердің ұшу қабілетінен айырылуына не себеп?! Тап басып айту қиын, әрине. Табиғи тепе-теңдікті сақтай бермейтін адамзат пен ғаламзаттың түбегейлі өзгеруінен бе? Менің ойымша, ол заманнан кептерлер ғана емес, адамдар да өзгеріп келе жатқан сияқты. Барлық жұмыстың жеңіл жағын іздейді. Тіпті, жаяу жүргілері келмегені соншалық, қоқыс шығаруға да ерінетін замандастарымыз бар. Таяқ тастам жерге көлікпен тасиды. Адамдардың денсаулығының бұзылуының бір себебі – ешкім жаяу жүргісі кел­мейді. Заманауи техника дамыған сайын бойкүйез жалқаулық та, енжарлық та етек алып келеді. Мәселен, Қытайда аяқ – адамның екінші жүрегі болып есептеледі екен. Ал бізде адамның екінші жүрегі – асқазан сияқты. Кептерлер де солар сияқты, қанатын талдырғысы келмейтіндей, ұзап ұшпай, адамдардың айналасынан шықпайды. Әйтеуір, есебін тауып елден теріп жеуге бар… Абайша айтқанда, «Еңбекпен етті ауыртпай, Құр тілменен жиғалы» жүрген бүгінгінің пайдакүнем жалқауларын елес­тетеді.

Пайдасы болмаса, зияны жоқ, біздің балалық шағымыздағы танымал әннің қаһарман құсы, бейбітшілік пен адалдықтың символы болған көгершін, кептерлердің не жазығы бар?! Кінә мен кілтипанның бәрі амалына қарай заман құрған адамдарда. Табиғи тепе-теңдік бұзылған соң, қоршаған ортада экологиялық апат! Тек қана экология емес, технологияның дамуы да кері әсерін көрсетуде.

Кезінде Нұх Пайғамбардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, топан судың аяқталғанын және Құдайдың адамдармен татуласқандығын жеткізген дәл осы інжіл құс қабілетін жоғалтқанымен, қасиетін жоғалтпаған.  Оған бірден бір себеп, жас жұбайлардың әлі күнге сеніммен бейбітшілік құсын қолдан ұшыруы. Ал біз, адамдар, қабілетіміз болғанымен күннен-күнге қасиетімізден айрылып бара жатқандаймыз?!

Мунира МЕЙРАМБЕКОВА,

ҚарМУ-дың студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button