Жаңалықтар

Әкемнің айтқандары

«Қасқыр, қасқыр, кә-кә!»

Ертеде Жәмбек деген туысқанымыз болыпты. Өте ақкөңіл, аңқау адам болған ғой. Ағасы Жәңкейдің шамалы малы, аздап қойы болған екен. Түнге қарай қойларын күзетеді. Сонда ағасы Жәңкей інісіне: «Далаға шық, қой күзет! Айқайла» дейді ғой.
Содан қайта-қайта айтып, маза бермеген соң ызаланады да, сыртқа шыға салып:
– Қасқыр, қасқыр, кә, кә! Жәңкейдің қойын же!» – деп айқайлайды екен.

 

«Әсіп қайда?»

– Түйе сойған күні Шаңырақбай ағасының үйіне қыдырып барса, есіктің алдындағы қазанда әсіп пісіп жатады. Оны шақыра қоймаған болуы керек. Бұл болса, білте шамның жарығымен әсіпті қазаннан өзі түсіріп алып: «Әсібі бар болғырдың ыстығын-ай, бетім күйіп қалды-ау», – деп бір боқтайды да (бетіне май шашырап кеткен ғой), ала қашады.
Біраздан соң жеңгесі әсіпті түсірейін деп келсе, қазан бос тұр дейді. Барлығы іздеуге шығады ғой. Сөйтсе, қораның арғы жағында айдың жарығымен иттің құйрығын бұлғаңдатып тұрғанын көріп қалады. «Текке бұлғаңдатып тұрған жоқ қой» деп, ептеп барса, Шаңырақбай әсіпті жеп тұр дейді. Жанындағы ит оған қарап құйрығын бұлғаңдатып тұр екен.

«Жамбасты ала қашты»

Көп адам бір үйде түстеніп отырады ғой. Ішінде ауылдағы Тоқбергеннің үлкені Төлеген бар. Далада ойнап жүрген балаларға қонақтардың бірі жамбасты шала турап: «Ей, мына терезені кім сындырса – сол алады, соған беремін», – деп терезеден көрсетіпті.
Сол кезде Мұқанбек келеді де, терезенің шынысын бір қойып сындырып, жамбасты ала қашыпты.
Ауылда Әуесхан дегенді мазақ қылатын: «Нағашың Мұқанбек қой» деп.

 

«Алаңдап жұмыс істей алмаймын»

Зәйміл деген тағы бір ағамыз болды. Бұл сонау өткен ғасырдың басы, жоқшылық кез болса керек. Ол кісі шөп шабуға барғанда сусынға әкелген айран, шалап бірдеңесі болса, жұмысын бастамай тұрып ішіп алады дейді.
Жанындағылар:
– Ей, Зәйміл, соңыра демалуға отырамыз ғой, сол кезде ішпейсің бе? – десе, ол сонда:
– Жоқ, алаңдап жұмыс істей алмаймын, – дейді екен.

Жазып алған Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button