Тарих

Әкем әзер аман қалған

1933 жылы замана желі солынан соғып, үштікпен жазықсыздан жазықсыз әкемді бір түннің ішінде НКВД-ның қызметкерлері қолына кісен салып, алып кетеді. Әкеммен қоса сол ауылдан жалған жаламен күйші Сармантайдың Ахметжаны, Шәкірдің Рахымбегі, Байжанның Шакудасы да репрессияға ұшыраған екен. Осы сотталған адамдардың СССР Жоғарғы Совет Президиумының 16.01.1989 жылғы указымен бір тобы ақталған болатын.

 Әкем Оспан Өксікбаев 1898 жылы Қоңырат ауданы, 14 ауылда дүниеге келіпті. Руы Қайдауыл (екінші аты Шуылдақ). 

Әкемнің әкесі Өксікбай Күленұлы негізгі кәсібі мал, егін шаруашылығы болған. Әкем Оспан жетімдікті жастайынан тартса да, еті тірі, пысық жігіт болып ержетеді. Ескіше арабша, латынша хат таныған. Егін, мал шаруашылығының есебін өзі жүргізген. Негізгі мекені Имектің Ақсайы, ертеде Күлен Ақсайы атанған. Есепші болған. Әкем Оспан сол қуғын-сүргіннің алдында ауылдық советтің Кеңес председателінің орынбасары болып жүріп колхозды ұйымдастыруға, байларды конфескелеуге белсенді араласады.
«Әлдісі билеген, әлсізі именген азап лагерінде небір жайсаңдар әрбір ұлттан жиналған, бәрін қойша тоғытты-ау. Екі иығыма екі кісі мінгендей тұлғалы болатынмын» деп күрсінетін
әкем Оспан. Лагерде үнемі әлсіздерге болысып, әлділермен алысып өткен екен. Бірде түрменің ішіндегі өздерін атаман санап жүргендер бетпе-бет келуге бата алмай, алыстан балта лақтырады. Балта әкемнің аяғына тиіп, пимасының іші қанға толып кетеді. Бірақ, намысын қолынан бермеген әкем аяғының қанағанына қарамай балтаны ала салып, ұмтылып кегін қайтарады. Жараланған аяғын бір татар әйелі емдеп жазады. «Оған себеп, әлсіздердің қолындағы нанын, тамағын тартып алатын. Меноған шыдай алмай, олардың тартып алғанын өздеріне алып беретінмін» дейтін. Айқаса, төбелесе кеткенде он екі мүшем түгел жұмыс жасап кететін. Сөйтіп, әлсіздерге пана болдым. Беттері бір қайтқан соң жоламайтын болды.
Азап лагерінде 5 жылға таяу уақыты өткеннен кейін түрмедегілерді жер аудармақшы болады. Сол кезде жанында Мұқиынның ағасы Мінуар деген және бір-екі кісі бар әкем түрмеден қашып шығыпты. Ұзақ жүрген соң, Қарқаралының маңындағы Бесоба деген жерге келіп түнейді. Ауруға шалдыққан Мінуарды өздігінен жүре алмағандықтан, кезек-кезек арқалап, олар бір жерге келіп демін алады.
Енді су ішейін десе, Мінуарды тастап кете алмайды. Сусыз ештеңе болмайтынын білген олар нартәуекелге барып, жан-жақтан төбелерге шығып, алыстан мұнартып көрінген екі-үш үйдің бірінен су әкелсе, Мінуар өмірмен қош айтысыпты. Көп ойланып, ақыры сол жерден қабірін қазып, жерлейді. «Мінуар 1894 жылы 8-ауылда туған. Сол жылы ауыл совет председателі болып тұрғанда ұсталған.
Сері жігіт, өзі ақын еді. «Аяғымды байқап баспай, Қапыда сынды-ау белім», – деп тақпақтап сөйлеуші еді деп отыратын. Бір өкінішім, сүйегін елге жеткізе алмадым», – деп күрсіне еске алушы еді. Әкем бір әкеден – жалғыз. Омардан қалған Сараны бауырымнан қалған көз ғой, – деп бауырына тартты. Жалғыз қарындасы Ажар Өксікбайқызын да қамқорлығына алып, үй болып кетуіне көмек жасаған.
1937-1940 жылдар аралығында анамыз Айжанның бауырлары, біздің нағашыларымыз Наурызбай Әбдібаев, Құйрықбай деген кісілердің көмегі көп болған. Онда ол кісілер Шамшы өзенінің бойындағы Қарынши қыстағында дүкен ұстаған. 1941 жылы екеуі бірдей майданға аттанады. Құйрықбай әскерге кеткенде, сол дүкенді біздің әкей қабылдап алады. Дүкен тауарын тегіс әкейге өткізіп кеткен екен.
1943 жылы әкемді Қарағандыдағы екінші батальонға әкеткен. Шахтада 1945 жылдың маусым айына дейін істеген. Сол маусым айында шахтада
қатты ауырып жатқан. Әкем жазылған соң, Қарынши бойындағы егінге бригадир болған. Сол кезде сол өзен бойында ақбикеш, ақбидай егіліп, одан ерен өнім алған. Егінді қолдан су жіберіп суарып отырған. Ол жерде егіннен басқа құс өнідірілген, жұмыртқа алған. Мал өнімінен де жұмыртқа, сары май, брензі жасап өткізген.
Брензі жасайтын Сара тәтем істеген екен. Мал терілерін өткізген. Оны ауданда Садықан деген кісі қабылдап алып отырған.
Таудай қорғанымыз, желдей пана орманымыз болған әкеміздің жарқын бейнесін қанша жыл өтсе де, ұрпақтары әрдайым жадынан шығармайды. Әр кез «жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын», – деп дұға бағыштап отырамыз.

Айша ОСПАНҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button