БілімБілім ошақтарында

Кеңес беру орталығы ашылды

Ерекше қажеттілігі бар балаларға білім берудегі негізгі міндет – әр баланы айналасындағылардың көмегіне тәуелді болмай, өз бетінше өмір сүруге дайындау, қалыптастыру және толыққанды өсуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта облысымызда, атап айтқанда Шахтинск қаласында тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) орталығы ашылды.

№6 облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес Шахтинск, Саран қалаларының, сондай-ақ, Абай және Нұра аудандарындағы 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 50 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. 

Парковая көшесі, 35а үй мекенжайындағы №3 жалпы білім беретін мектепте орналасқан орталық жылына 800-ге жуық балаға қажетті көмек пен кеңес береді деп жоспарланған. Бұл, өз кезегінде дәл осындай орталықтардың жұмысын, атап айтқанда, балалар кезегін екі есе азайтуға мүмкіндік бермек.

– Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім беру мәселесі басты назарда. Облыста балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін арнайы инклюзивті білім беру инфрақұрылымы дамуда. ПМПК желілерін кеңейту осы бағыттардың бірі болып табылады, – дейді № 6 Қарағанды облыстық ПМПК басшысы Ақмарал Мұқашева. Оның айтуынша, орталықта кедергісіз орта құрылып, пандустар қойылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін тактильді жолдар салынған, арнайы тұтқалар орнатылған.

Одан бөлек, балаларды тексеру және кеңес беру үшін қажетті жабдықтар қойылған.

Орталықтың ашылғаны ерекше баласы бар отбасыларға едәуір көмек болды. Мәселен, Шахтинск тұрғыны Қасиет Башкенова бұған дейін алты жасар қызы Айымды Қарағандыға апарып жүрген. 

– Бұған дейін Қарағандыға барып-келіп жүрдік. Жолға кететін уақыт пен автобустан автобусқа ауысып отырудан шаршайтын едік. Одан қалса кезекті де күтіп қалатынбыз. Енді алысқа бармаймыз. Білікті көмекті қалада отырып алатын болдық, – дейді Қасиет Башкенова. Ол қызы Айымның орталыққа келгелі ашылып, есте сақтау қабілеті де жақсара түскенін айтады. Айым аптасына екі рет логопед, дефектологқа және бір сағат психологқа барады. Нәтиже бар.

Баланы ПМПК-ға тексеруге жазу үшін ілеспе құжаттарды қоса бере отырып, электрондық немесе қағаз түрінде өтініш беру қажет. Сондай-ақ, туу туралы куәліктің, мүгедектік туралы қорытындының, дәрігерлік-консультациялық комиссияның денсаулық жағдайы бойынша үйде оқыту қажеттілігі туралы (үйде оқитын балалар үшін) сканерленген көшірмелерін ұсыну керек.

Баланы консультацияға тіркеу үшін № 6 ПМПК кеңсесіне хабарласуға немесе https://malahit24.kz жеке кабинетте тіркелу арқылы жазылуға болады. Бұл ретте баланы облыстың ПМПК-нің кезекке қойған Шахтинск, Саран, Абай және Нұра аудандарының тұрғындары №6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға қайта тіркеле алады.

Салтанат ІЛИЯШ.

ШАХТИНСК

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button