ҚарТУ-да Fortinet желілік қауіпсіздік зертханасы ашылды
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Киберқауіпсіздік және жасанды интеллект» кафедрасында Fortinet желілік қауіпсіздік зертханасы өз жұмысын бастады. Лабораторияны университет ректоры Сауле Сагинтаева салтанатты түрде ашты.

Жаңа лаборатория Fortinet-тің кәсіби жабдықтарымен қамтамасыз етілген және әрбір студентке жеке стендте практикалық жаттығулар орындауға мүмкіндік береді. Мұндай формат Қазақстан университеттерінде бірегей болып табылады және студенттердің корпоративтік деңгейдегі инфрақұрылыммен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Осы семестрден бастап зертханада студенттер мыналар бойынша практикалық сабақтар өтеді:
· фаерволдарды, коммутаторларды және кіру нүктелерін баптау;
· кибершабуылдардан қорғау әдістері;
· VPN, IPS, SD-WAN және FortiGuard жүйелерімен жұмыс;
· трафикті талдау және қорғалған желілік архитектуралар құру.

«Жаңа желілік қауіпсіздік зертханасы әлемдік компаниялар деңгейіндегі инфрақұрылыммен сенімді жұмыс істей алатын ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлауда сапалы жаңа практикалық базаға айналмақ», – деді университет ректоры Сауле Сагинтаева.

Зертхана «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Желілік қауіпсіздік», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» бағдарламалары бойынша оқитын студенттер үшін теорияны практикамен ұштастыратындай мүмкіндіктер береді. Қосымша ақпарат пен байланыс – университеттің ресми сайтынан немесе кафедрадан алынады.
Жамал АКПАРОВА



