Жаңалықтар

Карантин шаралары күшейтіледі

Облыста коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайының өсуіне байланысты 12-сәуірден карантин режимін күшейту шешімі қабылданды. Тиымдар мен шектеулер туралы облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде өткен брифингте мәлімдеді.

Атап айтқанда, Қарағандыда Ashyq пилоттық жобасына кірген нысандарды қоспағанда, ойын-сауық мекемелері, букмекерлік кеңселер, жабық үй-жайлардағы ойын алаңдарын, аттракциондарды қоса алғанда, балалардың ойын-сауық орталықтары, банкет залдары, театрлар мен кинотеатрлар, концерт залдары, цирк, мәдениет үйлері мен мәдениет сарайлары, жалпы білім беретін мектептерде орналасқан секциялар, үйірмелердің жұмысына тыйым салынады. Бұл ретте 30 адамға дейінгі шектеумен кітапханалар мен мұражайларға жұмыс істеуге рұқсат етілгенін айту керек.

Сенбі және жексенбі күндері Қарағанды – Теміртау – Қарағанды; Қарағанды – Саран – Қарағанды; Қарағанды – Шахтинск – Қарағанды; Қарағанды – Абай – Қарағанды; Қарағанды – Шахан – Қарағанды; Қарағанды – Топар – Қарағанды бағыттар бойынша жолаушылар тасымалы тоқтайды. Одан бөлек, еліміздің басқа өңірлеріне және облыс ішінде тұрақты емес туристік автотасымалдарға толық тыйым салынады.

Жаттығу залдары мен фитнес-орталықтарға, бассейндерге, сұлулық салондарына бару үшін алдын-ала жазылу қажет.

Сенбі және жексенбі күндері облыс бойынша сауда үйлері, сауда-ойын-сауық орталықтары, көтерме-тарату орталықтары, ауданы 2000 шаршы метрден астам азық-түлік емес тауарлары бар дүкендер, жабық базарлар жұмысын тоқтатады. Ал, ашық алаңдағы базарлардың жұмысы тек жексенбі күндері ғана тоқтайды.

Супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс кестесі: таңғы сағат 7:00 ден 24:00-ге дейін. Қоғамдық тамақтану нысандары сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Юрий Залыгин мектептерде оқыту аралас форматта болып қала беретінін айтады. Дәстүрлі түрде мектепалды сыныптардың оқушылары, 1-ден 5-ке дейін, халықаралық мектептерде 1-ден 7-ге дейін, сыныптардағы балалар саны 25 оқушыдан аспауы тиіс. 6,7,8,10 сынып оқушыларын оқыту қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылады. Ал, балабақшаларда 15 адамнан аспайтын кезекші топтар ғана жұмыс істейді.

– Мемлекеттік ұйымдар мен жеке кәсіпорындар өндірістік қажеттілікке байланысты қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс форматына көшіргені жөн. Сондай-ақ, 13-сәуір мен 12-мамыр аралығында қасиетті Рамазан айына байланысты бұқаралық іс-шараларды, соның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынатынын тағы да еске саламыз, – дейді Юрий Залыгин.

Басқа материалдар

Back to top button