Жаңалықтар

Кадр даярлауда орны ерек

     Өткен ғасырдың 40-шы жылдарында Қарқаралының зооветтехникумы ашылмай тұрып, мұнда бір жылдық ауыл шаруашылығы мектебі болған. Өйткені, Сталиннің пәрменімен жүзеге асқан колхоздастыру науқанынан кейін шаруашылықтарға мал жағдайын білетін сауатты ұйымдастырушылар, Кеңес идеологиясын халық арасында кеңінен насихаттайтын мамандар керек болды. Мектеп қырық оқушыға арналған еді. Бесінші сыныпты бітірген балалар мал шаруашылығы мамандарына оқытылатын.

    Мектеп 50-ші жылдардың соңына таман Қарқаралы зоотехникалық-ветеринарлық техникумы болып қайта құрылды. Қарқаралы қаласында төрт қабатты оқу ғимараты, жатақхана салынды. Бұл оқу орны 1996 жылға дейін техникум болып жұмыс істейді. Сол жылдары ауыл шаруашылығы колледжі ретінде жұмысы жанданды.

    Өткен ғасырда Қарқаралы басында техникуммен қатар, мамандандырылған кәсіптік-техникалық училище (СПТУ) болды. Тоқырау жылдарында училище мен техникумдағы бала саны азаяды. Үкіметке екі оқу орнын қатар ұстау қиындыққа түседі. Ол тұста барлық оқу орындарын оңтайландыру саясаты болды ғой. Сонымен, 1997 жылы училищені бір-екі мамандықтарымен техникумға қосады. Ал, 2005 жылы аудан басшылығының бастамасымен №5 кәсіптік лицей ашылады. Лицей нарық талабына сәйкес, фермер, автомеханик, аспаз, туризм ұйымдастырушысы мамандықтары бойынша білім береді. 2012 жылы лицей маман даярлаудағы бағытын сақтай отырып, Қарқаралы көпсалалы колледжі болып қайта құрылады. Колледж 2015 жылы облыс әкімінің қаулысымен М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжі болып аталды.

    Бұрынғы веттехник, зоотехник, механик, аспаз, туризм ұйымдастырушысы мамандарына қоса, эколог, орманшы, есеп-аудит мамандықтары ашылды. Қазір колледж тоғыз мамандық бойынша кадр даярлауда.

    Биыл колледж бастамасымен ақылы негізде ветеринарлық санитар мамандығы енгізілмек. Бұл бөлімді бітірген балалар зертханаларда жұмыс істейді. Шаруашылықтарда түрлі мал аурулары көбейіп кеткендіктен, бұл мамандыққа сұраныс жоғары болып отыр. Қазір колледжде 328 оқушы оқиды. Оларға 48 ұстаз сабақ береді. Ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қымбат Мусина, Бейбітшіл Хамитов, Қанат Мұқанов, Болат Әбілов есімді тәжірибелі мамандар, Мөлдір Азанбай, Роза Сайлау есімді жас ұстаздар бар. Ұжымға Саят Оспанов жетекшілік етеді.

    Колледжде жастардың алаңсыз білім алуына жағдай жасалған. 120 орындық жатақхана, асхана, оқу залы, кітапхана, жаттығу залы, спорт залы бар.

   Оқу екпінділері ай сайын 16 мың теңге стипендия алады. Үздік оқитындарға ай сайын Мыңжасар Әдекенов атындағы жиырма мың теңге көлемінде арнайы шәкіртақы белгіленген. Қазір шәкіртақыны ветеринария бөліміндегі Дамира Ырысбай және Рауан Қордабай есімді екі студент ай сайын алып келеді. Шәкіртақы Мыңжасар Әдекенов атындағы қордан арнайы комиссияның шешіміне сәйкес төленеді.

    Студенттердің теориялық білімін іс жүзінде шыңдау жан-жақты ескерілген. Оқу-шаруашылық учаскесінің көлемі 5000 гектарға жуық. Мұнда тұрғын үй, мал қорасы тұрғызылды. Отыз шақты қой, он шақты ірі қара, бір жылқы, техника бар. Оқу-тәжірибе сабақтарының кестесіне сәйкес, студенттер барып тұрады. Жабдықталған зертханада студенттер мал қанын алады, сараптама жасайды. Қой қырқынға, сақманға қатысады. Осылайша, фермерлік шаруашылықтың қыр-сырына қанығады.

    Колледж түлектерін жұмысқа орналастыру жағы да жан-жақты ойластырылған. Аудан орталығында әлеуметтік серіктестік жұмыс істейді. Серіктестік арқылы қай ауылға қандай маман керек екенін біліп отырады. Түлектердің отыз пайызға жуығы түрлі жоғары оқу орындарына барады. Қалғандары мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады.

    Колледжге жастар облыстың барлық аудандарынан қабылданады. Ұстаздар қауымы өңірлерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

    Одақ тұсында шаруашылықтарды басқарған, партия, кеңес органдарына басшылық қызметтер атқарған азаматтардың дені осы колледжді бітірген. Қазіргі таңда да колледждің облысымыздың халық шаруашылығы саласына мамандар даярлаудағы орны ерекше. Келешегі кемел колледж алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button