Ресми

Кәсіптік білім көкжиегі

Елімізде жұмысшы мамандар тапшы, ал жұмыссыз жүрген жастар көп. Осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік грант саны жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл салада соңғы жылдары өзге де өзгерістер орын алуда. Мұның бәрі сапалы білімге негізделіп, жастарды жұмыспен қамтуға, одан әрі мемлекетті гүлдендіруге бағытталған. Осыған байланысты өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстың білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Индира Исқақованың қатысуымен өткен брифингте техникалық білім беру саласындағы маңызды мәселелер айтылды.

Қазір өңірде техникалық және кәсіптік білім беретін 55 колледж жұмыс істейді, оның 38-і мемлекеттік, 17-сі жекеменшік. Колледждерде 31 912 студент білім алуда. Мемлекеттік тапсырыспен 7653 студент қабылданса, алдағы оқу жылында 8089 студентті қамту жоспарда. Колледждердің 67 пайызы техникалық және кәсіптік тегін білім берумен қамтылған.

«Студенттердің сапалы білім алуы, жұмысқа орналасуы, азамат ретінде қоғамнан өз орнын табудағы ең маңыздысы – ерте кәсіптік бағдар беру жұмысы. Кәсіптік бағдар беру 5-сыныптан басталады. Аймақтағы мектептер мен колледждерде «Хедхантингтік экожүйесі бойынша кәсіптік бағдар беру» жүйесі әзірленіп, енгізіле бастады. Бұл жүйе оқушылардың тестілеуден өтуінен бастап, жұмыс берушілер тарапынан колледж түлектеріне ұсыныстар бергенге дейін мамандықты таңдағанда дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Оған қоса, облыстағы барлық колледж 2021 жылдан бастап «Mycollege» порталы іске қосылған. Оқушылар осы сайттың көмегімен мамандық пен оқу орнын таңдай алады. Жыл сайын Кәсіптік бағдар беру күндерінің бағдарламалары жасалады, Ашық есік күндері және кәсіби сынамалар өткізіледі»,– деді облыстың білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Индира Ерданқызы.

Бөлім басшысы брифингте түлектердің жұмысқа орналасу мәселесіне де тоқталды. Биылғы оқу жылынан бастап колледждерде нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізілген. Яғни, өңірдегі кәсіпорындар мен колледждер келісімшартқа отырып, колледж бітірген түлектерді компаниялар жұмысқа қабылдайды. Бүгінгі күні 13 колледжде 207 студент нысаналы білім беру тапсырысы бойынша білім алып жатыр. Өңірдегі 16 кәсіпорынмен келісімшартқа қол қойылған. Олардың қатарында «Qaz Tehna» ЖШС, «Инкар-1» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ БЖ, «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ филиалы, «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ филиалы, «Құрылысмет» ЖШС, «Ютария» ЖШС, т.б. ірі компаниялар бар.

«Түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша мониторинг жүргізіледі. Бүгінгі күні жұмыспен қамту, жұмысқа орналасу дәрежесі 88 пайызды құрап отыр. Мемлекеттік грант есебінен 79,5 пайызды құрайды»,– деді бөлім басшысы.

Сонымен қоса, кадрларды сапалы даярлау үшін 42 колледжде 6 425 студентті қамтитын дуальды оқыту енгізілген. Оның ішінде 5 517 орын мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша бөлінген. Дуальды оқыту бойынша колледждер өңірдегі 360 кәсіпорынмен тығыз жұмыс жасайды. Яғни, студенттер теорияны оқу орнында үйренсе, компанияларда тәжірибеден өтеді.

– Бүгінгі таңда 32 колледж «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазтехна» АҚ, «Инкар-1» ЖШС, «Аспап» құрылыс – кәсіпкерлік кооперативі, «ҚАЗМЕХАНОМОНТАЖ» ЖШС, «СКЭП» ЖШС, «ҚТЖ Жүк тасымалы» АҚ, «БП Қарағанды бөлімшесі» сияқты ірі кәсіпорындармен 74 қамқорлық және өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумға қол қойды.

Ынтымақтастық шеңберінде жоғарыда аталған кәсіпорын өкілдері қамқоршылық және индустриялық кеңестердің құрамына кіреді, сондай-ақ колледждердегі білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлейді. Осы кәсіпорындар базасында теориялық және зертханалық-практикалық сабақтар өткізіледі, оның ішінде дуальды оқыту шеңберінде экскурсиялар мен практикалар ұйымдастырылады, колледждердің материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға және түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі, – деді Индира Исқақова.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту және сапалы білімге қол жеткізу мақсатында 2020-2021 жылдары «Жас маман» жобасымен 14 колледж АҚШ, Италия, Германия, Швеция, Франция, Аустрия өндіретін әлемдік брендтердің заманауи жабдықтарымен жабдықталған. Жоба аясында 47 зертхана, 27 шеберхана, 6 арнайы пән кабинеттері, тренажер сынып және оқу кабинеті, металл өңдеу цехы, 34 мамандық бойынша 1 тренинг және коучинг орталығы жабдықталған.

Аймақтағы колледж студенттері республикалық чемпионаттарда көш бастап тұр. Былтыр WorldSkills Kazakhstan – 2022 республикалық чемпионатында Қарағанды облысы республика бойынша І орынға ие болды. Сайысқа қатысушы студенттер алты алтын, үш күміс, екі қола және он бір үздік медальон жеңіп алды. Жеңімпаз атанған қарағандылық студенттер биыл EuroSkills – 2023 халықаралық чемпионатқа қатысып, Қазақстанның атын әлемге танытпақ.

Брифинг соңында облыстың білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Индира Исқақова БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді.

«Өңірде мемлекеттік аттестаттау кезінде лицензиясыз білім берген 3 колледж анықталды. Бұл колледждердің мәселесі қалай шешілді?» деген редакция тілшісінің сауалына Индира Ерданқызы: «Осы колледждер жұмыс жоспарларында кеткен кемшіліктерге байланысты мемлекеттік аттестаттаудан өтпеді. Ал, қазіргі кезде бәрі ретке келтірілді. Өңірдегі колледждер лицензиясыз ешқандай диплом, сертификат бере алмайды»,– деп жауап берді.

Бұдан басқа, аймақта педагогикалық, техникалық, медициналық бағыттағы мамандар тапшы екені айтылды. Яғни, біздің өңірде тау-кен саласының мамандары, тігінші, құрылысшы, дәнекерлеуші, т.б. мамандар жеткіліксіз.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button