Форум

Кәсіпкерлікті қолдау – келешекке жолдау

Достық үйінде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының қолдауымен, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы форумы өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері және өңірдің іскер әйелдері қатысты. Жиын барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы», ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Atameken Qaragandy» микроқаржы ұйымы мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттармен бөлісті.

– Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде «кәсіпкер әйел» деген ұғым болмады. Ал бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлік саланың әрбір екінші өкілі – әйел деуге болады. Қазір облыста жұмыс жасайтын 42 мыңнан астам кәсіпорынға әйелдер басшылық етеді. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 60 есеге өсіп, бүгінде 1,8 триллион теңгеге бағаланып отыр. Бұны Қазақстандағы «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» корпорациясы сияқты өнеркәсіп алпауыттарының көрсеткіштерімен салыстыруға болады, – деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Сонымен қатар, форумға қатысқан іскер қыз-келіншектер өздерінің жетістікке жету жолдарымен бөлісті.

– Менің бизнес ашуыма өзімнің балам себепкер болды. Баламның денсаулығында кінәрат болды, сол себепті, біз арнайы диетаға көшуге мәжбүр болдық. Ол кезде өңделмеген бидайдан пісірілген нан іс жүзінде жоқ еді. Мен бұл мәселені шешудің жолдарын іздей бастадым, көп зерттедім. Сөйтіп, іздегенімді тауып, осы бағытта жұмыс істеген Нұр-Сұлтан қаласындағы кәсіпкердің тәжірибесін игере бастадым. Одан кейін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қаржылай қолдауымен жеке кәсібімді аштым. Қазір өзімнің шағын наубайханам бар. Мен бидай дәнінен нан пісіремін. Бұл табиғи өнім. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды практикаға қабылдаймын, – деді қарағандылық «Бионан» компаниясының негізін қалаушы Әсел Бекбаева.

Бизнесті сәтті бастаудың және оны дұрыс жүргізудің басты құпиясы – әр адамда табандылық пен қызығушылықтың болуы керек екені айтылды. Тәжірибелі іскер әйелдер өз бизнесін енді бастап жатқан жас кәсіпкерлерге қиындықтан мойымай, әрқашан өз-өзіне сенімді болуға шақырды.

– Әйелдің қолынан көп іс келеді. Ауыл-аймақтарда әйел адамдар өз бизнесін ашып, кәсібін дөңгелетсе, біз оған қуанатын едік. Сол себепті, көптеген іс-шараларды ауылдық жерлерде өткізуге тырысамыз. Кәсіп бастаймын деушілерге дұрыс бағыт-бағдар береміз. Бүгінде Іскер әйелдер қауымдастығы жақсы жобаларды жүзеге асыруда. Жас кәсіпкерлерге «Бастау бизнес» жобасы бойынша мемлекет тарапынан тегін білім алуды қамтамасыз еттік. Олар белгіленген кесте бойынша арнайы ментор, тренерлердің көмегімен оқытылады. Әрқайсысына бизнес жоспар құруды үйретеді, – деді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлия Жәңгірова.

Жиын барысында әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда еңбек етіп жүрген Теміртау қалалық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Марина Шиллерге осы саладағы елеулі еңбегі үшін марапат берілді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button