Күш атасын танытқан
Қазақ күресінен Қазақ КСР-ның тұңғыш спорт шебері, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, республикалық санаттағы төреші Қылаң Бақыжанов туралы жазылған кітаптың тұсауы кесілді.

Кітапта Қылаң Бақыжановтың спорттағы жетістіктері, замандастарының жылы естеліктері жазылған. Сонымен қатар, балуан әулетінің шежіресі бар. Кітаптың авторы – Талғат Қашқынбаев. Жазуға 6 айға жуық уақыт кетіпті. Тұсаукесер рәсіміне Өскемен қаласынан арнайы келді.
– Қатонқарағай ауданының тумасы Қылаң Бақыжанов деген ағамыз кезінде осы қазақ күресінен үлкен жетістіктерге жеткен. Қарағандыдағы шахталарда қызмет атқарған. Осы кітапта сол кісінің өмір жолы туралы және күрестегі жетістіктері туралы таныстары, туыстары басқа да көрген-білген адамдардың естеліктері жинақталған, – деді Талғат Қашқынбаев.
Қылаң Бақыжанов 50-60 жылдары есімі елге кеңінен танылған балуан. Қазақ КСР-ның 7 дүркін және Орта Азия мен Қазақстанның 2 дүркін чемпионы. «Спорт шебері» атағын ең алғаш алған спортшы. Тау тұлға 16 жыл Қарағанды облысының спорт федерациясын басқарған. 40 жыл шахтада жұмыс жасаған.
Шара барысында «Армандар бізден алыста» деп аталған екінші кітаптың да тұсауы кесілді. Мұнда Қылаң Бақыжановтың жары Күлжә Бақыжанова туралы жазылған. 92 жасқа келген. Ұзақ жыл ұстаздық еткен педагогтың өмір жолына арналған атты кітаптың тұсауы кесілді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz