Жаңалықтар

Көсем бейнесі – көпшілік жадында

Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталығы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен бірлесе отырып, «Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейхан» атты әдеби кеш өткізді.

ZOOM платформасында ұйымдастырылған іс-шараға Орталық ұжымы, кітапхана қызметкерлері, жақында Ә.Бөкейхан есімі берілген гимназия мұғалімдері мен оқушылары, Теміртау қалалық тілдер бөлімінің ұжымы қонақ болды.

Әдеби кеш спикерлері Әлихан Нұрмұхамедұлының 155 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында ел тарихындағы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің елеулі орны, Әлихан Бөкейхан тұлғасының зерттелуі, алаштық азаматтардың руханиятымызға қосқан баға жетпес бай мұрасы жайлы тағылымды баяндамалар жасады. Кітапхана қызметкерлерінің алғы сөзімен басталған жиында қалалық тілдер бөлімінің басшысы Меруерт Ахметжанованың «Әлихан Бөкейхан – ұлт тілінің тірегі» атты баяндамасында қазіргі қолданыстағы қазақ тілінің тазалығын сақтауда алаштықтардың аянбай еңбек еткенін тілге тиек етілді.

Ал, кешке Тұңғыш Президент атындағы тарихи-мәдени орталықтың атынан қатысқан Қуаныш Тыныбекұлы «Рухани жаңғыру – Алаш идеясының жалғасы» атты баяндамасында XX ғасырдың басындағы қазақтардың саналы тобы жүзжылдықтардың жұмысын өздері ғана атқарғанын айта келе, елімізде қазіргі уақытта жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол замандарда-ақ басталғанын атап өтті. Мәні зор, мағынасы ерекше жиын қатысушылары бұдан өзге «Әлихан Бөкейхан қайраткер, ғалым» атты кітап көрмесімен және «Әлихан Бөкейханның мемлекет құрудағы бес ұстанымы» атты ғылыми баяндамалармен танысты.

Жинақы түрде, тартымды өрбіген танымдық кеш Әлихандай ұлы тұлғаның азаматтық бейнесін жас буын жадында тағы бір жаңғыртты.

Жәлел ШАЛҚАР.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button