Көрменің басталуына 262 күн қалды. Туристер тарапынан – жоғары сұраныс
«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі қарсаңында Қазақстанға әлемнің жүзден аса елінен ірі туристік компания өкілдері келді. Олар елімізді «екінші Швейцария» деп атады және әлем туристері үшін Астананың даңқы асқақтап тұрғанын атап өтті. Бұл туралы BNews.kz мәлімдеді.
Баспасөз конференциясына қатысқан голландиялық «Kazakhstan tours» туристік компаниясының директоры Адрианус Матеус Батыс Еуропада Қазақстанға жол тартатын рейстерге сұраныс жоғары екендігін айтты. Еуропалықтар бізге экотуризм мақсатында келеді.
– Мен голландиялық туристік компанияның өкілімін. Туризм саласында 10 жылдан бері жұмыс істейміз. Туристердің көбі Қазақстанды таңдайды. Олар Қазақстанда, орташа есеппен, бес күннен үш аптаға дейінгі аралықта болады. Соңғы он жыл ішінде Алматы облысы ең тартымды қалалардың бірі болды. Себебі, Алматыда демалысқа ыңғайлы және әдемі көріністер көп. Бірақ, соңғы кездері сәулетті құрылысы бар Астана да туристердің қызығушылығын тудырып отыр. Сондай-ақ, тарихи қала ретінде Шымкент пен Таразға да сұраныс бар. Алтай бөктері, Маңғыстау, Ұлытау, Қарқаралы да туризмге қолайлы. Әттегені, бұл жерлерге жету қиындау, – деді Адрианус Матеус.
Үндістандық туристік компанияның директоры Радж мырза үнділіктер Қазақстанды «екінші Швейцария» деп атайтындығын айтты.
– Біз посткеңестік және Еуропа елдерінде туристік қызметпен айналысамыз. Соңғы үш жылда Қазақстанға көптеген рейс жасалды. Қазір Қазақстанды Орталық Азиядағы екінші Швейцария деп атаймыз. Көбінесе, рейстер Алматыға бағыт алады. Бұл қала тұрғындары – өте қонақжай. Биыл жұмыс көлемі ұлғайды. Келесі жылы бұдан да артады деген үміттеміз. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Алматы мен Астанада туристік бағыттарды дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады, – деді компания өкілі.
Ресейлік «Три кита» туристік компаниясының бас директоры Төлеген Бекмағамбетов Ресейде Астана мен Бурабай бағытына деген сұраныс жоғары екендігін айтты.
– 1997 жылдан бері Қазақстан курорттарына тур ұйымдастырамыз. Омбы, Түмен, Қорған, Екатеринбург қаласының тұрғындары үшін Қазақстан өте қолайлы жер. Бүгінде Бурабай мен Астана туристік пакеті танымал. Келесі жылы да «ЭКСПО-2017» көрмесіне келушілердің саны көп болады деп үміттенеміз. Жалпы алатын болсақ, 20 жыл ішінде біз Қазақстанды Ресейдің ірі туроператорларының онлайн-жүйесіне енгіздік. Ресейдің 25 туристік агенттігі Астана мен Бурабай рейсін ұсына алады, – деп мәлімдеді Төлеген Бекмағамбетов.