Тарих

Күрескер

Қазақ үкіметін 5 жыл басқарған Нығмет НҰРМАҚОВ, 1929 жылы Мәскеудегі Орталық комитет жанындағы жоғарғы партия мектебіне оқуға жіберіледі. «Елім-жерім» деп жалындап тұрған білікті маманды күтпеген жерден орталыққа алдырудың өзі, оның қарым-қабілетінен қауіптену еді. Осы себептен де, оқуын үздік аяқтаған, тумысынан алғыр Нығмет Мәскеуде орталық аппаратта қызметке қалдырылыпты. Алайда, ол орталықта қызмет ете жүріп те ел игілігі үшін аянбай тер төккен.Тарихтан қазақтың алтын айдарлы ұлдары Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейхан, С.Асфендияровтарды өз елінен алшақта орталықтың қызметіне орналастырып, бақылауда ұстағанын білеміз. Алайда, батыр бабалардың жүріп өткен қыспаққа толы өмір жолдарына қарап отырып, олар өздерінің нағыз «атаның емес, адамның баласы» екендігін дәлелдегенін аңғарамыз. Күнделікті қадағалауда жүріп те, өз міндеттерін адал атқарып, жасаған ерліктеріне бас иеміз.

Нығмет Нұрмақов  қазақ зиялыларының жаңа жас толқынының елеулі бөлігімен бірге коммунистер жар салған идея мен көтерген ұранға сеніп, адал қызмет етті. Адал еңбегі мен біліктілігінің арқасында совет қызметіндегі мансаптық жылдам өсу жолынан өтті.

1929­1931 аралығында Мәскеудегі жоғары партия мектебін аяқтаған соң, 1931­1937 жылдары Нығмет Нұрмақов биік әрі бір қарағанда зор үміт күттіретін партиялық­мемлекеттік қызметтер атқарды. Бүкілроссиялық Атқару комитетінің Президиум мүшесі, Президуим хатшысының орынбасары, БОАК Президиумының Ұлттар және ақпарат бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, көптеген аз ұлттардың дамуына үлес қосты. Ресейдегі 23 аз ұлтты халық дәрежесіне көтеріп, салт-­дәстүрі мен тарихын өз ана тілінде зерделей алатын тең құқықты ел ретінде дамуына жол ашты.

Шағын ұлттардың мәселесімен айналыса жүре, олардың талапты жастарын оқытып, елге пайдасы тиетін мамандарды жасақтады. Сонымен қатар, ұлттар арасындағы достық қарым­қатынасқа да баса назар аударып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, аса білімді, білікті маман екенін дәлелдеді.

Жуырда Қарағандыдағы Ж.Бектұров атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында болғанымызда, ол туралы және өз еңбектерін қамтитын бірнеше кітаптар мен газет­журналдарды көрдік. Сонымен қатар, Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеп жүрген Алматы энергетика және байланыс университетінің ұстазы, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Қабдөшев – «Н.Нұрмақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» тақырыбында кандидаттық десертация қорғағанын да білдік. Бірақ, ұлт перзентінің әлі де зерттеуді қажет ететін мұралары бар екені анық.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымованың айтуынша, Нығмет Нұрмақовтың қызмет жолы, әсіресе, Мәскеуде қызмет еткен жылдары терең зерттеуді қажет етеді.

– Көп адам Кеңес үкіметін құруға атсалысқаны үшін оны – «болшевик» деп ұнатпайтын сияқты. Алашорда үкіметі таратылған соң, Әлихан Бөкейхан бастаған Алаштықтардың барлығы Кеңестік жүйеге қызмет ете жүріп, еліне көмектескісі келді. Қызметі арқылы халықтың көзін ашып, көшке қосуды борышым деп санады. Әлихан екеуінің бір күнде ұсталып, атылуының өзі – оның жүрегінің «Алаш» деп соққанына дәлел бола алады. Терең білімін тиімді пайдаланған Кеңес үкіметі өз қолымен оның өмірін қиды. Сол заманда Балтық бойы зауыттары 20 минутта бір трактор жасап шығарады екен. Ал, Әлихан мен Нығметті 15­-ақ минутта өлім жазасына кескен. Осыдан­ақ, Нығметтің өз халқына қалай жаны ашығанын аңғарса болады, – деп тебіренді ол.

Оны қанша жерден Мәскеуде жібермей ұстаса да, Қазақстандағы бар жағдаймен тұрақты танысып, қолынан келгенше жәрдемдесіп отырған. Өзі басқарған Орталық Атқару комитетінің төралқа мәжілісінде Қарқаралы уездік Атқару комитетінен келген әріптесі әрі жерлесі Абдолла Асылбековтің есебін тыңдап, шығартқан шешімге сәйкес, Қарқаралы уезіне автокөліктер, түрлі машиналар және басқа да қажеттіліктер үшін Орталықтың есебінен қаржы бөлгізіпті.

Бұл кезең үшін аса ауқымды жоба болып есептелетін, заман талабына сай, сапалы етіп салдырып берген «Қарқаралы №1 қазақ мектебі» де, ел игілігіне ұзақ жылдар қызмет етіп, құшағынан көптеген шәкірт түлеткен.

Нығмет Нұрмақов қандай лауазымда жүрсе де ойлағаны ел мүддесі болғандығы, қай жүйеге қызмет етсе де, қолындағы бар мүмкіндікті халық игілігіне жұмсағанын байқаймыз. Сонымен қатар, оның көптеген аз ұлттарды дамытуға қосқан орасан үлесінен оның адамзаттық деңгейде ойлай алатын қазақтың даласындай кең жүректі гуманист болғанын көреміз.

Биыл тойланғалы отырған 125 жылдық мерейтойына орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен жоспар бойынша ел көлеміндегі мәдени орталықтар мен білім ошақтарында дөңгелек үстелдер, ақпараттық сағаттар, еске алу кештері, марафондар, кітап көрмелері, поэзия кештері мен және тағы басқа шаралар жыл бойы өткізу жоспарланған.

Ал, қайраткердің туған жері Қарқаралы ауданында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, еңселі ескерт кішін орнату жоспарланыпты.

Нұр­-Сұлтан қаласы әкімдігі ғылыми-­тәжірибелік конференция өткізуге ниетті болса, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Нығмет Нұрмақов жайлы фильм түсіруге ынталы көрінеді. Егер, «Қазақфильм» АҚ фильмнің сценариін жіберсе, 2020­-2022 жылдардың бюджет жоспарына кіргізуі мүмкін. Нұр­-Сұлтан һәм Семей қалаларының Нығмет Нұрмақұлының атына көше беру және кітаптарын шығару мәселесі де өз кезегімен қаралуы көзделген. Әрине, елінің біртуар перзенті мұндай құрметке әбден лайық.

Қаламы қарымды қаламгер Р.Сағымбековтің 1985 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жарияланған «Халықтың ардақты азаматы» мақаласында да, оның Мәскеуде жүріп, аштық кезеңінде Қазақстан үшін жанын қоярға жер таппай алаңдағаны туралы айтылады. Голощекиннің қолдан жасалған адам сенгісіз қатігездігіне шыдамай, Орталықтан қайта­қайта комиссия жібертіп, ақыры оны орнынан алғызған.

«Тұлпардан – тұлпар туады, сұңқардан – сұңқар туады» демекші, қанындағы тектілік, бойындағы Ұлы Дала рухы оның қандай қиындықта да ұсақталуына жол бермеді.

Өзі өмірінің соңына дейін қызмет еткен жүйе, өзін құрбан етерін сезді ғой батыр жүрегі. Өйткені, 1937 жылдың қыркүйек айында ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне әрекет тенгені үшін оған ұлтшыл деген айып тағылған екен. Алайда, әр сәтті босқа жібермей ақтық демі біткенше, қазағына, жалпы, адамзатқа қызмет етуден танған жоқ. Әке қанымен, ана сүтімен, туған жер топырағымен дарыған аманатқа адалдық қой – бұл. Адамдық үшін, халық игілігі үшін адал қызмет ету жолында бізге оның өнегелі өмір жолы мен тағылымды істері, қайтпас қайсар рухы – қашан да тура жол сілтеп тұрары сөзсіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button