Мәселе

Күрделі мәселенің күрмеуі шешіле ме?

Бейбіт күнде бірінен-бірі ажырауға мәжбүр ата-ана мен оқушы наласы қапаландырады ауыл тұрғындарын. Ішер ас пен киер киімнің көктігіне емес, білім алар ұстаздың жоқтығына алаң ауыл. Айдың-күннің аманында ата-анадан алшақта білім алу жеткіншек жадына жасықтық қалыптастырары сөзсіз. Бар мәселе – білім ошақтарының ауылдан шалғайда орналасуы. Әрине, қатынап оқып, шала алған білім «өмірлік азық, орнықты қазық болады» дей алмаймыз. Шет ауданы Кәрім МЫҢБАЕВ атындағы ауылдық округі Қызылтау ауылындағы түйіткілдің төркіні де – осында жатыр. 150 оқушы оқитын білім ошағының қаңырап бос тұрғанына шыр-пыр болған тұрғындары газетімізге хат жазып, өтініш айтуда.

Жабылған мектеп қайта ашыла ма?

2013 жылы белгісіз себептермен Шет ауданы Қызылтау ауылындағы 11 жылдық Байғозы батыр мектебі жабылып қалған. Ол уақытта мектепте оқушы саны да жеткілікті болды. Биыл ата-аналар сұрауымен алтын ұяны бастауыш мектеп етіп қайта ашу жөнінде жиналыстар ұйымдастырылған. Ағымдағы жылдың 2 тамызында Шет ауданының әкімдігі ауыл тұрғындарының өтінішін білім бөліміне бағыттаған. Міне, енді ауыл тұрғындарының білім бөлімінің табалдырығына телмірумен жаңа оқу жылы да басталғалы тұр. Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының шеңберiнде шалғай ел­­дiмекендерде ораналасқан осындай шағын жинақты мектептердiң қызметiн дамыту үшiн нақты шаралар жоспарланған. Ендеше, ауыл тұрғындарының базынасына неге құлақ түрмеске? 11 жылдық болмаса да шағын 1-4 сыныптық бастауыш мектебінің қайта жандануына неге атсалыспасқа? Қоғам болып өркендеудің өзегі – ауылда еді ғой.

Мектеп – ауыл тынысы

Ауылда жұмыс орны мен білім ордасы болмаған соң оған қызығушлық та азаюы – заңды. Себебі, жастар жоқ. Жас өренсіз жаңа толқын бола ма? Жаңару мен жаңғыруы қайдам? «Қазаны оттан, азаматы аттан түспеген» ауылдың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Кезінде еліміздің беделді еңбек ордасының бірі болған мекенде бүгінде 30 шаруа қожалығы жұмысын жалғастыруда. Кәсіп иелері перзенттерінің болашағына алаңдап алдымызда жүрсе екен дейді. Ауыл оқушылары осы уақытқа дейін Ағадыр стансасының мектеп интернатында оқуға мәжбүр болған. 150 оқушыға арналған 3 қабатты типтік мектеп тұрғанда. Қазір ауылда 18 оқушы білім алуға дайын. Тек, мектептің ашылуын тосып отыр. Бастауыш мектеп етіп қайта ашу мақсатында аудан әкімдігі һәм білім бөлімі басшылығымен де бірнеше жиналыс өтіпті. Жиналысқа ауыл атынан мектептің қайта ашылуын қолдап 28 тұрғын қатысқан.

Заңға жүгінген басшылық

– ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы №1256 қаулысына сай, білім беру ұйымдарында білім алушылардың саны 41 оқушыдан асса ғана негізгі орта білім беретін мемлекеттік оқу орнының жұмыс істеуіне кепілдік береді. Ал, Қызылтау ауылында небәрі 18 оқушы ғана болғандықтан, аталған нормативке сәйкес келмейді. Білім ошағы қайтадан ашылған жағдайда оқушыларды оқытар маман да жоқ. Сонымен қатар, мектепті ашуға құжаттар толық сай емес. Маманның көбі ауыл десе «ат тонын ала қашады». Қалада бірнеше мектепте сағат біріктіріп, жалақы тауып жүрген ұстаздар, ауылдың жалғыз мектебіндегі бір айлыққа қызыға қояр ма екен? – дейді Шет ауданы білім бөлімінің басшысы Ербол Смағұл.

Ауылға тыныс берейік

Білім бөлімі басшылығы көп жерде маманның жоқтығын алға тартады. Қаладан «Дипломмен ауылға» бағдарламасын негізге алып, маман тартсақ мәселенің беті бері қарар ма еді? Десек те, мектептің ашылатынына көзіміз жетсе, маман табылып-ақ тұр деп сөзіне сендіруде ашынған ауыл тұрғындары. Олардың айтуыша, Қарағанды қаласындағы бірнеше оқу орнымен маман тапшылығын шешуге сөз байласып та қойған. Жіпсіз байлап тұрған мектептің қазіргі жағдайы.

– Ауылымызда мектеп қайта ашылса өшкеніміз жанып, көшкеніміз қайтып келер еді. Ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, балаларымызды туған ауылында тәрбиелер едік. Бала үшін ата-ана қашанда басты орында. Жас ұрпақ жат бауыр болып кетпесі үшін алдымен ауылдан тәрбиенің тұнығын алуы өте маңызды. Мен ауылымның білім ошағы қайта түлесе екен деймін, – дейді ауыл тұрғыны еңбек ардагері Райхан Қожамбердина. Иә, «Ауылдан адам көшсе де ауыл адамнан көшпесі» хақ. Мектепсіз ауылдың тынысы тарыларын естен шығармайық.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button