Күн таңбасы және Пырақ

Қазақстан жерінде қола дәуірінде, ертедегі көшпелілер заманында ежелгі тайпалардың мифологиялық сюжеттері мен аңыз әңгімелерінің негізінде жасалған көп пішінді композициялар пайда болған. Орта ғасырлардағы жартасқа сурет салу өнері бұрынғы қалыптасқан дәстүрде дамыды. Олардың жасы дәуірге тән белгілер мен сюжеттер және суреттер бояуы арқылы анықталады.

Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы – таңғаларлық жағдай. Тастағы гравюралар – ата-бабаларымыздан қалған ұлы мұрасы – көне заман жайында дерек беретін даусыз жәдігер. Жартастардағы суреттерден ертедегі малшылардың, темірқорытушылардың, көшпелі керуеншілердің өмірінен деректер беретін сызбаларды да көруге болады. Түйелі керуендер мен салт аттылар топтарын бейнелеген петроглифтердің сюжеттері қазақтардың Желмая жайлы көне аңызымен үндеседі (Ұлытау, Бұланты, Білеуті, Абыралы және басқалары).

Гравюраларды гранит, порфир, диорит, құмтас, сланец-филлит беттеріне салған. Орындау техникасында үш әдіс: нүктелеу, сызу, бояу қолданылған. Ұлытаудағы Теректі тауларында көне заман өнерінің тамаша ескерткіштері, ең ертедегі жартасқа салынған суреттер мен гравюралар кездесті. Бұл суреттер салыну әдісі мен сюжеттеріне қарағанда қола дәуірінің алдыңғы кезеңіне жататын сияқты. Ертедегі бұқа-тұр, жабайы жылқы және басқа да жануарлар нүктелеп қашау немесе жиектеп сызу әдісімен жасалған.

Бұл уақыттағы өнердің дами бастауы шаруашылықтың жаңа түрлері – металл өңдеудің, мал шаруашылығының, жер өңдеудің пайда болуына байланысты. Адамның темірмен танысуы ең алдымен қоғамдық еңбектің бөлінуімен көрініп, дамуға әкелді. Бұл тасқа салынған суреттер сюжеттерінің тақырыбына әсер етті. Қола дәуірінің петроглифтері діни нанымдарды, аңшылық сахналарын, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық сюжеттерді бейнеледі. Теректі тауының петроглифтерінің біршама бөлігі жабайы жылқыларға арналған. Жануардың әр қимылына ерекше мән берілген: олар – бірде үйірімен жылқы көші, немесе айналма қозғалыс бейнесін де аша түседі. Осы жердегі көңіл аударатын тағы бір сурет, ол – жартас етегіне қарай орналасқан аспанға шаншыла ұмтылған қос пырақ бейнесі. Еліміздің елтаңбасына пырақ аттың бейнеленуінің бастауын нақ осы дәуірден алады десек те болады, Міне, «Мәңгілік Елдің» идеясының бастауы.

Ұлытаудың оңтүстік-батыс баурайында гранитті жартастарда көшпелі тұрмысты, түйелі керуенді (кейбірі жетілген), ат, түйе, шабандоздарды, жайылымдағы жылқы үйірін, тағы басқаларды анықтап көрсеткен нүктелі әдіспен қашалған петроглифтер бар.

Көшпелілерге тән ширақтық пен үздіксіз қозғалыс атпен тығыз байланыста. Ат адамның өмірінде ерекше орын алады, ол – жауынгерлік ерліктердің серігі, ол – қауіп-қатерден алып шығып отыратын айнымас дос. Көшпелінің санасында ат күн сипатты асыл зат болуымен қатар, дүниелікте серік, батырлық эпосының бізге жеткізгеніндей атты өзінің иесімен бірге көметін болған:

«Күндіз менің қанатымсың, Өлсек көріміз де бір. Түнде – айырылмас дос, Тірі болсақ – тірлігіміз де бір».

Атты құрметтеуді, атқа табынуды, оның көшпелілер өмірінің табиғатына жан-жақты кірігіп кеткендігін, бізге эпикалық жырлармен қатар, салт атты мен ат жұбы шығатын жартасқа салынған суреттер де жеткізеді. Ертедегі суретшілер аттардың керемет сымбаты мен мінезін бере алған. Сарыарқа кеңістігіндегі петроглифтердегі ат суреттері ширақ қимылға толы.

Қолындағы ұзын найзасының ұшына бөрінің басы бекітілген атты жауынгер бейнеленген петроглифтер көне түркі дәуірінің тарихи құжаты мәніне ие болады. Бұл дәстүрдің тууы ғұн дәуірінен бастау алады. Петроглифтердегі бөрілі байрақ шаршы формалы көздеме түрінде жасалып, бір жағы найзаға бекітіліп, екінші жағында екі не үш құйрық желбіреп тұрады. Бөрілі байрақ ұстаған атты жауынгер-найзагерлер бейнеленген петроглифтер бізге көне түріктердің күші мен ерлік рухын жеткізеді. Көне түркі шеберлері соғыс сахналарын бейнеленгенде граниттің табиғи бедерлерін ұтымды пайдаланғандықтан, петроглифтер өте әсерлі көрінеді. Жартас гравюраларының үлкен тобы Байқоңыр, Бұланты өзенінің жартасты жағалауында орналасқан.

Жылқы малының киесін сонау көне замандардан бастау алатын осы жартастағы петроглифтер айқын көрсетіп отыр. Жартастағы жылқы бейнесі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Желтау таулары, Шет ауданындағы Таңбалы тас, Ұлытау ауданы, Байқоңыр өзені бойы, Қарқаралы ауданы, Керегетаста кезігеді.

Темірғали АРШАБЕКОВ, облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.