Бас тақырып

«Күміс жас»: мүмкіндік кілтін тапқандар

Жұмыссыздықпен күрес елімізде қарқынды жүруде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы бірі грант алып, кәсіп көзін ашса, енді бірі жұмысқа орналасуда. Бір ғана Қарағанды облысында «Күміс жас» жобасы бойынша 700-ден астам адам жұмысқа орналастырылды.

«Күміс жас» жобасының игілігін көріп отырған Гүлжан Карина жас кезінен армандаған тігіншілікке биыл бел сыбана кірісті.

– Сәтбаев қаласында 1999 жыл­дан 2010 жылға дейін зауытта жұмыс істедім. Сол жылы Қарағандыға көштік. Жолдамамен Қарағанды құю-механикалық зауытына орналасып, станокта 20 жылдай еңбек еттім. Денсаулығыма байланысты биылғы жазда жұ­мыстан шықтым. Бала кезден армандаған тігіншілік кәсіпке жұ­мыспен қамту орталығы берген нұсқау арқылы қол жеткізіп, «Дедал» фирмасына жұмысқа тұрдым. Жұмыс өзіме ұнайды, – дейді 52 жастағы Гүлжан Жаманқұлқызы.

Гүлжанмен қатар «Күміс жас» жобасы арқылы бұл фирмада жұмыстан нәпақа тауып отырған жеті адам бар. Соның бірі Нафиса Мұхитова 60 жасында мамандығы бойынша осында келді. Ол да әріптесіндей сүйікті кәсібіне кіріскен.

– Мен көптен бері маманды­ғым бойынша жұмыс істеуді ойлап келем, бірақ жасым мүмкіндік бере бермейді, көп жерде қабылдамайды. Мамандығым бойынша мен – тігіншімін. Жас кезімде Абай тігін фабрикасында еңбек еттім. Содан кейін Қарағандыға көшіп, базарда сатушы болып жұмыс істедім. Екі ай бұрын жұмыспен қамту орталығына хабарласып, бірден «Дедалға» тігінші болып жұмысқа орналастым. Маған мұнда бәрі ұнайды. Ұжым жақсы, жалақысы көңілімнен шығады, сүйікті ісіммен айналысамын, – деді Нафиса Мұхитова.

Айта кету керек, «Дедал» фирмасы» ЖШС – қалалық жұмыспен қамту орталығымен бұрыннан ынтымақтастықта.

– Жеңіл өнеркәсіпте біз 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Соңғы уақытта біз кадрлық тапшылықты сезініп жатырмыз. «Күміс жас» жобасы зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарға жаңа мамандықты игеруге немесе мамандық бойынша жұмыс табуға көмектеседі. Бізде оқу орталығы бар. Теорияға азырақ уақыт жұмсап, тәжірибеге көп көңіл бөлеміз. Мемлекет субсидиялайтын басқа да жобалар бойынша қызметкерлерді қабылдауға дайынбыз. Қазір бізде 60-қа жуық адам жұмыс істейді, бірақ адамдар әлі де қажет, – дейді «Дедал» фирмасы» ЖШС басшысы Равиль Шаипкин.

Шеберлерді қолдау орталығының төрағасы Наталья Вшивцеваның көркемсурет шеберханасында да «Күміс жас» жобасы арқылы келген Ирина Киселева еңбек етеді. Оған зейнетке шығуға дейін үш жыл қалды.

– Мамандығым бойынша мен – сурет салу және сызу мұғалімімін. Жоба маған ресми жұмысқа орналасуға көмектесті. Тігінші болып жұмысқа тұрдым, басқа дағдыларды да біртіндеп игерудемін. Атап айтқанда, мен өнімдерді бояймын. Жұмыс қызықты. Артықшылығы – менің үйім жақын, – дейді Ирина Киселева.

Алдағы уақытта қолөнер орталығын ашамын деген Наталья Вшивцева, еңбек биржасында тіркелген тағы 10 адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап та қойған.

«Күміс жас» жобасының ар­қасында аймақта 730 адам жұмыс­пен қамтылған. Бұл – «Еңбек ұт­қыр­лығы» орталығы басшысының Қарағанды облысы бойынша орынбасары Дәурен Қошқаралиевтің дерегі.

– Қазір облыс бойынша 3 мың­нан астам бос жұмыс орны бар. «Күміс жас» жобасы бойынша біз 50 жастан асқан қарағандылықтарды жұмысқа орналастырамыз. Алдымен адам жұмыссыз ретінде тіркеледі, содан кейін біз бос орынды таңдаймыз. Біз тігіншілерге, нау­байшыларға, аспаздарға, кондитерлерге, бухгалтерлерге, экономистерге және басқа мамандық иелеріне жұмыс табамыз.

Жұмыс берушілерге «Күміс жас» жұмыскерлерін жұмысқа орналастырғаны үшін субсидия беріледі. Бағдарлама үш жылға созылады. Төлемдер бірнеше кезеңде жүзеге асырылады және субсидия көлемі жалақыға байланысты. Бірақ 30 АЕК-тен аспайды: 12 ай – 70%, 13 айдан 24 айға дейін – 65%, 25-тен 36-ға дейін – 60%, – дейді Дәурен Қошқаралиев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button