Жаңалықтар

Күлкі ғұмырыңды ұзартады

Танымал тележурналист, облыстық «Saryarqa» телеарнасының ардагері, Әли Тойжігіттің «Күміс күлкі» деп аталатын кітабына белгілі жазушы, аудармашы, кезінде «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Өтен Ахмет алғысөз жазыпты. Алғысөзде Өтен Ахмет мерейтой иесінің жазу қабілетіне тоқталған екен. Әли Тойжігіттің бір қыры осында ашылған. Сол себепті де ағаның ақ пейілді жазбасын осы мерекелік айқармаға жариялағанды жөн көрдік.

Редакциядан

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Күлкі көңіл көтереді» деп атам қазақ текке айтпаған. Түсіне білгенге осынау аталы сөздің астарында терең мағына жатыр. Ендеше, бұл өмірде көңілді жүргенге не жетсін! Бойыңа қуат, жүзіңе шуақ сыйлайтын сол күлкінің бір парасын – көркем шығармалар мен қызықты әңгімелерден іздеген жөн. Қолыңыздағы мына кітапта бойыңызға рухани қуат беретін дүниелер жетерлік.

Авторы – Әли Тойжігіт. Белгілі тележурналист. Мен оны 1978 жылы Қарағанды облыстық телерадио комитетінде бас редактор болып жүргенімде қызметке қабылдаған едім. Ең бастысы – ақын інім аға сенімін ақтады. Ол аталмыш телеарнада 43 жыл жемісті еңбек етті. Өмір мектебінен өтіп, көп нәрсені көңіліне түйді. Қарымды қаламгер қиындықтан қаймықпай, журналистиканың жүгін көтере білді. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Алтын Сұңқар», «Алтын қалам», «Нұр Сұңқар» сыйлықтарының жеңімпазы болды. Бұл – ұзақ жылғы маңдай тердің жемісі! Әли қолынан микрофоны мен қаламын тастамай, қойын кітапшасына керегін жазып жүрді. Сол жылдардан сыр шерткен бірнеше кітабы оқырманнан оң бағасын алды.

«Күміс күлкі» деп аталатын бұл еңбегі тосын оқиғалар мен қызықты әрі, деректі әңгімелерден тұрады екен. Оның біразы «Қазақ әдебиеті» мен «Орталық Қазақстан» газетінің бірнеше санына жарияланды. Оқып отырғанда еріксіз жымия­сыз… Әр дүниесі оқырманға әдемі күлкі сыйлайды. Ол ойдан құралған жасанды күлкі емес, өмір шындығынан өрілген шынайы күлкі!

Қазір, көлемі құлаш-құлаш роман, повестердің уақыты өткендей. Социалистік реализм дәуірі келместің кемесімен кетті. Тек оқырманға қысқа да нұсқа, адамды жалықтырмайтын әңгімелер керек-ақ. Осы тұрғыдан алғанда автор көпірме сөздің көбігін қалқып тастап, қызықты да, деректі оқиғалар мен шынайы шындыққа көбірек көңіл бөлген. Тереңірек үңілсеңіз, қайсыбір әңгімелердің астарында танымдық, тәрбиелік ойлар бар. Яғни, Әлидің өзіндік қолтаңбасы көрініп тұр. Талабыңа нұр жаусын деп батамды беремін!

«Күлкі адам ғұмырын ұзартады» дейді ғалымдар. Олай болса «Күміс күлкі» күмбірлей берсін! Авторға ақ жол тілеймін, әрдайым оқырманы көп болсын!

Өтен АХМЕТ,
жазушы, драматург, аудармашы, өнертанушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Мәдениет саласының үздігі және «Халық алғысы» медалінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button