Руханият

Көктем лебін әкелді

Жерімізге күн шуағының жылуын ала келген, жаратылыс біткенге жан бітіріп, жұрт көңіліне мейірімділік ұялатқан Наурыз мерекесіне орай Жезді кенті Мәдени-сауық орталығында біршама іс-шаралар өтті.

Мерекеге жиналған қауым салт бойынша төс қағыстырып, ұлттық тағам Наурыз көжеден ауыз тиіп, мәре-сәре болды. Мерекелік іс-шараның бірінші бөлімінде салт-дәстүрімізге байланысты ұйымдастырылған сахналық көрініс қойылды. Ортаға жүгіріп шыққан тазша бала тақпақтап жарапазан айтып, ауылға Қыдыр атаның келе жатқанын хабарлады. Қыдыр ата төрден орын алып, ауыл жастарының атынан Р.Смайлова «Елге сәлем» әнінен шашу шашты. Әрі қарай қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі дүниеге келген жас нәрестені қырқынан шығаруды «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Сараш Оспанова әже қырық қасық суға «нәресте күмістей таза, ауырмасын» деп күміс білезік, сақина салып ырымдап шомылдырса, баланы бесікке салу рәсімін Зәуре Орынбаева әже қызықты көрсете біліп, бесік жырын орындап берді. Көрермен балалардың бесікке салу рәсіміндегі шашылған кәмпиттерге таласа жүгіргендерін көргенде өзіміз таң-тамаша болдық. Көріністі тамашалағаннан соң өнерсүйер қауымды мерекелік іс-шараның екінші бөлімі «Наурыз айы туғанда» атты концерттік бағдарламаны көруге көрермендер залына жүргізуші Ж.Кушекова шақырды. Сахнаның шымылдығын «Көркем» бишілер тобының мың бұралған бишілері «Наурызға шашу» биімен ашса, Жезді кентінің әкімі С.Есенғалиев мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, А.Байгоринаны «Күміс алқамен» марапаттады. Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Арайлы таңдай сұлу Астана!» тақырыбындағы «Жездінің болашақ жұлдыздары» атты балалар шығармашылығы (ән, би, күй) байқауындағы «Күміс қоңырау», «Әнші балапан», «Жұлдыз-2018» кезеңдерінің бас жүлде иегерлері Н.Жұмабек «Ассалаумағалейкум», Е.Амантай «Елбасы», Ә.Шәкей «Байтақ елім, қазағым» әндерін орындаса, «Шаттық» би тобы «Көктем» биін биледі. «Ақ әжелер» ансамблі «Қазақы дастарқаным», «Илигай» әндерін тарту етті. Іс-шарамызды жаттықтырушы Б.Алшынбек ересектер арасында «Наурыз нұры» атты «Арқан тартыс», «Желке тартыс», «Оқтау тартыс», «Кір тасын көтеру» сынды ұлттық ойындардан сайыс өткізіп, кент тұрғындарын бір серпілтіп тастады. «Қош келдің, мерейлі әз Наурыз» атты жасөпірімдер арасында Ғ.Жеңсікбаева ұлттық ойындардан сайыс өткізіп, жеткіншектеріміздің көңілдерін көтерсе, мерекелік іс-шаралар «Наурызым – лала гүлім» атты ретро кешіне ұласты. Кент тұрғындары 70-80-жылдардағы әндерге би билеп, жақсы көңіл-күйде тарасты.

Алма ҚАДЫРОВА,

Жезді кенті Мәдени-сауық орталығының көркемдік

жетекшісі.

ҰЛЫТАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button