Көкше теңіз жағасындағы ел тойы

Қазаққа талай белгілі тұлғаны сыйлаған Тасарал – киелі қоныс. Өткен сенбі күні Көкше теңіздің жағасындағы балықшы ауылдың шартараптағы тумалары тарихы терең тасаралдың торқалы тоқсан жылдық мерейтойында бас қосты.

Тасарал ауылына иекартпада, Балқаш көлі жағасына тігілген ақ шаңқан боз үйлер айдынға қонған аққудай көзге алыстан шалынады. Той алаңында алтыбақандар құрылып, спорттық, сауда орындары ұйымдастырылған. Қыздың жиған жүгіндей ретті, жинақы. Бірін-бірі жамыраса құттықтап, шат-шадыман күйге бөленген жұртшылықтың жүзінен туған ауылына деген өлшеусіз құрметтің нышаны аңғарылады.

Той мектеп ауласынан бастау алды. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Боқай Найманбаевқа арналған мемориалды тақта ашылып, қадірлі қонақтар гүл шоқтарын қойып, ұстаз рухына тағзым етті. Сондай-ақ, бұл күні ауыл орталығында «Балықшылар» саябағының лентасы қиылды. Ойын және спорттық алаңдар орналасқан саябақты ауыл тумасы, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын Тілеш Дүйсенбаев сыйға тартқан.

Мерейтойлық мәдени шаралар ашық аспан астындағы театрландырылған қойылыммен жалғасты. «Тоқырауын толқыны» вокалды ансамблі сахналанған «Тасарал – атамекенім, Тасарал – тал бесігім» деп аталған қойылымда ауыл тарихы көрініс тапты.

Торқалы тойда сүбелі сөз саптаған аудан әкімі Салтанат Әбеуова ауылдың өткені мен бүгінгі келбетін бағамдады. Жергілікті мәдениет үйіне 1,5 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен қатар, сенатор Рысқали Әбдікеров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, биология ғылымдарының докторы, академик Қуандық Сапаров, экономика ғылымдарының докторы профессор Мағауия Мұқымбеков сөз алды.

Балуандар күресіне ел қызығушылығы ерен болды. Қарағанды, Балқаш қалалары мен Ақсу-Аюлы, Ақадыр кенттерінен келген жігіттердің күн арқан бойы көтеріле басталған белдесулері сәскеден ауып, бесінге іліге мәресіне жетті.

Күші жетіп, айласы асқан тасаралдық Диас Төлеуханов 51 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетті. Ал, 80 келіден жоғары салмақта қарсыластарын жапыра жеңген Олжас Шынкев түйе балуан атанды.

Дала төсін дүбірлеткен бәйгеден бөлек, той түйе жарыспен дараланды. Өзге өңірлерден келген меймандар түйені тізгіндеген сайыскерлердің бәсекесіне таңдай қағысты. Ал, топ ішінен Жансерік Хамиттің түйесі оза шапты.

Көл айдынындағы суда жүзушілер, қайықшылар жарысы талайды тамсандырды. Бір шақырым қашықтыққа созылған қайықшылар додасында Нұрлан Сағындықов алдына жан салмады. Суда жүзуде Нұржан Төлеубай жеңіске жетті. Үздік үштіктен көрінген барлық сайыскерлер қомақты сыйлықтарға ие болды. Тойдың абыроймен өтуіне ұйытқы болған бір топ ауыл азаматы Алғыс хатпен марапатталды.

Қазақтың Темірқазығы – ауылдың дәулеті мен сәулетін, ырысы мен ынтымағын, өркениеті мен өнерін баршаға паш еткен дүбірлі той астатөк дастарқанмен түйінделді.

Думан ҚАБЫЛ.

АҚТОҒАЙ ауданы.