Көк Туға құрмет
Республика күні қарсаңында аймақ жастары «Менің елім – менің Туым!» акциясын бастады. Жастар акция барысында «Қарағанды» қонақүйінің балкондарына мемлекеттік Ту ілді.
Шараны ұйымдастырған AMANAT партиясы «Жастар Рухы» қанатының Қарағанды облыстық филиалы мен Қарағанды жастар ресурстық орталығының белсенділері. Олардың айтуынша, акция жастарды қолдау және рухтандыру, патриоттық сезімдерін нығайтуға бағытталған.
AMANAT партиясы «Жастар Рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитовтің айтуынша, акция облыс аумағындағы барлық аудан мен қалалардың жастар ұйымдарына челлендж ретінде жолданды.
– Республика күні қарсаңында мемлекеттік Туды ілу акциясын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл – «Елім!» деген әр азаматтың Отанға, туған жерге, туған елге деген құрметтің басты белгісі. Біз көк Туымыз ашық аспан астында желбіреген бейбіт елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан етеміз. Шараға жастар қанатының 30-ға жуық белсендісі қатысты, – дейді ол.
Аталған акция былтыр бастау алған еді. Биыл да ел бойынша белсенді 500 жас аймақтағы барлық өңірде 5 мың Ту ілуді көздеп отыр.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz