Жезқазған

Израиль – сенімді серіктес

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат ӘБСАТТАРОВ Қазақстандағы Израильдің Төтенше және Өкілетті Елшісі Лиат ВЕКСЕЛЬМАНМЕН кездесті. Кездесу кезінде медицина мәселелері мен инновациялық жобалар, табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру перспективалары талқыланды.

Елші жері шөлейт Израиль бүгінде жасыл жазираға айналғанын, елде мал мен өсімдік шаруашылығы өркендеп отырғанын, өнім өндірумен қатар, оны өндеу де жолға қойылғанын тілге тиек етті. Израильдік өндірушілер экспортқа жұмыс жасап жатқанын, ал медицина, ІТ-технология мен суды тазалау мен пайдаланудың баламалы түрлері бойынша алдыңғы қатардағы елдің бірі екенін атап өтті.

Лиат Вексельман ханымның айтуынша, Қазақстанға инвестиция құюға ниетті инвесторлар қатары Израильде артып келеді. Қазірдің өзінде Ақмола, Алматы, Жамбыл облыстары мен Павлодар, Қостанай қаласында бірқатар инвестициялық жоба сәтті жүзеге асқан. Тәжірибе алмасуға жезқазғандықтар дайын екенін жеткізген қала басшысы Елшіге мысты өлкенің тыныс-тіршілігін таныстырып, өз ұсынысын алға тартты.

Жезқазғанда су мәселесі – өте өзекті. Израильде суды тұщыту технологиясы барынан хабардармын. Біз сіздің елдің су көзін көбейту тәжірибесі мен тіршілік нәрін пайдалану мәдениетін меңгерсек дейміз. Сондай-ақ, бізге мал мен өсімдік шаруашылығын алға жылжыту бағытында серпін керек. Шаруа қожалықтары бар болғанымен, өнім өндеу жолға қойылмаған, мал бордақылау алаңы жоқ. Тұрғындар тұтынатын ет-сүт өнімдері мен жеміс-жидек сырттан әкелінеді. Сіздермен байланыс орнатсақ, бұл мәселелердің оң шешім табуына қол жеткіземіз деген үміттеміз, – деді қала басшысы.

Кездесуге қатысқан «Аялы алақан» орталығының директоры Р.Арыстанбаев өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеуде израильдік мамандардан көп нәрсе үйренуге болатындығына назар аударды. Медициналық «Томатис» аппаратын, «ЭкзоБот» бейімдеу жаттықтырғышын, тағы басқа өте қажет құрал-жабдықты алудың мүмкіндіктерін сұрады.

– Қазақстанның мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы аясында жылда медицина саласының ондаған қызметкері Израильде біліктілік арттыру курсынан өтеді. Үш және бір жылдық мұндай оқу үдерісінің қаншалықты тиімді екенін өздері де айтып жүр. Ал, медициналық аппаратқа қатысты айтарым, сіздерге Елшіліктің гранттарына қатысуға болады. Біздің елде «Машаб» атты курс бар. Елшіліктің грантына ие болған оның түлектері бүгінде Ақтөбе, Шымкент, Талдықорған, Алматы мен Семейде аутизм спектрі бұзылған балалармен жұмыс жасап жүр. Солардың тәжірибесіне сүйеніп, біздегі мүмкіндікті пайдалануға шақырамын, – деді Елші.

Сонымен қатар, қажет болған жағдайда көтерілген мәселелер бойынша онлайн-вебинар өткізуге дайын екенін білдірді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жезқазған қалалық филиалының директоры Жүрсінбай Лекеровтің сауда-саттық пен жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағытындағы ұсынысын оң қабылдады. Жезқазған-Ұлытау аймағының тарихи орындарымен танысудан алған әсерімен бөлісті.

– Елшімен кездесер алдында Израиль жөнінде бұрын білетінімді жаңғыртып, осы елден үйренер бағыттарды алдын ала пайымдаған да едім. Израиль – шөлейтте орналасқанына қарамастан суармалы әдіспен егін, бау-бақшаны дамыта білген ел. Біздің олардан осы бағытты үйренеріміз көп деп ойлаймын.

Израильде Кинерет деген көл бар. Ол елдің төрттен үш бөлігін ауызсумен қамтамасыз етеді. Көлдегі судың көлемі, сапасы, құрамы мен биосферасы – қоғамның күнделікті бақылауында. Егер, осы көрсеткіштер сәл төмендесе, бүкіл ел дабыл қағады. Біз де Кеңгірді осылай қоғам болып басқару жүйесін қалыптастыруға қол жеткізуіміз керек.

Елшімен кездесу кезінде бірнеше бағытта бірлесіп іс-әрекет жасауға келістік. Израильдің тарихи-археологиялық қазбаларды зерттеуде де тәжірибесі мол. Сонымен қатар, қолы ұзын, әлемдік тарихи жазба қорларымен танысуға мүмкіндігі жеткілікті. Бізде төңірегіміздің тұнып тұрған тылсым тарихын немесе Жошы ұлысының жылнамасын зерттеуге осы елдің ғалымдарын тарту туралы ой туды, – дейді қала басшысы.

Әлібек ӘБДІРАШ,

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button