Басты тақырыпЖаңалықтар

Инвестициялық климат барометрі – «Сарыарқа»

«Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

     Қарағандының өндіріс һәм өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда шетелдік инвестицияға тартымды деп үкілеп отырған аймақ – «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағы. Бүгінде инфрақұрылымы сақадай сай, инвестиция үшін құнарлы топыраққа айналуға негізі зор оның өрісі – кең. Бірқатар шетелдік компаниялардың ықылас танытуы – соның дәлелі. Мәселен, кеше ғана Қарағандыға, соның ішінде, арнаулы экономикалық аймаққа аса қызығушылық білдірген ирландықтар «Сарыарқаның» топырағына инвестиция тартуға өз қызметтерін ұсынуға келіп кетті. Бұл – бір емес. Бұған дейін де бұл аймақ туралы дерек-дәйек алып, қабырғасымен кеңеспек болған компаниялар баршылық.

Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің әр аймағында бой көтерген бұл аймақтардың, бағамдасаңыз, болашағы бар. Оны мойындау керек. Мұнда ең бастысы – инвестициялық климат тартымдылығы мен инвесторларды бізде бар байлыққа қаржы құюдан ұтпаса, ұтылмайтынына көзін де, көңілін де сендіру. Инвестициялық климаттағы барометрдің бірқалыптылығына кепіл осы – «Сарырақа» арнаулы экономикалық аймағы. Өйткені, мұнда қажетті инфрақұрылым бар және ең негізгісі – қатысушыларға арнайы салықтық жеңілдіктер көзделіп отыр. Десек те, әзірге бүгінде мұнда 10 компания тіркелсе, оның төртеуі нақты жұмысын жандандырған. Айталық, «Бемер Арматура» ЖШС, «Изоплюс Центральная Азия» ЖШС, «Тau-Ken Temir» ЖШС, «HyunwooCentralAsia» ЖШС.

Ал, 4 компания жұмыстарын бастауға дайындық үстінде. «Steel manufacturing» ЖШС (патрондар өндірісі), «Seven Refractories Asia» ЖШС (өртке төзімді материалдар өндірісі), «Завод ЭкоЛампа» ЖШС (көше жарықдиодты шамдары өндірісі), «Өтеміс LTD» ЖШС полимербетонды конструкциялар өндірісі).

Осының арасында екі зауыттың жобасы – «Steel manufacturing» ЖШС және «Seven Refractories Asia» ЖШС 2017 жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Облыста инвестиция тарту және инвестициялық климатты жақсарту бойынша кеңес және бар.

Негізі, арнаулы аймақтың аумағы 595,01 гектарды құрайды. АЭА аумағының құрамына алаңы 534,9 гектар «Металлургия-металл өңдеу» индустриялық паркі және алаңы 60,11 гектар №1 «Кремний жазығы» қосалқы аймағы кіреді. Жоғарыда атап өткеніміздей, АЭА пайдалануға қабылданған инфрақұрылым нысандары әрекеттегі қатысушыларға инфрақұрылым қызметтерін (электр қуатын, ТЖ қызметтері) ұсынуда. Аймақтың болжамдық қызмет көрсету кезеңі – 2036 жылға дейін есептелген. Жоспар бойынша, мұнда 50-ден астам зауыттың қабырғасы қалануы тиіс. Жергілікті билік бұл бағытта қазіргі бар көрсеткішпен шектеліп қалмаймыз дейді. Алдағы уақытта межеге жетудегі жұмыстардың желісі үзілмеген жағдайда, Елбасы Жолдауында айтқан бизнес орта түбегейлі жақсарып, кеңейе түсері хақ.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Суретте: «Бемер Арматура» ЖШС өнімінен дайындалған қазандық.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button