Жаңалықтар

Интернетте бәрі бар

Идеологияға басшы болып келдім. Бір звонокпен. «Талай асаба қызмет еткен жер. Несіне қорқасың», – деп көкем құйрығымнан бір тепкен еді. Сауап болды.

Іс жүріп берді. Ертеңіне-ақ, Талтақбай балдызымды мәдениет бөлімінің бастығы етіп тағайындап жібердім. Өсе алмай жүрген қу екен. Бірден кітапханалардың бәрін жауып, қаланың біраз мәселесін шешіп тастады. Сырахана… Дәмхана… Шәшлікхана… Дәретхана… Саунахана…

Ауданбай братанды филармонияға деректір етіп қойып едім, тәртіп төрт күнде түзелді. Өзінің айтысына қарағанда, төрт гармоншының орнына бір гармоншы қалдырыпты. Оларды таңғы 8:00-де жекпе-жекке шығарады екен. Арақты аздау ішетін Ақибай бірінің көзін шығарып, бірінің басын жарып, үшіншісінің жағын қиратып таза жеңіске жетіпті. Әділдік жүрген жер – осы…

Мәселен, бар өмірі базарда өткен енемді театрға деректір етіп тағайындап едім, аз күнде шаруасын дөңгелетіп ала жөнелді. Актер атаулыны асаба қылып жіберді. Біреудің өлігін жөнелтіп, біреудің тойын жүргізеді. Жоқтау айтқанда, жұрттың сай-сүйегі сырқырайды. Әйелдері шаштарын бырт-бырт жұлып, беттерін жыртып, қалың елмен көрісіп жатқаны. Марқұмдардың қатын-баласының қабырғалары қайысып, әртістерді әзер шығарып салады.

Тойды қатырып жібереді. Жас келінді ірілеу жігіттер желкеге қондырып, кезек-кезек ұшады-ай. Әншілер қуып жүріп, беташар айтады. Жұрт жанталасып, ақшаларын әрең өткізеді. Арасында сақал-мұрттарымен құдашаларды қытықтап, өлтіре жаздайды. Құдалар шиедей мас, ішпейтіндері естерінен танып қалады. Деректір енеміз еңбектеп шашу жинап жүргені. Аракідік жан дауысы шығып жатады. Тойшыл қауым аяқ астына қарасын ба?

Музейдің де жұмысы жолға қойылды. Жаңа басшы Бақабай бөлем бәле екен. Бірінші қабатын толық босатып, қой-ешкі қозы-лағымен, ит-мысық күшіктерімен, қаз-үйрек, тауық балапандарымен қоса жіберілді. Бұл жерде саяси қате кетіп қала жаздады. Сондықтан, бірер шошқаны торайларымен қосуға тура келді. Негізгі мақсат – қала мен даланың тірлігін жақындастыру. Жаңа бастаманың нәтижесінде билет бес есе қымбаттап, келушілер он есе өсті.

Айта кету керек, жалпы қызметкерлердің өңі кіріп қалды. Біразының беттерінен бит домалайды. Өзім 70 келі едім, 140 болдым. Режиссер әйелім 200 кг тартады. Менің бетіме келген біреу-міреу болса, бір-ақ ұрып, орнында қалдырады.

Жақында телеарна мен газеттерді, архив пен поштаны құда-жекжаттарымызға ойдағыдай сатып жібердік. Интернетте бәрі бар. Бұларды қайтеміз, масыл қып. Орнына қонақ үйлер аштық. Қаланың болмашы бюджетіне қол жая беруге болмайды ғой. Сонымен, мен басқаратын сала жалақыдан бас тарттық. Бірден қапқа саламын да, көкеме апарып тастаймын. Ол төбемнен иіскеп, құйрығымнан бір-ақ тебеді. Жақсы көргені ғой…

Енді тілді қолға аламыз. Отыз жыл бойы оқымыстылар елді қажытып бітті. Оңғарбай жиенді осы мәселені зерттеп келу үшін Ресейге жібердім. Көпұлтты көршіміз қандай кеңес береді екен?

Жалпы, қызметті дұрыс ұйымдастыра білу керек. Жылай бергеннен түк шықпайды…

Айтпақшы, өзім де өнерге бет бұрдым. Фонограммамен ән айтып жүрмін. Дауыс түкке керек жоқ екен. Екі иғыңды жұлып жеп, сахнадан құлап кетпей жүгіріп жүрсең болды. Көрермен қолда. Бүкіл оқушыларды мұғалімдерімен, ата-аналарымен қоса айдатып әкелеміз.

…Кәнсерттің алдында көкем келіп, құйрығымнан бір емес екі рет тепті. Төбемнен ұзақ иіскеді. Соған қарағанда, жақында бір атақ алатын шығармын…

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button