Covid-19Балқаш

Індеттен қорғау, әрі қолдау

Балқаш қаласының жалғызілікті және мүмкіндігі шектеулі қарттары, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлері вакцинамен қоса, енді 5 мың теңгелік сертификатқа ие болады. «Коронавирусты бірге тоқтатамыз» атты акция 3 маусым – 3 шілде аралығында өтеді.

Шара егде адамдардың коронавирусқа қарсы вакцина алуын ынталандыру үшін қолға алынған. Себебі, түрлі созылмалы аурулары бар қарттарымыздың екпе алу маңызы вакциналау науқаны басталғалы айтылып та, жазылып та келеді. Акция аясындағы қаржылық қолдауды «Коунрад» корпоративтік қоры – «Сары Қазына» ЖШС, «КAZ GREEN ENERGY» ЖШС, «Тастемир» ЖШС көрсетеді. Тұрғындар ол сертификатты таңдауы бойынша қолдануға құқылы. «Меркулов» ЖК тиесілі азы-түлік дүкендерінен қажетін ала алады. Я болмаса, «Су ЖылуТранс» немесе «Балқаш Су» кәсіпорындарының қызмет ақысын төлей алады. Бұл ретте, сертификаттың акция мерзімі аясында ғана жарамды екенін ескерген жөн.

Екпе Балқаш қаласының медицина мекемелерінде және Ленин көшесі, №10 үй мекенжайы бойынша орналасқан вакциналау орталығында салынады. Ал, өздері бара алмайтын зейнеткерлерге үйлеріне барып, вакцина салу мүмкіндігі бар. Әкімдік берген мәлімет бойынша акцияға қатыса алатын қарттардың саны – 2 878 адам.

Жансая ОМАРБЕК.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button