"Сұлушаш"

Иман иірімі

…Біздің шаһарға көктем келді. Көктем келсе сол ән есіме түседі. «Мен сені ешкімнің қолы жетпейтін, ақ ұлпа әдемі ақ бұлттан жасап алғанмын». Бұл әнді тек сол жігіт жақсы айтады. Ол – қиыншылықта – сабырлы, қуанышта – шүкірі басым адам. Болмыс-бітімі кішіпейіл, кісінің көзі тойғандай көрікті, киген киімі де өзіне жарасымды. Аз күліп, көп ойланатындығы, өте жұмсақ мінезі тақуалығын аңғартып тұрады. Жұма сайын таңмен саябаққа дейін жаяу келеді. Бұрылыстан мешітке бағыт алады. Сол күні ол менің өзіне ілескенімді күтіп тұрып, әңгіме бастады.

– Ұзақтау әңгіме айтайын ба, әлде әзіл дұрыс па?

– Сөзіңізді бөлейін, сіз айтқан әннің сыры неде?

– Әннің сыры –жұма күнінде. Байқайсың ба, бүгін де – жаңбырлы жұма.

– Ауа райы да тамаша екен. Жаңбырдан кейінгі күнді жақсы көремін.

– Алланың нұры ғой. Хадисте Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жаңбыр сұрау намазын оқығанда жаңбыр жауса, дұғалардың қабыл болатындығын айтады. Жаңбырдың әрбір тамшысын бір періште жерге алып түседі екен.

– Жаңбыр сұрау дұғасы бола ма?

– Алланың бұлттарды бірік­тіріп жинап, қабаттастырып топ­тағанын білесің ғой. Сөйтіп, жаңбыр пайда болған. Қазақта Алладан жаңбыр сұрап, тасаттық беру дәстүрі бар.

– Әлбетте, жаңбыр бұлттан пайда болады.

– Табиғатта қатаң бекітілген бірқалыпты су айналымы арқылы жерде тіршілік жүреді. Адамдар технологияның көмегімен де мұндай су айналымының бір бөлігін жасай алмас еді. Себебі, су айналымының бір заңдылығы бұзылса, экологиялық тепе-теңдік жоғалады. Алла Тағаланың шексіз рахымының арқасында мұндай апат болған емес.

– Жаратушының құдіреті шек­сіз.

– Машаллах. Жаңбыр суының жерге сіңбей, жер қыртысының беткі қабатындағы барлық өсімдіктің өсуіне себепші болуы да – Жаратушының құдіреті.

– Кейін, бұлтқа айналады.

– Иә, кейін оның орны көктегі періштелермен бірдей болады.

– Бірдей деймісіз?

– Жақсы адамдар болады ғой бұлт сияқты. Жүрегі жаңбыр тамшысындай таза, жан дүниесі нұрланған бақ секілді. Сен де бір шөкім бұлтқа ұқсайсың.

– Бірақ, адамдардың бәрін бұлтқа теңесек, жер беті жұмаққа айналар еді.

– Алайда, бұлтқа лайықтылар да көп емес. Сонда да Алла Тағала әр пендесіне кешіріммен қарайды. Менің көзіме сені бұлт етіп көрсетуі – саған аса қамқорлығынан.

– Жұманың бір шарапаты сізді кездестіруім деп ойладым. Бұл да Жаратушының қалауы шығар.

–Әрине, жұма күнгі бір сағатта адам баласы харамнан басқа не тілесе, Алла тілегін қабыл етеді.

– Ендеше, бұлттарға иман бақытын сыйлаған сіздің дұғаңызға бір Алла разы болсын!

– Әумин, мешіттің көркі – жиылған жамағатында ғой. Менімен жұмаға жүрсеңші?!

– Алланың жердегі үйіне жиі келуші едім. Бірақ, бүгінгі сезім ерекше.

– Себебі, Қарағандыда періштелер жүр…

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

2 пікір

  1. “Әрине, жұма күнгі бір сағатта адам баласы харамнан басқа не тілесе, Алла тілегін қабыл етеді” Жаксы жазылган екен! Тилегин кабыл болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button