Руханият

Қасиетке құндақталған құндылық

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ қоғамдық ойға қозғау салып, үмітті үкілендірген, арманымызды аялап, ұлттық құндылықтарымызды қасиетке құндақтаған тарихи мақаласы. Тарихи мақала деуге қақым бар. Жылдар бойы айтылмаған ақиқат, ұлт тарихына берілмеген баға, жаңа меже, байсалды бағыт… Осынша жүкті көтеріп тұр бұл мақала! Тәуелсіздік құндылығын әр ұрпақ, әр буынның қалай қабылдап, қалай бағалайтынын топшылаумен томаға сыпырған ойларының тоғысын «Таным мен тағылым» деп атайды. Сөз жоқ, тарихпен тамырлас тағылым! Ендеше, ұлттық таным мен ұрпақ тағылымын бірге таразылап көрелік…

Қасірет пен қасиет

Иә, «Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды». Еркін ойлы тегеурінді буын ат жалын тартып мінді. Елдің сенімі мен үміті – дәл осы жігерлі жастарда. Десек те, осы буынның өкілдері Тәуелсіздіктің қадірін қаншалықты бағалай біледі? Мәселе – осында.

Шынымен-ақ, шетелде оқып, еуропалық мәдениетпен мұздай жасанған жас ұрпақ Тәуелсіздік игілігін көріп отырғанымен, оған жету жолындағы қасіреттің салмағын саралай алмауы мүмкін. Оның да себебі бар. Халқымыздың өткен жолы мен өткелек тағдыры туралы отандық ғылым әлі да нақты пайым жасай алмай келеді. Осы бір өзекті мәселені Қасым-Жомарт Кемелұлы өткір көтеріп, нақты ұсыныс айтады. Міндет жүктейді. «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлматтар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», – дейді мақала авторы телегей ойларының бір толқынында. Айтса айтқандай-ақ, біз ғасырлар бойы бүркемеленген тарихымыздың тамырына бойлай алмай жүрміз. Отаршыл жүйенің боданында үш жарым ғасырға созылған талайлы тағдырымыз маңдайымыздан таяқ, таңдайымыздан кермек айырмады. Тәуелсіздік игілігі деп елді жарылқау үшін өз фабрикамызда көйлек тігіп, өз темірімізден күйме соғу да керек шығар. Бірақ, бай тарихымызды бопсаға беріп, өз тамырымызды өзіміз қиғаннан ел болуымыз екіталай екенін түсінетін уақыт жетті. Президенттің осы мақаласы осының бетін ашып беріп отыр.

Бұған дейін дәл осындай мақала жазылған жоқ деп айтудан аулақпын. Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалалары да мүлгіп кеткен ұлттық санамызды селт еткізіп, өздерінің тарихи миссияларын абыроймен атқарып шыққан құнды дүниелер болды. Жат идеологияның шырмауына маталып, ашық күнде адасып жүрген жастарымыздың санасына саңылау түсіріп, тым болмаса, қатарын сирету үшін заман мінберінен осылайша үн қату қажет болды. Өз еліндегі еркіндіктің қадірін білмегендіктен, өзгенің қаңсығын таңсық көру үрдісі үмітімізді көмескілендіре бастаған еді. Президентіміздің бұл мақаласы мерейтой жылында мерейімізді тасытып отыр. Шүкір…

Бір ғана «Мәдени мұра» бағдарламасын алыңыз… Жылдар бойы тезистік нұсқада ғана оқып келген тарихымызды қаншама ғасырға әрі жылжытып, бетімізді бері бұрды. Қазынамызды қайта екшеп, еңсемізді көтердік.

Осы орайда, менің айтар ұсынысым – Тәуелсіздік тағылымын жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізу. Кешегі «Мәдени мұра» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының маңызын түсіндіру, мәнін насихаттау деген мәселені науқаншылдық құрсауынан алып шығып, өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде жаңа жол, соны соқпақ қалыптастыру. Қасым-Жомарт Кемелұлының да меңзеп отырғаны – осы.

Жолымыз қасіретті болды. Соның қасиетін тани алмай жүрміз әлі. Ел Президентінің осы мақаласы негізінде әлдебір бағдарламалық құжат қабылдана қалса, Тәуелсіздік тағылымын танудың тамырын дөп басса екен дейміз ғой, баяғы…

Біз көрмеген «Көшпенділер»

Ұлттың төл өнері мен әдебиеті – ұлттық идеологияның басты құралы. Осы талапты жазбай танып, жаңылмай меңзеп отырған Мемлекет басшысы өз мақаласында рухани игіліктің, әсіресе тым әріден тамыр тартқан тарихымызға қатысты ғылыми тұжырымдардың жалпы бұқара үшін қолжетімсіздігін өткір сынға алады. Ол үшін не істеу керек? Ол үшін ғылыми айналымда ғана шиырлап жүрген ұлт тағдыры өрелі өнер туындысына айналуы шарт. Көркем әдебиет болып көш түзеуі керек. Ендеше, Президент айтқандай осы сала мамандарын ынталандырудың маңызы зор.

Ана бір жылы шетелдік кинокомпанияны жалдап, қыруар қаржы шығындап, «Көшпенділер» фильмін түсірдік. Қайда сол фильм? Осы ретте қазақтың тарихын жете түсініп, жетесіне жеткізе алмаған шетелдік киногерге ренжиміз бе? Жоқ, әрине. Қаржыны ғана ұсынып, қасиетімізді таныта алмаған жұмсақ креслодағы өз иедологтарымыз кінәлі. Содан барып, ұраншыл жиын, арзан көрмеге әуестеніп алған ұлттық идеологиямыздың ұнжырғасы еңкіш тартты.

Біз – бағзыдағы көшпенді бабаларымыздың тұрмысын кітаптан оқығанымыз болмаса, көзімізбен көрмеген ұрпақпыз. Кинодан көргіміз келген. Көрдік. Ұлтымның қасиетін тани алмадық.

Кино өнеріндегі біршама жауһар дүниелерді тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық киноиндустрияны дамыту мәселесіне ерекше тоқталады. Мемлекеттік тапсырыстың негізгі бөлігін тарихи туындыларға беру туралы ойын да жеткізген. Бірақ, біздегі жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік киностудиялардың біліктілігі мен шеберлігін саралайтын кеңес керек. Сондай-ақ, әр кинотуындының сметалық шығыны нақты есептеліп, тапсырыс берушінің өз үлесі («откат» немесе «шапка» аталып жүрген шығындар) қысқартылып берілмесе, қып-қызыл ақшаға әлгі біз көрмеген «Көшпенділер» секілді туындылар келеді қайта айналып.

Ойымды сабақтай келе, мақала авторының «… көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті» деген пікірінің осы сала мамандарына ой салатынын айтқым келеді.

Әдебиетімізде де мемлекеттік тапсырыстың көлеміне емес, мазмұнына мән берілсе… Мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптарды саралау комиссиясы ұлтқа, ұрпаққа керек шығармаларды ғана сұрыптаса… Қаламақы көлемін арттырса… Сонда ғана ұлттық идеологияның тамырына қан жүгіріп, сапасыз туындыға сан миллиондаған қаржымыз шығындалмас еді.

«Біздің тарих моншаға түсіп жатыр»

Биыл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Мерейлі белес. Жылдар жылнамасындағы көзі, құлағы, тілі, қол-аяғы, аузы бар деректер ел бақытын баянды, Тәуелсіздікті тұғырлы етудегі Елбасы қайраткерлігін, Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатын сабақтастықпен жалғаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін айғақтап тұр. Бұл екі тұлғаның ерен еңбегі, қажырлы қайраткерлігі ұлт тарихында мәңгіге таңбаланды. Тарихты жазуда, ұлт соқпағындағы қасіретке толы оқиғаларды бағалауда белгілі бір тұлғаға жалтақтаудың еш қажеттігі жоқтығын Президенттің осы мақаласы шегелеп беріп отыр.

Белгілі ақын, Бекжан Әшірбаевтың:

«…Біздің тарих моншаға түсіп жатыр,

Ақиқатқа арқасын ысқылатып», – деген жыр жолдары еріксіз ойыма оралды. Әлгі біздің тарихтың арқасын ысқылап жатқан ақиқатымыз осы өлеңнің өзегінде тұр.

Президенттің Алаш көсемдері, ашаршылық шындығы, 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісі» туралы жаңа көзқарас, парасатты пайымдары сол кәрі тарихымыздың моншадан шығатын мезгілі жеткенін аңдатты маған. Әбден тазарған, барынша буланған біздің тарих жақын уақытта мұнтаздай болып төрімізге жайғасып қалар.

Алаш арыстарының алтын бесігі – Арқада. Көптен бері облыс орталығындағы Октябрь ауданына Алаш көсемі Әлиханның атын сұрап, ала алмай жүрміз. Кезінде «ұлы төңкеріске» баланған октябрьдің қазір жай ғана ай атауы болып қалғанын ескерсек, аудан атауы да ескіргені «соқырға таяқ ұстатқандай» анық дүние. Үш жарым ғасырдан бері буылып тұрған қазыналы қаптың аузы ашылғалы тұр. Мүмкіндік туды, білем. Бүгінгі Тәуелсіздік идеясының бастауында Алаш арыстарының ақтаңдақ тағдыры, аяулы арманы бар.

Бүгінгі Тәуелсіздіктің тамырында да, кешегі Алаш көсемдерінің арманында да тарихи тәуекел жатыр. Сонау бір жылы көкезулеу бір көкем айтып еді. «Алаш идеясы, Алаш көсемдері тарихтың жертөлесінен енді шықпайды» деп. Мен дауласқанмын. «Мезгілі жетеді. Экономиканы еңселендіріп, саясатты салмақтап алған соң, бұған бет бұрады ресми билік» деп. Кімнің жорамалы жолды болғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Тарихтың өзін қайта таразылап, жертөлесін тазалауға кірісеміз. Сол күн туды!

Ашаршылық. Біздің буын бұл нәубетті табиғи апат деп танып келген. Тарихшыларымыздың өзі осы бір зұлматты жылдардың лайықты бағасын беріп, құрбандарын санай алмай келген. Бір жазбамда: «ХХ ғасыр – қып-қызыл қиянаттың ғасыры. Алдындағы жаугершілік аласапыранын қоспағанның өзінде, бір ғана 1926-1959 жылдары қазақ халқының саны 27,1%-ға кеміген. Дала қазағының үштен бірі. Барлығы – қиянаттың құрбаны. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық 3 миллионнан астам адамды жалмаса, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессия 25 мыңнан астам асылымыздың тағдырын оққа байлады. Мұның барлығы – Кеңес заманы тарихшыларының кеңесіп, келтелеген статистикасы. Тәуелсіздік алғалы өз тарихшыларымыз да осы статистиканы шиырлап, шынайы дерек, тың көзқарастан көз жазып қалып жүргені жасырын емес. Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісі қазанымызды төңкеріп, қазақ даласындағы мал санын 40,5 миллионнан 4,5 миллионға кеміткенін (10 есеге) қалай ұмытармыз? Ендеше, ХХ ғасыр – қазақтың барын алып, бағын ұрлаған қанқұйлы ғасыр», – деп жазғаным бар-ды. Сол сөзім – сөз, осы пайымым – пайым. «Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады» деді Президентіміздің өзі. Ендеше, ұлт тарихының академиялық үлгідегі жаңа жинағын әзірлеуді міндеттеген Мемлекет басшысының тың мақсаты кешегі Желтоқсан ақиқатын да, Семей полигонының зардабын да, Тәуелсіздік шежіресін де тамырландырады. Бұл – әзірге үміт сәулесі. Үмітіміз ақталса екен!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button