Халық өнерінің айшығындай…
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі өзінің 85 жылдығын тойлап өтті. ХХ ғасырдың 30 жылдарының басында облыстық радионың жанынан қазақ хоры ашылып, бір топ өнерлі жастар, тума дарындар жиналған еді. Кейін хордың дүлдүл әншілері филармонияға шоғырланып, халық өнерінің шығармашылығын жоғары деңгейге көтеріп, ұжымның беделін асқақтатты. Содан бері филармония ғасырға жуық уақыт бойы халыққа мәдени қызмет көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда сол филармония концерттік бірлестік деген атауға ие.
Хор болып бастау алып, кейін филармония, ал бүгінгі күні концерттік бірлестік аты бар осы үлкен, қасиетті ұжымның тарихы өте терең, оның қабырғасында еңбек еткен әртістердің тағдыры әрқайсысы бір кітапқа арқау боларлықтай. Сол заманның қиын кезеңдерін бастан кешіріп, өмірдің әртүрлі соқпақтарын бас имей өткерген өнерлі жандардың есімдері қазақ мәдениетінің тарихында ерекше аталады.
Ең әуелі, әрине, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қали Байжановты атаймыз. 1936 жылы Мәскеуде өткен І өнер декадасына қатысқан ол 1938 жылы Қарағандыда филармония ашылғанда әнші болып орналасады. Академик Ахмет Жұбанов Қали туралы «Қазақтың классикалық ән орындау дәстүрінде біздің заманның орындаушылық мәдениетінен орын алатын жақсы үлгілері бар» десе, ал А.Затаевич «Қалидың дауысы жоғары баритон» деп баға берген.
Ол 1938 жылдан бастап, Қарағандыда ашылған облыстық филармонияда әнші болып қызмет етті. «Көмірлі қаланың бұлбұлы» атанған Алтын Алиева хордың құрамына 1935 жылы қабылданып, белді әншісіне айналады.
Мағауия Көшкінбаев 1938 жылы Қали Байжанов бастаған әншілермен бірге Қарағанды филармониясының ашылуына қатысқан. Майданға шақырту алып, одан 1945 жылы елге оралған Мағауия сол жылы филармонияға жұмысқа тұрады.
Ал, Мұхит Битенов жары Ақынмен бірге Қарағанды қаласындағы радиокомитет хорына 1937 жылы орналасады, кейін филармонияға ауысады. Орындаушылық шеберлігі ерекше Мұхитты музыка зерттеушілері, ғалымдар Алматыдан іздеп келіп, оның орындауындағы көптеген күйді таспаға түсіріп алған екен. Қазір Қазақ радиосының алтын қорында М.Битеновтің орындауындағы 21 күй сақтаулы тұр.
2023 жылдың 6 желтоқсаны күні осы аты аталған ұлы әртістермен бірге атақты Жаңыл Қартабаеваның, Қазақстанның халық әртісі Қосымжан Бабақовтың, қоңыр баритон дауысты Қазыбай Есімовтің, қазақтың халық әндерін, операдан арияларды әдемі тенор дауысымен келістіре шырқаған Ақатай Көпбаевтың, 1918 жылы Жұмат Шаниннің труппасында болып, кейін Қарағанды филармониясында ұзақ жыл еңбек еткен Жабай Тоғандықовтың, әлемдік классикаларды домбырада бірінші орындаған Мағауия Хамзиннің, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, әнші Мұқан Есуповтың шығармашылығына арналған шығармашылық кеш өтеді.
Сәрсенбінің сәтінде «Шалқыма» концерт залында 18:30-да өтетін кеште Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жеке орындаушылары мақалада аты аталған дарын иелері орындаған әндер мен күйлерді халыққа тарту етеді. Асылдарымызды бірге еске алайық.
Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
өнертанушы