Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Халық бірлігінің факторы

Кейінгі жылдары қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлін күшейтіп, оны этносаралық қатынас тіліне айналдыру бағытында нақты іс-шаралар атқарылуда. Бұл – мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесінен туындаған негізгі қажеттілік. Тіл саясаты – үздіксіз процесс. Тілдің жаңа бір кезеңге көтерілуін аз ғана уақыттың еншісіне тапсыруға болмайды. Ол үшін бірінші кезекте барлық азаматтар, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін сауатты түрде қолдана білуі қажет. Кез келген тұлға өзінің отансүйгіштігін ұраншыл сөзбен емес, берік азаматтық ұстанымымен, нақты істерімен дәлелдегені жөн. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар қоғамдық өмірдің барлық саласында тілдерді дамыту мен қолдануға және тілдік жағдаятты жақсартуға бағытталып келеді. Бүгінде елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік тіл саясаты әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілді меңгеруіне ғана емес, олардың өз ана тілін дамытуына, қалаған тілін үйренуіне жағдай жасап отыр. Әлбетте, тіл дегенде, ең әуелі, егемендік еншіміз – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен тұғырын сақтау әрі нығайту аса маңызды.

Осы тұрғыда, тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тарапынан облыста мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жасалуда.

Өткен жылы өңірде мемлекеттік тілді ілгерілету мақсатында облыстық арнайы іс-шаралар жоспары мен жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобының жиналыстары облыс әкімі, облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен бірнеше рет ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігінің жанынан құрылған, құрамында белгілі қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары бар Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия да өз жұмысын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жылына төрт рет өткізілетін комиссия отырысында қала, аудан әкімі аппараттарынан, мемлекеттік мекемелерден өзге облыс аумағындағы басқа да ұйымдарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, көрнекі ақпарат, ономастика, латын әліпбиіне көшу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Аймақтағы тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстарының ауқымды бір парасын тілдерді оқыту процесін ұйымдастыру құрайды. 2021 жылы қазақ тілін оқыту бойынша қазақ тіліне – 2482, ағылшын тіліне – 1987 адам қамтылды. Жылдан жылға мемлекеттік тілді оқуға ниет білдірген облыс тұрғындарының саны артып келеді. Кейінгі жылдары өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді оқып-үйренуге деген құлшынысы да артуда. Мәселен, өткен жылғы оқыту орталықтары мен курстарға қамтылған тыңдаушылардың 62,4%-ын өзге этнос өкілдері құрады.

2021 жылдағы қазақ тілін дамытудағы жаңа бастаманың бірі – республика көлемінде бірінші болып халыққа қызмет көрсету ұйымдары және кәсіпкерлік салалары қызметкерлерінің тілдік сауаттылығын артыру мақсатында қысқа мерзімдік (1 ай) курс әдістемесі даярланып, оған облыс бойынша 748 адам қамтылды. Облыс орталығындағы қысқа мерзімді оқыту курстары «Абзал», «Проспект», «Таир» және т.б. сауда үйлерінде ашылған қазақ тілін оқыту кабинеттерінде ұйымдастырылды. Арнайы осы сала қызметкерлері үшін оқу-әдістемелік кешені: А-1 деңгейлі оқулығы, электронды дискісі және QR-кодталған сілтемесі бар арнайы плакаттар жасалды, плакаттар ірі сауда үйлерінің ғимараттарында орналастырылды. Арнайы онлайн таныстырылымы өткізілген оқу-әдістеме кешені облыс пен республика көлеміндегі барлық оқыту орталықтарына таратылды. Қазақ тілін ілгерілету бағытында мемлекеттік қызметкерлердің тіл білу деңгейін арттырудың маңызы зор. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілдегі кіріс-шығыс құжаттарының үлесіне тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі кіріс құжаттарының үлесі – 69,2%, шығыс құжаттарының үлесі – 94,4% құрады. 2020 жылғы есептік кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік тілдегі шығыс құжатының үлесі 2,8%-ға артты. Көрнекі ақпарат пен жарнаманың қоғамдық санаға әсер ететінін ескерсек, оның заңнама талаптарына сай сауатты ресімделуі де маңызды. Шыны керек, кәсіпкерлік субъектілеріне тексерісті шектеу салдарынан жеке кәсіпкерлер тарапынан тіл заңнамасының талаптарын, қазақ тілінің нормаларын өрескел бұзу деректеріне жиі жол беріледі. Сондықтан, осы кемшілікті болдырмау, оның алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру, тиісті әдістемелік көмек көрсетуге басымдық берілген. Есептік кезеңде ұйымдастырылған көрнекі ақпарат пен жарнамалардың тілін жүйеге келтіру бағытындағы рейдпен қамтылған 11 805 нысанда анықталған 4 130 заңбұзушылықтардың 2 818-і (68%) түзетілді. Жыл ішінде барлық қала мен аудандарда кәсіпкерлер палатасымен бірлесе кәсіпкерлерге арналған 392 шара (семинар, кездесу, жиын, т.б) ұйымдастырылып, оған 3330 адам қамтылды. 18075 дана ақпараттық парақша мен 10 мыңнан астам «Тілашар» қысқаша сөздіктері таратылды. Басқарма мен өңірлердегі осы салаға жауапты бөлімдер жанынан құрылған «Жедел желі» («Callcenter») қызметі арқылы келіп түскен 6310 сұраныс бойынша тегін аударма жасау және әдістемелік көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» және «Жарнама жедел желісі» («JJJ») жобалары аясында 18 жарнама агенттіктері, баспахана, полиграфиялық қызмет көрсетушілермен байланыс орнатылып, 2 мың нысанға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, 805 кәсіпкерге көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндеріне көмек көрсетілді. Бүгінде ұлттық кодымызды, тарихи жадымызды жаңғырту мақсатында өңіріміздегі жер-су атауларын мемлекеттік идеологияға сай біріздендіру, көше мен мекеме атауларын жүйелеу жұмысының өзектілігі артып отыр.

Облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша атаулар – 50 (8,3%), құрамдас бөліктер – 470 (10,5%) құрап отыр. Есептік кезеңде облыста 2 елді мекен, 91 көше және 26 мекеменің атаулары ауыстырылды. Оның ішінде Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімінің берілуі – нағыз тарихи оқиғаға айналды. Алдағы уақытта облыстағы ономастикалық жұмыстар «Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған» Жол картасына сәйкес жүргізілетін болады. Облыстағы тілдік ахуалды одан әрі жақсарта түсу мақсатында бүгінде алдымызда тұрған үлкен міндеттердің негізгісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өмірге келген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бастамасы.

2021 жылы облыс аумағында қазақ тілін латын графикасына көшірудің кешенді жұмыстары аясында елге есімдері кеңінен танымал тілші ғалымдар, қоғам қайраткерлері және тіл жанашырларымен бірлесе 16 976 адамды қамтыған 894 ақпараттық-түсіндіру, дағдыландыру шаралары (тренинг, курс, вебинар, онлайн дәрістер циклі т.б.) ұйымдастырылды.

Қоғамдық сананы жаңғырту ұлттық мұраны, оның ішінде қастерлі тіліміздің тұғырын одан әрі биіктете түсумен және оны ұрпақ кәдесіне жаратумен тығыз байланысты. Сондықтан, негізгі құндылықтарымызды дәріптеп, оны өскелең ұрпаққа аманат ету – басты парыз. Облыста тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, тіл мәдениетін арттыру, жас дарындарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында рухани-мәдени, қоғамдық маңызды шаралар түрлі байқаулар тұрақты ұйымдастырылады. Өткен жылы облыс көлемінде тіл саясатына қатысты жалпы саны 1352 іс-шара өткізілді. Оның ішінде, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау салтанаты, Қасым Аманжоловқа арналған республикалық мүшәйра, Ақселеу Сейдімбекке арналған облыстық жас қаламгерлер байқауы, үш тілді меңгерген жастарға арналған «Тілдарын» облыстық байқауларын атап өтуге болады.

Атқарылған шаралардың барлығы БАҚ, әлеуметтік желілерде көрініс табуда. Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын іске асыру бойынша облыстық медиа-жоспар аясында жыл басынан барлығы 3285 материал жарық көріп, жаңа тележобалар – салт-дәстүрді тану, тіл байлығын арттыру, тарихи тұлғалар мен көрнекті орындарды насихаттауға арналған «Ой-өріс» зияткерлік телеойыны мен тіл саясатына белсене үлес қосып жүрген тұлғалармен сұхбатқа арналған «Мәміле» телебағдарламасы қолға алынды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, адамзат тарихының сандаған ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі көрсеткендей, тіл қашанда қоғам өмірінің айрықша назарында тұратын құндылық. «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған бабаларымыз ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені, тіл мәселесі – сол тілде қарым-қатынас жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын мәңгілік мәселе. Ендеше біз тұтас елдің түпқазығына айналып, ұлтты ұйыстырушы күшке ие болып отырған мемлекеттік тіліміздің абыройын асқақтатып, этнос тілдерінің дамуына қолдау көрсетуге, оларды оңтайлы үйлестіруге, этносаралық келісім мен татулықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін нақты шараларды жалғастыра беруге тиіспіз.

Гүлнәрайым ҚАҢТАРБЕКОВА,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button