Балқаш

Халықаралық орталық – Балқашта

Балқаштық жас кәсіпкер Оралхан ДӘУЛЕТҰЛЫ Біріккен Ұлттар Ұйымының жобасы аясында «International Language Centre» Халықаралық тілдер орталығын ашты.

Балқаш қаласында тұңғыш рет ашылған халықаралық тілдер орталығы бес тілді еркін меңгеруге мүмкіндік туғызып отыр. Тіл үйрету барысында ағылшын, түрік, неміс, қытай, корей тілдерін топқа бөліп оқытады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасы балаларына тіл сабағы тегін ұйымдастырылады. Орталық жас ерекшелігіне қарамастан барлық ниет білдірушілерді оқытпақ.

– Жалпы, бірнеше тілді меңгеру – заман талабы. Адам баласының рухани байлығы, тəрбиесі, білімі – бəрі де тіл арқылы жетіледі. Мен 2017 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Бірінші бірнеше тілді меңгеру керектігін жете түсіндім. «Barlanum English Center» ағылшын тілі орталығын және мектептер аштым. «Үміт үзбе» қайырымдылық қорын ұйымдастырып, шет елге балаларды емдетуге көмек көрсеттім. Орталық ашуға Балқаш қаласының таңдалуы кездейсоқтық емес. Туған қаламның халқына қызмет жасауды жөн көрдім. Орталықта 17 қызметкер бар. Олардың оны – еріктілер, жетеуі – мұғалімдер. Әзірге, ағылшын, түрік, корей тілдерін 40 бала үйреніп жатыр. Топ толыққан соң қытай және неміс тілінде үйретеміз, – дейді Оралхан Барлан.

Сонымен қатар, орталықпен Балқаш қаласының жастар ресурстық орталығы бірлесіп жұмыс жасауда. Мақсат – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жолға қойылған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру.

– «Қайырымды істер марафонын» балқаштықтар қызу қолдап отыр. Аталған жоба ел тұрғындарын ізгілікке, мейірімділікке үндеп, қайырымды істер жасауға шақыруда. Қарағанды облысының жастар саясаты басқармасының бастамасымен облыс бойынша «Қайырымды ұрпақ» акциясын өткізіп жатырмыз. «International Language Centre» Халықаралық тілдер орталығына біз өз кезегімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды, көпбалалы отбасының балаларын шақырып, тегін оқуына мүмкіндік жасаймыз, – дейді Балқаш қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Бекқайыр Нығыметов.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button